Президент • 06 Қазан, 2023

Мұғалім болу – қастерлі міндет

472 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Елордада І республикалық педагогтер съезі өтті. Келе­лі жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Сон­дай-ақ маңызды іс-шара­ға еліміздің әр өңірінен 700-ден аса педагог жиналды. Алқалы басқосуда білім беру жүйесіндегі өзекті мә­се­лелер мен оның тиімді ше­шімдері айтылып, үздік педагогтер марапатталды.

Мұғалім болу – қастерлі міндет

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

5 мың педагог жетіспейді

Республикалық педагогтер съезін ашқан Президент әуелі білім беру саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Кейінгі төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, ең алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.

вп

Президенттің айтуынша, жаңа дәуірде мектептің жағдайы мем­лекеттің дамуына тікелей ық­пал етеді. Ал мектептің қан­дай болмағы ұстазға байланыс­ты. Бүгінде педагогика сала­сы ғылымның ең маңызды тар­ма­ғының біріне айналды. Сон­дықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көз­қарас қажет. Заманауи техно­ло­гияның көмегімен білім беру жү­йесін жедел әрі тиімді жаң­ғыр­туға болады. «Білім сала­сын ең үздік халықаралық стан­дарт­тарға сай дамыту керек. Мұғалім­дер­дің қажырлы еңбегі және оқушы­лардың дарыны мен талабы нақты жемісін беріп келеді. Өрендеріміз ширек ғасырда әлемнің ең беделді пән олимпиадаларынан 12 мыңға жуық медаль иеленді. Бұл – Израиль, Түркия, Канада сияқты білім сапасы жоғары мемлекеттермен шамалас көрсеткіш. Осының бәрі – педагогтердің табанды ең­бектенгенінің жемісі.

Түрлі қиындыққа қарамастан, міндетін адал атқарып келе жат­қан барша ұстаздарға алғысын білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына қатысты бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.

– Бірінші мәселе. Ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек. Мағжан Жұмабайұлы «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген. Халқымыз келешектің кілті білімде екенін терең түсінген. Сол себепті ұс­таз­ды ерекше қадірлеген. Пе­дагог – ұлттың жаңа сапасын қа­лып­тастыру үдерісіндегі ең ма­ңыз­ды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті маман­дармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мек­теп­терімізде мамандар тапшы. Бүгін­де елімізде 5 мың педагог же­тіс­пейді. Бұл көрсеткіш жыл­дан-жылға артып барады. Ал педа­гогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қо­са мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даяр­лау және олардың білік­тілігін арттыру тәсілдерін түбе­гейлі өзгертуді қажет етеді. Жоға­ры оқу орындарындағы пе­д­а­го­гикалық мамандықтарға қа­тыс­ты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрын­ғы әдістемелерге негіздел­ген. Заманауи тәсілдер мен техноло­гияны енгізе отырып, оқу бағ­дар­ламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, жоғары курс студенттерінің педа­гогикалық тәжірибесіне айрық­ша мән беріледі. Болашақ мұғалімдер нақты білім беру үдерісіне барынша терең бойлау үшін жоғары оқу орындары мектептермен тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс істеуі керек. Жыл сайын елімізде магистр дәрежесін алған біліктілігі жоғары педа­гогтердің қатары артып келеді. Қазіргі таңда олардың саны 21 мыңнан асты. Олар – білім беру ісіне озық әдістерді енгізе алатын кәсіби мамандар. Жаңа типтегі білім беру ұйымдарының болашақ басшыларының негізгі құрамы осындай мамандардан жасақталады.

вап

– Жалпы, педагогтердің білік­­тілігін бағалау және арттыру жүйесін жаңғырту қажет. Соны­мен қатар салалық министр­лік білік­­тілік талаптарын жиі өзгер­­ту арқылы оқытушыларға қысым жасауды тоқтатуы керек. Ойы­на не келсе, соны істейтін шенеу­нік­тердің жүгенсіздігіне тосқауыл қойған жөн. Мұғалімдер тыныш, тұрақты және алаңсыз жұ­мыс істеуге құқылы. Педагог кадрлар­дың 60 пайызға жуығы өңірлік жо­ғары оқу орындарында даярланады. Сондықтан өңірлер деңгейінде жас мұғалімдерді қолдаудың маңызы зор. Әкімдер пе­дагогтерді даярлау және жұ­мысқа орналастыру үшін қо­лай­лы жағдай жасауы керек, – деді Президент.

