Саясат • 06 Қазан, 2023

Теңіз бен Қашағанды дамыту мәселесі

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов «ЭксонМобил» компания­сының аға вице-президенті Джон Уиланмен кездесті.

Теңіз бен Қашағанды дамыту мәселесі

ФОТО: inbusiness.kz

Тараптар болашақта Теңіз кен орнында басқару жобаларын іске асыруды, Қашаған кен орнын одан әрі игеру жоспарларын, сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа жеткізу және газ бөлу кешенін салу мәселелерін талқылады.

Үкімет басшысы ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамтуды арттыру экономиканың базалық салаларын дамытудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты ол операторлардың қажеттіліктері үшін өнім шыға­руға мүдделі жергілікті өнді­рушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға шақырды.

«Бұл қазіргі уақытта импортталатын мұнай-газ машина жасау өніміне деген қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді»,  деді Әлихан Смайылов.

Жалпы, Премьер-министр Үкімет бірлескен жоспарларды іске асыру шеңберінде компания­мен сындарлы диалогке әрқашан ашық екенін атап өтті.

Өз кезегінде Джон Уилан «ЭксонМобил» Қазақстанда өз өкілдігін ашқан шетелдік халық­аралық мұнай ком­па­нияларының арасында ал­ғаш­қылардың бірі болғанын еске салды.

«Бүгінгі таңда біз респуб­ликаға 28 млрд доллардан аса инвестиция салдық, бұл бізді ең ірі шетелдік инвесторлардың біріне айналдырады. Қашаған, Теңіз және Каспий құбыры консорциумы сияқты ірі жоба­лардағы бұрыннан келе жатқан серіктес бола отырып, біз екі­жақ­ты байланыстарымыз бен стратегиялық серіктестігімізді одан әрі нығайта түсеміз деп үміт­тенеміз», деді ол.