Суретте: Жәңгір хан университетінің арнайы питомнигіндегі құралайлар
Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі киік санын реттеу үшін биологиялық негіздеме жасауды Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетіне тапсырған екен. Біз университеттің ғылым жөніндегі проректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әлжан Шәмшідінге жолығып, ақбөкен саны елімізде қалай реттелетінін сұрадық.
– Қандай да бір тағы жануардың санын қолдан реттеу – әлемде де, елімізде де бұрыннан бар нәрсе. Сондықтан оған үрке қараудың жөні жоқ. Бұл – ең алдымен қауіпсіздік үшін, эпизотологиялық ахуалды сауықтыру үшін қажет дүние. Қазіргі жағдайда ақбөкен шағын аумақта тым көбейіп, үй малымен араласып кеткендіктен түрлі жұқпалы ауру тарауы, тұрғындарға қауіп туындауы әбден мүмкін. Сондықтан біздің университет ғалымдары киік санын реттеу бойынша негіздемені жасап, ұсынып отырмыз, – дейді Әлжан Смайылұлы.
Кейінгі бірнеше жылдан бері киік мәселесімен терең айналысып жүрген жергілікті ғалымдар Орал популяциясындағы кейбір жағдайға алаңдап отыр.
– Дәл қазіргі жағдайда киіктің қоңы қысқа дайындық кондициясына жеткен жоқ. Арық. Қайдан жетсін, өңірде шөп жоқ, мал азығы тапшы. Қазір Орал популяциясында ресми мәлімет бойынша 2 млн ақбөкен бар десек, олар бір күнде 12 мың тонна шөп жейді. Биыл бұл аймақтағы фермерлердің өзі мал санын қысқартуға мәжбүр. Өйткені шөп жоқ, мал азығын ақшаға да таба алмай отырғандары бар. Олар амалсыз малын сояды, сатады, қыстаққа аз мал қалдырады. Ал киік қайда кетеді? Арық-тұрақ жануар алдағы қыста қырылып қалуы әбден мүмкін. Себебі мұндағы киікке қажетті миллиондаған тонна мал азығы жоқ, – дейді Ә.Шәмшідін.
КСРО кезінде жыл сайын киіктің 20 пайызы өндірістік мақсатта ауланып, саны реттеліп отырған. Ал 1974-1976 жылдары киік егіс алқаптарын бүлдіре бастағанда тіпті 35-39%-ға дейін жойылған. Яғни 1974 жылы – 344 мың, 1975 жылы – 501 мың, 1976 жылы – 321 мың ақбөкен ауланған. Осыдан кейін жануарлардың саны екі есе азайып, 1979 жылы киікті өндірістік мақсатта аулау уақытша тоқтатылыпты. Бірақ 1984 жылдан кейін қайта қолға алынып, 1999 жылға дейін жалғасқан.
Елімізде ақбөкен таралған үш аймақ бар, соған сәйкес Бетпақдала, Үстірт және Орал популяциясы деп аталады. Көпжылғы зерттеулер нәтижесіне қарағанда Үстірттегі киік саны 1980 жылдары 265 мыңға дейін жеткен екен. Алайда дәл қазір киіктің бұл тобында 39,7 мыңдай ғана бас бар. Яғни Үстірт популяциясындағы киіктерге әзірге ешкім тиіспейді. Биологиялық реттеу Бетпақдала мен Орал популяциясына ғана қатысты.
Биылғы санақ кезінде Бетпақдала тобында 745,3 мың бас киік есепке алынған. 1970 жылдардың басында ең көбейген кезінде бұл топтағы ақбөкен саны 850-995 мыңға жеткен екен. Бірақ 1980 жылдары жүйелі реттеліп отырған кезеңде Бетпақдала киіктерінің саны 323-480 мың бас аралығында тұрақты болған.
2023 жылғы көктемгі әуе санағының қорытындысы Еділ мен Жайық арасында 1,13 млн бас киік жүргенін көрсеткен. Мамандар кейінгі 100 жылда Ақжайық өңірінде ақбөкен саны мұншалық көбеймегенін айтады. 1980 жылдары Орал популяциясындағы киік саны 140-265 мың аралығында болған. Биологиялық негіздемеге сай жылына 20%-ын жойып отырғанның өзінде Батыс Қазақстан облысындағы киік санын қалыпты деңгейге жеткізу үшін бірнеше жыл қажет.
Сонымен, киік саны қалай реттелмек? Әуел бастан киікті өндірістік мақсатта аулаудың екі тәсілі бар. Бірі – мылтықпен ату, екіншісі – кораль торларымен қамап ұстау. Ату түнде жүргізіледі, күшті жарық прожекторлармен жарақтандырылған көліктер киік шоғырланған жерге жақындап, жануардың көзін шағылыстырып, жарық түсіреді. Сол кезде жартылай автоматты қарулы аңшылар үйірге жақындап барып, К-8,5 картеч оқпен ата бастайды. Осы әдіспен 3-4 адамдық бригада бір түнде 100-150 бас киікті жоя алады екен.