 

Мектеп ең қауіпсіз орынға айналуға тиіс

– Екінші мәселе, балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеріп отыр. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан-жылға қарқын ала беретіні сөз­сіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмас­тырады деген болжам айтады. Сондықтан азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үй­ренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет. Бұрын «алған дипломың өмір бойы азық болады» деген түсінік бар еді. Енді оның орнын «Өмір бойы оқы және үйрен» деген қағида басуы керек. Қазір жұмыс берушілер үшін, ең бас­тысы, диплом немесе сертификат емес. Олар іздене білетін, жаңа талапқа икемделе алатын, тәртіпті әрі ұқыпты жас мамандарды бағалайды. Яғни қызметкердің қолындағы қағазға емес, қарым-қабілетіне мән береді. Сондықтан әр азамат үздіксіз оқуы керек. Осындай білімге құштарлықты баланың бойына мектептен бастап сіңіру қажет. Яғни балаларымыз білікті маман болсын десек, ең алдымен, орта білім сапалы болуы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші мәселе ретінде мектептегі орын тапшылығын жоюға тоқ­талды. Адам капиталы – ең бас­ты байлық. Халқымыздың саны 20 миллионға жуықтап қалды. Елімізде жыл сайын 400 мыңнан аса бала дүниеге келеді. Демек, мектепке баратын бүлдіршіндер саны артады. Оқушылардың да жалпы саны екі есе көбейеді. Алдағы үш жылда 1 миллионнан астам жеткіншек студент атанады. Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Алайда демографияның өсу қарқыны білім беру жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Қазір­дің өзінде мектеп тапшылығы ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 2 300-ге жуық мектеп салын­ды. Соның нәтижесінде төрт ауы­сыммен оқытудан арыл­дық. Дегенм­ен «үш ауысыммен» оқу жүйесі әлі күнге дейін сақталған. Көп­теген мектептің техни­калық жабдығы ескірген. Осы мәселенің бәрін жоспарлы түрде шешу қажет.

– Менің бастамаммен елі­мізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде барлық аймақта, соның ішінде ауылдық жерлерде жүздеген білім ордасы салынады. Соның нәтижесінде үш ауысыммен оқытудан біржола құтыламыз. Жақында ғана мен еліміздің кәсіпкерлерімен кездесу барысында қайырымды­лық ретінде облыстарда, қалалар­да мектеп салу керектігі туралы мәселені қозғадым. Бұл – азаматтық жауапкершілік деген сөз. Сондықтан кәсіпкерлеріміз осы жұмысқа белсенді түрде кіріседі деп ойлаймын. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық үшін жауапқа тартылғандардың заңсыз тапқан табысы мектеп салуға жұмсалып жатыр. Қазірдің өзінде 13 мектеп салынды. Жыл соңына дейін тағы да 33 мектеп бой көтереді. Жаңа мектептердегі білім беру деңгейі жоғары болуы керек, – деді Мемлекет басшысы.

пв

Бұл – Президент мән берген төртінші мәселе. Мектепте балалар өздерін қай жағынан да жайлы сезінуі керек. Бөгде адамдарды мектепке кіргізуге болмайды. Сондықтан білім ошақтары­ның бәріне дабыл қағу, бейнебақылау жүйесі орнатылады. Жақында Астана мектептерінің бірінде оқыс оқиға болды. Оқушы ауыр жарақат алды. Бұл жағдай білім ошақтарында қауіпсіздік талаптары толық сақталмайтынын көрсетіп отыр. Әсіресе көп жыл бұрын салынған ескі мектеп­тер талапқа сай емес. Министр­лік әкімдіктермен бірлесіп, мек­теп­тердің қауіпсіздігін толық тек­серуі керек. Сондай-ақ жаңа мектептердің жобасын жасағанда бұл мәселе мұқият ескерілуге тиіс.

