Әдебиет • 08 Қазан, 2023

Мағжан мен Овидий

308 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ежелгі Грек-Рим өркениеті әлем мәдениетіне орасан зор үлес қосты. Театр, цирк, ғылым салалары, олимпиада ойындары, қолөнер, сәулет, музыка өнері дамып, қайнарбұлаққа айналды. Эсхилдың «Бұғауланған Прометей», «Парсы», Софоклдың «Антигоны», Аристофанның «Бұлт» пен Құстары» театр көрермендеріне эстетикалық ләззат сыйлады. Ал Пифагор, Фалес математика ғылымын зерделесе, Эмпедокл жануарлар мен өсімдіктерді екшеп, Аристотель философияның абызы атанды. Гиппократ медицинаны жаңғыртса, Геродот тарихтың атасы болды.

Мағжан мен Овидий

Міне, осы тұста Рим империясы өркендеп, ақындары алғадайлап алға озды. Рим ақындары Катулл, Тибулл, Проперций, Овидий, Гораций Еуропа поэзияның іргетасы бола білді. Иә, қазіргі Еуропа әдебиетін Грек-Рим мәдениеті мен Інжілді зерделемей, оқу мүмкін емес. Өйткені Батыс ілім-білімі екі ұстынмен біте қайнасқан. Жаһанға есімі мәшһүр Овидий әйгілі Август патша тұсында ғұмыр кешті. Ол Вергилий, Горациймен бірге латын әдебиетінің үш берік тірегінің қатарына енді. Жасынан билікке араласқан ақын қоғамдық жұмыстың өзіне қол емесін түсініп, біржола шығармашылыққа ден қояды. Мұнан соң «Ерліктер», «Махаббат ғылымы», «Махаббат дәрісі», «Метаморфозалар» атты жыр жинақтары оған даңқ шапанын жабады.

Мағжан мен Овидийді байланыс­тыратын – алпамса рух, жылы жүрек, ағынды судай ақтарылған ақындық пафос және қуғынға ұшыраған талайсыз тағдыр. Овидий жырларын бір қалыпты оқу мүмкін емес, ол бар күш-қуатын қағазға құйып, жан сөлін сарқып жазады. Айналаға тегіс үні жеткен ақын көп ұзамай патша тарапынан қысым көріп, қуғынға ұшырайды. Зерттеушілер Овидийдің қуғынға ұшырауына мораль заңына жатпайтын, Рим ұстанымына қайшы шектен тыс махаббатқа құныққан көпқырлы жырлары себеп болған деседі. Алайда кейбір әдебиеттанушылар бұл орашолақ ойлы, даралығы көзге ұрған ақынды қуғындаудың желеуі ғана еді деп түсіндіреді. Овидий «Римдегі соңғы түн» өлеңінде елден кетеріне сенбей, күрсінісі көкті тіледі.

«Қап-қап түн қоңыр көзден

қайғылы елес сабылар,

Римнің соңғы сом түнінде

қоштасудың табы бар.

Жанға қымбат жыр мекенді

қалай қиып кетермін,

Баяу ғана кірпігімнен

тамшы жасым ағылар.»

Иә, «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда». Бақсақ, ақылы асқан ақын-жазушылардың қуғынға ұшырамағаны кемде-кем. Алла жолынан адасты деп айыпталып елден қуылған Хафиз, «Мен – Құдаймын!» деген астарлы сөзі үшін аяусыз өлімге кесілген Халлаж Мансұр, бірінші дүниежүзілік соғысты әшкерелеп абақтыға қамалған ағылшын ақыны Эзра Паунд, ұлт үшін қар құрсанып, мұз төсеніп шаһит кешкен Алаш арыстары сөзімізге дәлел, пікірімізге тұздық.

Жоғарыдағы жер аударылар алдын­дағы Овидий жыры Мағжанның абақтыда жазылған «Сағындым» атты өлеңін еске салады.

«Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой,

сар даламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным!»

 – деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым.

Тапал, салқын, ым қараңғы үңгір тар,

Есігімде мықты қара құлып бар.

Кіп-кішкене терезелер темірлі,

Мұндай үйден кімге естілер

ащы зар!»

Мағжан мен Овидийді тағы бір байла­ныс­тырар тұс – өлеңдегі сыр­шылдық. Қапы­сыз сезіну, кең өрісті түйсік. Мағ­жан­ның махаббат лирикасы құлай бері­лу­ге, өрт боп жануға бейім. Мәселен, Ма­ғ­жан:

«Сүй, жан сәулем, тағы да сүй,

тағы да!

Жылы, тәтті у тарады қаныма.

Бұл ләззаттың бір минутын

бермеймін,

Патша тағы, бүкіл дүние малына»,–

деп тебіренсе, Овидий:

«Қанды сүйел кеудемде,

масқаралық табындай,

Махаббаттың зарынан

дақ түседі жаныма.

Қан атқылар жүректен

түсініксіз сағымдай,

Қалт-құлт етіп қамалдым

қара түнек торына»,

– деп ағынан жарылады. Қос ақынның еміне, еліктіре жазатын дертті жүрегі кісіге жебедей қадалады. Алғаш Фаустан бастау алып, бүгінде қалыпты сөзге айналған «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деген өлең жолы бар. Мағжан мен Овидийді ұштастыратын даңғыл жол «ет жүрексіз еріннің сөзін айта алмас» сарқырама жырларында болса керек. Арасында XX ғасырға жуық уақыт бар екі ақын шығармашылығын түйістерін тағы бір ұстын – мәңгілік тақырыптар. Заман тұрғанша тұратын адам жанының алуан қырлары әлі талай жырланар, сөз қуатымен тотықұсша түрленер. Бірақ қос талант тағылымы құрыштан соққан қанжардай қабырғасы берік зәулім мектеп боп қала бермек.