– Дегенмен біздің ғалымдар киікті кораль торымен аулауды жөн көріп отыр. Бұл үшін 3 мотоциклші киік үйірін қақпайлап айдап, алдын ала дайындалған тор-аранға қамайды. Сол жерде жануарларды 4-5 сағат тыныштандырады. Әйтпесе жүгіріп келген аңның еті қарайып кетеді. Сосын барып торды бірте-бірте тарылтып, шетінен ұстап бауыздай береді. Бұл – қуып жүріп атқанға қарағанда тиімдірек тәсіл. Өйткені мылтықпен атқанда 20-30 пайызға дейін киік жараланып, қашып кетеді екен. Ал жаралы ақбөкен бәрібір бір жерге барып арам өледі. Бұл – дұрыс емес, – дейді Әлжан Смайылұлы.
Дәл осы кораль әдісі 1986-1988 жылдары Батыс Қазақстан облысында қолданылған. Бауыздалған киікті қасапшылар бірден ішін жарып, өкпе-жүрегін, бауыры мен бүйрегін қалдырып, ішек-қарнын алып тастайды. Бауырдан өтті айырады. Сол күйде киік тушасы 5-6 сағат салқындап жатады. Одан кейін арнайы жүк көліктеріне тиеліп, мал сою бекетіне жөнелтіледі. Ет комбинатына жеткен соң киік еті ветеринарлық тексеруден өтеді. Одан кейін мүйізі кесіліп, бөлек алынады, терісі сыпырылып, тұздалады. Ал еті арзан бағамен саудаға шығарылады, оны ыстауға, шұжыққа пайдалануға да болады.
– Әзірге киік етін қалбырға салып бұқтыратын технология жасалған жоқ. Бірақ біздің университет ғалымдары осы жобаға кірісіп кетті, – дейді Ә.Шәмшідін.
Киік санын биологиялық реттеу ісі «Охотзоопром» мекемесіне жүктелуі мүмкін. Негіздемеге қарағанда бұл жұмыстың бәрі қатаң бақылаумен, тиісті хаттама арқылы жасалуы жоспарланған.
Жәңгір хан университетінің ғалымдары бірнеше жылдан бері ғылыми зерттеу мақсатында киік лағын тірідей ұстап, арнайы тәлімбақта өсірумен айналысып жатқанынан да оқырман хабардар шығар. Қазір Ұлытау облысындағы арнайы қорықта, 700 га аумақтағы қоршауда Бетпақдала мен Орал популяциясынан ұсталған киік лақтары бағылып жатыр. «Біздің мақсатымыз – Бетпақдала мен Орал популяциясының киіктерін табиғи емес жағдайда шағылыстырып, қанын жаңғырту», дейді Әлжан Смайылұлы.
Табиғи жағдайда еліміздегі үш популяция бір-бірімен араласпайды. 1960 жылдары совет ғалымдары әр топтағы киікті араластырып, көшірмек болған, ештеңе шықпапты. Ал 2010 жылдары саны күрт азайып барып көбейген қазіргі киіктің саны артқанымен, сапасы, яғни тұқымы нашарлағанын ғалымдар байқап отыр.
– Биыл біз Орал популяциясынан 200 бас лақ ұстадық. Байқағанымыз, лақтар өте нәзік, денсаулығы нашар. Әдетте дүниеге келген соң 1,5-2 сағаттан кейін лақ жүгіріп кетеді. Ұстатпайды. Ал біз көктемде 2-3 күндік лақтарды ұстап алып жүрдік. Салмағы да қалыпты жағдайдан төмен болып шықты. Бұл – жақсы нышан емес. Біздің пайымдауымызша, бұл – инбредтік депрессия, яғни шағын ғана аумақта бір ғана популяцияның есепсіз көбеюі себебінен болған жағдай. Киік шашырап жүрсе, алыс туыстастар шағылысса, мұндай болмас еді. Инбредтік депрессия жақын туыстастардың бір-бірімен жақындасуынан болады. Біз қазір бұл бағытты да зерттеп жатырмыз. Вадим Ульянов деген жас ғалымымыз Білім және ғылым министрлігінің грантын ұтып, молекулярлық генетикалық зерттеулер арқылы киіктердің ДНК анализін жасауға кірісті, – дейді ғалым.
P.S. Алда қоян жылының қақаған қысы келе жатыр. «Бұл ен далада еркін жортқан ақбөкен үшін де үлкен сынақ», дейді ғалымдар. Жаймашуақ жаздың күні азыққа жарымай, қоң жинай алмаған жануар жұтқа ұшырап, қырылып қалмаса игі еді. Мамандардың уайымы – осы.
Батыс Қазақстан облысы