Президент атап өткендей, оқу­шылардың бір-біріне әлім­жеттік, тіпті, зорлық көрсетуі тыйылмай отыр. Соның кесірінен олар өз-өзіне қол жұмсауға дейін барып жатыр. Буллинг балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына және олардың жан дүниесіне орны толмас зиянын тигізеді, даму үдерісіне кері әсер етеді. Балалардың әлеуметтік ортадан шеттеп қалуына, ой-санасы­ның бұзылуына әкеп соқтыра­ды. Мемлекет баланың құқығы мен қауіпсіздігінің қорғалуын қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ буллингке біржола тосқауыл қоюы қажет.

– Кейінгі уақытта маған зор­лық-зомбылық көрген бала­лардың ата-аналарынан өті­ніштер келіп түсіп жатыр. Жас­өспірімдердің қыл­мыстық пси­хологиясы мен кейбір мұға­лімдердің немқұрайлығының құрбаны болған балалардың жай-күйі жүректі ауыртады. Мен Президент әкімшілігіне қыл­мыс жасағандарды заң жүзінде жазалау үшін осындай жағ­дайлардың бәрін айрықша бақылауға алуды тапсырдым. Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура балалардың қауіпсіздігіне қатысты өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруға тиіс. Бала құқықтары жөніндегі омбудсмен мұндай жағ­дай­лардың бәрін тіркеп, маған баян­­дауы қажет. Қатаң шара қол­данамыз. Мек­тептерде зорлық-зом­былық жасау­шыларды бас­қа жол­мен тоқ­тату мүмкін емес. Білім ошақ­тарын­да қылмыстық пси­хо­л­огия­ның таралуы секілді келең­­сіз­­дік­ті түбірімен жою керек. Сон­дықтан осы жиынға Ішкі істер ми­нистрі мен Бас прокурордың бірін­ші орынбасарларын арнайы шақырдым. Тапсырманың орын­далуын талап етеміз. Мен кәме­летке толмағандарға зорлық-зом­бы­лық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырдым. Бұл бастама жақын арада жүзеге аса­ды. Барша ата-анаға айтарым: балаларыңыздың зор­лық-зом­бы­лық жасауына, қо­ғам­дық тәртіп­ті бұзуына жол бер­меңіздер. Әсі­ресе олар­ды мұғалімдердің алдын­да қор­ға­маңыздар. Баланың беті­нен қақ­паймын деп, оның теріс қылық­тарына көз жұма қараудың соңы ке­ле­шекте қайғылы жағдай­ға әкеп соқтыруы мүмкін, – деді Президент.

 

Білім сапасындағы теңсіздік жойылады

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйт­кілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланыс­ты туындады.

– Ауыл мектептерін зият­керлік, сондай-ақ қоғамдық орта­лық ретінде дамыту маңызды. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдық­тау қажет. Ауыл мектептерінің кі­тап­ханаларын дамыту мәселе­сіне баса мән берген жөн. Кітап­ханада қажетті кітаптың бәрі болуы керек. Яғни әдебиет қала және ауыл оқушыларына бір­дей қолжетім­ді болуға тиіс. Бала­ларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту керек. Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамастан, барлық баланың сапалы білім алуға қақы бар, – деді Президент.

– Білім беру үдерісін цифр­ландыру қарқынын жеделдету маңызды. Шын мәнінде, Қазақ­станда әлемнің беделді оқу орындарымен бәсекелесе алатын мықты мектептер бар. Бі­рақ ондай білім ошақтарында бала­ларымыздың жүзден бір бөлігі ғана оқиды. Ал цифрлық шешімдер озық педагогика­лық тәжірибені тез әрі тиімді түр­де кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаз­дарының материалдарымен және сабақтарымен қамта­масыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет. Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктеле­тін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының мә­лім­деуінше, жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформация жұмыстарын жүргізу керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуға тиіс. Бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қол жетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек.

