Уақытпен бірге бәрі де жаңарады. Қоғам да адамдар да заман өте келе өзгеретіні анық. Сол секілді орталық та бір орында тұрған жоқ. Уақыттың ағымымен өркениет көшінен қалмай, сәт сайын технологиялық түрленген заманда бұл да өз жолын тауып жаңғырудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Мұнда тек диагностикалық аппараттар ғана заман талабына сай жаңарған жоқ, сонымен бірге мамандардың кәсіби біліктілігі артып, шеберлігі шыңдала түсуде. Соның бір айғағы – жуырда орталықта маңызды бір іс-шара өтті. Соның аясында орталық дәрігерлері сонау Алматы қаласынан келген әріптестерімен бірге күрделі операциялар жасап, өзара тәжірибе алмасты.
А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының эндоскопия бөлімінің меңгерушісі Ерлан Әбдірашев бастап келген білікті мамандар диагностикалық орталық дәрігерлерімен бірге асқазан және тоқ ішек жолдарына операция жасап, шеберлік сабағын өткізді. Операция кезінде хирургтер эндоскопия аппаратын қолдана отырып, тіліксіз әдіспен науқастардың бойындағы ісіктерді алып тастады. Алматыдан келген Ұлттық ғылыми орталықтың «алтын қолды» дәрігерлері бірден бес науқасты операция жасады. Операция кезінде жергілікті мамандарға эндоскопиялық операцияның қыр-сырын үйретіп, әріптестер өзара бар білгенін ортаға салды. Операция жасау әдістерінің тиімді жолдары да, хирургтер алдында кездесетін қиындықтар мен оларды еңсерудің тәсілдері де осы тіліксіз операция кезінде әңгіменің өзегіне айналды. Осылайша, тәжірибе алмасуды көздеген маңызды іс-шара өз мақсатына жетті.
Жалпы, эндоскопиялық операция адамға көп жарақат салмайтын хирургиялық процедура саналады. Соның нәтижесінде науқас операциядан кейін өзін жақсы сезініп, тез оңалып кетеді. Бұрын ашық түрде болатын операциядан кейін адамдар өз-өзіне келгенше ұзақ уақыт оңалту шараларынан өтетін. Ал тіліксіз операцияда ағзаға түсетін ауырлық аз болғандықтан науқас та аздаған уақытта қалыпты өмірге тез оралады. Сондықтан дәрігерлер операциядан кейін бес науқастың да жағдайы тәуір, көңіл күйі жақсы екенін баяндады.
Айта кету керек, бүгінгі таңда қалалық диагностикалық орталықта урологиялық, проктологиялық, ортопедиялық сынды көптеген операция түрлері жасалады. Бұл үшін мұнда жоғары технологиялық аппараттар мен білікті мамандар жеткілікті. Сондай-ақ медициналық мекемедегі мамандар жыл соңына дейін тағы да осы секілді тәжірибе алмасу іс-шарасына қатысып көреді. Бұл жолы олар Ресейдегі әріптестерімен бірге күрделі операция жасаудың қыр-сырын меңгермек.
Өз кезегінде диагностикалық орталықтың эндоскопиялық диагностика бөлімінің меңгерушісі Арман Жарқынбаевтың айтуынша, мекеме 30 жылдан аса уақыт аралығында мегаполис пен Түркістан облысы тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда орталық – заманауи медициналық құрал-жабдықтарды терең меңгерген білікті мамандарымен мақтанатын және Қазақстан бойынша дербес консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін жалғыз ғана мекеме.
Жоғары технологиялық медициналық құралдарды пайдалана отырып, сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында дәрілерлер өзіміздегі іргелі оқу базаларынан бөлек, алыс-жақын шет елдердегі, атап айтқанда, Сеул, Ыстанбұл, Мәскеу, Қазан, Санкт-Петербург секілді қалаларда біліктілік дәрежесін үздіксіз жетілдіріп жүр. Орталықта зертханалық-диагностикалық қызметтің 680, бейінді медициналық мамандар кеңесінің 42 түрі бойынша көмек көрсетіледі. Консультативтік-диагностикалық қызмет сапында жүрген өте тәжірибелі, біліктілігі жоғары, кәсіби шеберлігі мықты дәрігер-мамандар саны жүзден асады.
Сонымен қатар емделушілер үшін күндізгі стационар деңгейінде терапия бейінінен басқа медициналық реабилитация және қалпына келтіру көмегі, амбулаториялық-хирургиялық операциялар жолға қойылған. Кіші инвазивтік операция жасау блогы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жарақталып, «бір күндік хирургия» бағыты дамып келеді.
