Фото: olympic.kz
Егіздің сыңары, әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Азия біріншілігінде үш мәрте топ жарған Жәмиланың қазақ спортының тарихында жылнаманы жаңалайтын сәті туып тұр. Олай дейтініміз, еліміздің спортшылары жазғы Азия ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Әйелдер күресінен 30 жылдың ішінде жазғы Азия ойындарында қыздарымыз тек бір рет чемпион атанды. 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарында Елена Шалыгина алтын медаль иеленді. Содан бері арада бір мүшелден аса уақыт өтті, қыздарымыз қайрат таныта алмай келеді. Еленаның Ресейден келгенін ескерсек, Жәмила барын салса, қазақ спортының тарихында жазғы Азия ойындарының алтынын алған алғашқы балуан атанары сөзсіз. Дегенмен қарсыласы да оңайдан емес, намысты қайрау керек қалайда.