– Осы орайда мен қайырым­дылықпен айналысатын азаматтарды, ең алдымен, ауыл мек­тептеріне көмектесуге шақы­рамын. Мұғалімдерді негізгі цифрлық құралдарды қолдана білуге үйрету маңызды. Әрбір ұстаз тек өз пәнін жетік біліп қана қоймай, кең мүмкіндіктерге жол ашатын заманауи технологияларды да меңгеруге тиіс. Оқу үдерісінде цифрлық шешімдерді қолдану қалыпты жағдайға айналды. Қашықтан оқыту жүйе­сін белсенді түрде енгізу қажет. Дәстүрлі және онлайн форматтарды ұштастыру балалардың ақпаратты өз бетінше іздеу дағдысын дамытып, мектептегі ортаға бейімделу мүмкіндіктерін сақтауға ықпал етеді. Қашықтан оқыту көптеген елде сәтті қол­данылып келеді. Пандемия кезін­де бізде де осындай тәжірибе болды. Онлайн оқыту жүйесін одан әрі дамыту үшін тиісті құқықтық негіз қалауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, оқушыларға озық біліммен қатар өнегелі тәрбие беру де маңызды. Мемлекеттің тірегі – адал азаматтар. Елімізде осы қағидаға негізделген жаңа қоғамдық этика орнығуға тиіс. Мектеп ізгілік қағидаларын, адам­затқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы керек. Жас ұрпақ әділ, адал, үнемшіл, ең­бекқор, білімпаз, отаншыл әрі жанашыр болуға ұмтылғаны абзал. Ұлттың жаңа сапасы де­геніміз – осы. Тәрбие ісінде ұлт­­тық педагогика бастауларын да назардан шығармаған жөн. Балаларымыздың бойына қазақ­тың салт-дәстүрі мен құн­ды­лықтарын сіңіру аса маңызды. Хал­қымыз қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете біл­ген. Қадір-қасиет, абырой, парыз секіл­ді ұғымдарға атүсті қара­маған. Яғни төл мәдениетіміз де жастар тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Еңбекқорлықты дәріп­теу үшін балаларды жастайынан еңбекке баулу қажет.

– Мен қоғамда жиі талқыла­натын тағы бір мәселеге тоқтал­ғым келеді. Қазақстан – Консти­туция бойынша зайырлы мемлекет. Бұл қағида барлық жерде, соның ішінде білім беру мекемелерінде қатаң сақталуға тиіс. Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұ­рыс деп санаймын. Ең бастысы, көз­қарасы айқын, санасы сергек әрі дәстүрге берік ұрпақ тәрбиелеу керек. Жалпы, зайырлы деген сөздің мазмұны терең, өте ауқым­ды. Халқымызға қатысты айтатын болсақ, бұл – салауатты өмір салтын ұстану, прагматикалық көзқараста болу және дәстүрлі дінімізге, ұлттық сананы арқау еткен салтымызға шынайы құрмет деген сөз. Білім беру саласының алдында ауқымды міндет тұр. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Әрбір бала мектептен сапалы білім алып, жақсы адам, адал азамат болып шығуы керек. Бәріміз осы маңызды мақсат жолында табанды еңбек етуіміз қажет. Ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген. Сіздер осы қастерлі миссияны әрдайым абыроймен атқарасыздар деп сенемін. Мемлекет ұстаздардың мәртебесі, беделі жоғары болуына әрдайым баса мән береді, – деп аяқтады сөзін Президент.

 

Үздік ұстаздарға құрмет

Мемлекет басшысы өз баяндамасынан кейін үздік жетістіктері және елге сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар мұғалімге «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын берді. Аталған марапат еңбек ардагері Майра Мәмбетоваға (Алматы қаласы), Қожаберген жырау атындағы орта мектептің мұғалімі Айжан Қапезоваға (Петропавл қаласы), С.Әбдіжаппаров атын­дағы жалпы орта мектеп-интер­натының мұғалімі Роза Сали­моваға (Түркістан облысы), А.Бай­тұрсынұлы атында­ғы мек­теп-гимназияның мұғалі­мі Сәбира Күлпейісоваға (Қара­ған­ды қаласы), академик Қ.Сәт­баев атындағы мектеп-балабақ­ша оқу-тәрбие кешенінің мұға­лімі Сәбит Ибадуллинге (Пав­ло­дар облысы), Райымбек батыр атындағы №50 «Қазға­рыш» мектеп-лицейінің мұғалі­мі Айгүл Ержановаға (Аста­на қаласы), Ақтөбе облыс­тық ма­ман­дан­дырылған «Бі­лім-инновация» лицей-интер­на­ты­ның мұғалімі Баян Базарғалиеваға салтанатты түрде табысталды.

Өз кезегінде Оқу-ағарту ми­нистрі Ғани Бейсембаев білім беру саласын дамытуға бағыт­тал­ған бірқатар жұмысқа тоқталды.

