Экология • 09 Қазан, 2023

Атыраудың асқынған экологиясы

1443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырау облысында күрмеуі шешілмеген мәселе көп. Әсіресе, жұтар ауа жұпар болмай тұр. Сол себептен қоршаған ортаның тазалығын сақтау үшін жол картасы қабылданған еді. Алайда табиғатқа қарсы тағылық әрекеттер әлі де бар.

Атыраудың асқынған экологиясы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мұнайлы өңірдегі экологиялық ахуал­дың жай-күйі Парламент Мәжілісі Эко­логия мәселелері және табиғат пайда­лану комитетінің көшпелі отырысында талқыланды. Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин бастаған депутаттар жергілікті жерде шешімін таппай отырған мәселеге назар аударды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің айтуынша, экологиялық мәселелерді шешу бағытында жасалған жол картасына 22 іс-шара енгізілген. Соған сәйкес қор­шаған орта тазалығын жақсарту үшін бір­қатар жұмыс қолға алынған. Сондай жұ­мыстардың қатарында «Тухлая балка», «Квадрат» булану алаңдарын, Аты­рау мұнай өңдеу зауытына тиесілі булану алаңының бөліктерін, Жайық өзенінің оң жақ жағалауындағы кәріздік тазарту ғимаратын жаңғырту бар.

«Жайық өзеніндегі ахуалды оңалту үшін түп тереңдету, жағалауды бекіту жұ­мыстары жүріп жатыр. Алайда кейінгі үш жылда Жайық өзенінің арнасы тайыз­данып барады. Судың азаюынан өзен экологиялық зардап шегу алдында тұр. Өзеннің орташа көпжылдық ағынының қалыпты көлемі былтыр 9,46-дан 4,93 текше шақырымға азайды. Бұл орташа жылдық ағыны екі есеге төмен. Осыған орай, бірінші кезекте өзеннің су ағынын ұл­ғайту қажеттігі байқалып отыр», дейді Ж.Бисембиев.

Әкім орынбасарының мәлімдеуінше, бұл үшін бірнеше мәселеге назар ауда­рылуы қажет. Біріншіден, Жайық өзе­нінің жоғары жағында орналасқан су қой­маларынан су жіберу көлемін арт­тыруға көңіл бөлінуге тиіс. Екінші, өзен­дегі су ағысын үйлестіру (синхронизация), ғылыми-зерделеу жұмыстарын ұйым­дастырылуы керек. Әрине, мұндай мәселелер Экология және табиғи ресурс­тар, Су ресурстары және ирригация министр­ліктерінің, тіпті Үкіметтің араласуынсыз шешілмейді.

«Кейінгі жылдары Каспий теңізінің фондық деңгейі 2 метрге төмендеп, жа­ғалаудан 25-30 шақырымға қашық­тады. Тартылған судың орны тұзды құмдарға айналу қаупі туындап отыр. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігінен «Ақжайық» мем­лекеттік табиғи резерватының ма­те­риалдық-техникалық жағдайын жақ­сарту үшін тиісті деңгейде қаржы бөлу­ді қажет етеді. Теңіз суының тартылу се­бебін анықтау үшін жедел ғы­лы­ми-зер­делеу жұмыстарын жүргізу, жа­ғалау­дағы тұзды шаңға тосқауыл қою үшін нақты бағдарламалар жасалуы ке­рек деп есептейміз», деп мәлім етті Ж.Би­сембиев.

Каспий теңізінің тартылуы фауна мен флораға қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені мұнда көмірсутегі шикізатын өндіретін жер қойнауын пайдаланушылар бар. Қоршаған орта тазалығы сақталмаса, еліміздің Қызыл кітабына енгізілген сирек өсімдіктер мен жануарлардың түр­лері біртіндеп азаюы ғажап емес.

«Қазір теңіз жағалауынан киік пен үс­тірт арқарын, дала бүркіті мен үкіні, паллас абжыланын, Шренк қызғал­дақты кездестіруге болады. Енді осын­дай сирек кездесетін жануарлар мен қос қанаттыларды, бауырымен жорға­лау­шыларды, өсімдіктерді қорғау үшін «Солтүстік Үстірт» мемлекеттік та­биғи қорығын құру мүмкіндігін қарас­тырылғаны жөн. Құрманғазы ауданын­дағы Қиғаш өзенінде өсетін лотос та Қызыл кітапқа енгізілді. Лотос гүлі де арнайы қорғауға алынуы қажет. Бұл үшін «Ақжайық» резерватына аталған гүлдің аумағын қосымша қорғау құзыретін беру қажет», дейді Ж.Бисембиев.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың мә­ліметінше, Атырау облысында ауа бассейнінің ластануына мұнай-газ өндіру, мұнай өңдеу қызметімен айналысатын кәсіпорындардың үлесі артып отыр. Қазір бұл көрсеткіш 85 пайыздан асады. Биыл эмиссиялардың көлемі 52,793 мың тоннаға азайған.

«Мұның себебі – жанатын отын кө­лемінің, алау қондырғысында жа­ғы­латын газдың азаюы, жылыту пештерін жөндеу мен газ беруді шектеу. Компанияларға экологиялық заңдылықты сақтауға бай­ланысты жоспардан тыс 24 тексеру жүргізілді. Тексерулер нәтижесімен қор­шаған орта тазалығын бұзуға қатысты 33 дерек анықталды. Заң бұзушыларға 88 әкім­шілік іс қозғалып, жалпы көлемі 11,039 млрд теңгенің айыппұлы салынды. Қазір экологиялық проблемаларды шешу Атырау қаласында орналасқан кә­різдік сорғы стансаларын қалпына кел­тіру, Құрманғазы, Махамбет және Жылыой аудандарында ағынды суларды алдын ала тазартуды қамтамасыз ететін кәріз-тазарту қондырғысын салу секілді мәселелер бар», деді М.Ошурбаев.

Парламент Мәжілісі Экология мәсе­лелері және табиғат пайдалану ко­ми­тетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, мұнай-газ кен орындарын игеретін компаниялар қоршаған ортаны ластауды тоқтатпаса, келісілген міндет­темелерді орындамаса, келісімшартты бұзу мәселесі қаралады. Ал Каспий теңізі мен Жайық өзеніндегі экологиялық ахуал­дың күрделенгенін БҰҰ деңгейінде көтеру қажет.

«Жыл сайын қоршаған ортаның тазалығын қорғауға қомақты қаражат жұмсалып жатыр. Соған қарамастан биыл ахуалдың жақсарғанын көрмей отырмыз. Атырау облысындағы табиғат пайдаланушылар тазарту құрылғыларымен жабдықталмаған. Ал ірі компаниялар әлі күнге дейін автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізбеген. Өндірістік кәсіпорындар тазартылған кәріз суларын технологиялық үдеріс үшін кері пайдаланбайды. Соның салдарынан өңірдегі ауыз судың бірден-бір көзі – Жайық өзенінің суын шамадан тыс көп тұтынады. Мұндай келеңсіз жайт онсыз да тартылып бара жатқан Жайық өзеніне кері әсер ететіні анық», деп мәлім етті Е.Жаңбыршин.

 

Атырау облысы