– Биыл алғаш рет педагог­тердің кәсіби мерекесі – Мұғалімдер күні 5 қазанға бекітілді. Бұл мереке ең асыл, жауапты әрі маңыз­ды мамандық иелерін бірік­тіре түсері сөзсіз. Бүгінгі таңда еліміздегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру саласында 500 мыңға жуық педагог жұмыс істейді. Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселелердің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру туралы шешім қабылданды. Төрт жыл ішінде педагогтердің еңбекақысы екі есе өсті. Бүгінде 220 мыңдай мұғалімге тағайындалған санаттарына қарай 50 пайызға дейін үстемақы төленіп отыр. Осы жылдың қыркүйек айынан бас­тап мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек ететін 97 мың педагогтің жалақысы тағы 30 пайызға өсті. Сонымен қатар биыл алғаш рет 90 мыңнан астам педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті, – деді министр.

Сала басшысының сөзіне сүйенсек, қазір мұғалім­дерді аттестаттау үдерісі жетіл­діріліп жатыр. Білім беру жүйесінің үздіксіз дамуы үшін барынша жағдай жасау керек. Әрбір ұстаздың еңбегі шәкірттерінің жетістігі­мен бағалануы керек. Бұл үшін мұғалімдерді ұлттық платформа негізінде аттестаттауды автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол объективті әрі ашық болуға тиіс. Педагогика және оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Мұғалімнің кәсіби құзыреттілігі тек модератор мен сарапшыға ауысқан кезде ғана өз пәні бойынша бағалана­ды. Еліміздің үздік мұғалімдері «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» республикалық кадр резервіне қабылдана алады. Ал ең мықтылары «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтуге жіберіледі.

– Біз қазіргі мұғалім имиджін, халық дәріптейтін «ұстаздың орны – төр» бейнесіне дейін қайта көтеріп, жаңғыртуға міндеттіміз. Осы мақсатта министрлік білім саласында 30 және одан да көп жыл еңбек еткен мұғалімдерді «Еңбек ардагері» медалімен марапаттау туралы шешім қабылдады. Алғаш рет Республикалық педагогика қызметкерлерінің ардагерлер кеңесі құрылды. Мұндай кеңестер еліміздің әр аймағында құрылады. Осы жасалған шаралар сіздердің еңбектеріңіз­ге, кәсіби шыңдалуларыңыз­ға қолайлы жағдай туғызып, балаларымыздың білім сапасын арттыруына себеп болатынына бек сенімдімін. Бізге бүкіл қоғамның тәрбиелік миссиясы жүктелді. Біз, ұстаздар, еліміздің оң имиджін насихаттайтын, саналы да толерантты, заманауи ұрпақ қалыптастырудың қозғаушы күшіне айналуға тиіспіз. Мектеп – жай ғана оқу орны емес, ол балаларға өмірдің ең маңызды құндылықтарын сіңіретін орын. Олар жоғары мәдениетке, отансүйгіштікке, еңбексүйгіштікке сусындап, өз еліне ризашылығын түсіне білу керек. Бұл үшін біз, ұстаздар, санамызды өзгертіп, даналық пен тектілік, жақсылық пен шығар­машылық адамына айналуымыз керек, – деді Ғ.Бейсембаев.

Президент пен жиналған жұртшылықтың алдында сөз алған бірнеше педагог мұғалім мамандығының маңызы мен білім беру саласындағы өзекті мәселе­лер туралы баяндады. Атап айтқанда, Павлодар қалалық А.Байтұрсынұлы атындағы инновациялық типтегі орта мектеп директорының орынбасары Әсет Серікбаев мұға­лім болу мамандық қана емес, өмір сүру салты екенін жеткізсе, Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Қаратоғай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұға­лі­мі Фариза Мұқан: «Ауылдық жердегі мектеп – ауылдағы ең басты әлеуметтік орта», дейді. Ал А.Сейдімбек атындағы Астана қалалық №54 мектеп-лицейі директорының орынбасары Қайрат Мұқашев «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві жобасының маңызына тоқ­тал­са, Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы Қазақ педагогикалық колледжі­нің оқытушысы Анастасия Кравченко ұстаз мәртебесі елі­міз­дегі әр мұғалімнің кәсіби шебер­лігіне байланысты екенін айтты.