«Мамандандырылған медициналық көмектің сапасын жақсарту оны тұрғындарға қолжетімді ету мақсатында тұрақты түрде жыл сайын Алматы, Астана қалаларынан, Ресей, Корея елдерінен тәжірибелі, кәсіби біліктілігі жоғары мамандар келіп шеберлік сабақтарын өткізіп тұрады. Соның бірі А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы эндоскопия бөлімінің менгерушісі Е.Әбдірашевтің қатысуымен жуырда өткен шеберлік сабағын айтуға болады. Бұл операцияның тиімділігі сол – науқастар операциядан соң бірнеше сағаттан кейін отбасына оралды. Тәжірибе алмасуға құрылған іс-шара аясында үш науқасқа эндоскопиялық субмукозды диссекция, яғни асқазан-ішек жолдарының қатерсіз ісіктерін алып тастау операциясы жасалып, сәтті аяқталды. Төртінші науқаста өңештің қатерлі ісігі бар екен, сол өршіп, өңеші тарылған, дәрігерлер тамағына кеңейтетін стент қойып берді, сөйтіп өңештің өтімділігі қалпына келтірілді. Эндоскопиялық диагностика орталығының толық заманауи бейнегастро-колоно-бронхоскоптармен, анестезиологиялық құралдармен жабдықталуы бүгінгі таңда асқазан-ішек жолдарының ісік-түйіндерінен дер кезінде цитоморфологиялық зерттеулерге биоматериал алуға, эндоскопияның емдік тәсілдерін кеңінен қолдануға толық мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте мамандар жыл сайын 15-16 мың эндоскопиялық зерттеулер жүргізетінін қуанышпен айтуға болады», деді бөлім меңгерушісі А.Жарқынбаев.
Айтуға тұрарлық бір жайт, мекемеде ISO-15-189 халықаралық стандарттарға сай келетін орталықтандырылған медициналық зертхана бар. Биыл қыркүйекте Астана қаласында өткен «Клиникалық тәжірибе үшін зертханалық медицинадағы заманауи трендтер» ұлттық зертханалық медицина форумында диагностикалық орталықтың зертханасына «Қазақстандағы ең үздік зертхана» деген атақ берілді. Әлбетте, бұл жалғыз орталықтың емес, жалпы мегаполис медицинасының жетістігі мен мақтанышы деуге болады. Өйткені қаншама адам денсаулығы сыр беріп, дертінің себебін іздеп осында келеді. Сөйтіп, білікті де тәжірибелі мамандардың көрсеткен сапалы диагностикалық зерттеулерінен кейін аурудың түп-тамыры айна-қатесіз анықталып жатады. Бұл дәрігерлерге диагнозды дәл қоюға және дер кезінде ем-дом шараларын жасауға көмектеседі.
Жалпы, медицинада «тура қойылған диагноз – емнің жартысы» деген тәмсіл бар. Сол себепті диагностикалық орталық кеселдің түпкі негізін дәл тауып, себебін анықтап, адамдардың тезірек жазылып, дертінен құлан-таза айығып кетуіне үлесін қосып келеді. Ал ауруды анықтау мәселесінде орталық эндоскопиялық диагностика бөлімінің меңгерушісі айтқандай, қажетті барлық зертханалық-диагностикалық жоғары технологиялы медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мәселен, мұндай заманауи аппараттардың қатарында сәулелік зерттеулерге арналған цифрлық рентгендиагностикалық жиынтықты аппаратуралар, 64 және 128-кескінді мультиспиралдық компьютерлік томографы, 3D стоматологиялық томографы бар. Бұлар кескіндеме сапасын күшті қылады, өте өнімді жұмыс істейді, қолданғанға қолайлы, емделушілер үшін де, персонал үшін де радиациялық қаупі ең төменгі мөлшерде. Сәулелік диагностика мамандарының жүргізетін күрделі инвазивті рентгенографиялық зерттеулері, компьютерлік коронарография, виртуалды колоноскопия, ұрық дамуының МРТ-сы сияқты әдістер қазіргі кезеңде тек диагностикалық орталық базасында ғана жүргізіледі.
Қазақстанда туатын әрбір төртінші бала оңтүстік өңірінде дүниеге келетінін ескерсек, мегаполисте перенатальды диагностика қызметіне де ерекше мән беретінін білуге болады. Осы бағыттағы жұмысты сапалы әрі үйлесімді атқару да маңызды. Сондықтан жүктілік кезінде кейде орын алып қалуы мүмкін деген күдікпен ұрық дамуының ауытқулары зерттелінеді. Мұнда да скринигтік диагностиканың бас міндеті орталыққа жүктелген. Сол үшін мекемедегі ультрадыбыстық диагностика бөлімшесі мамандарының ана мен бала денсаулығының күзетіндегі мінсіз қызметі мен отандық медицинада халық үшін жасап жатқан еңбектерін елемей кетуге болмайды.
Эндоскопиялық хирургия саласының білгір маманы А.Жарқынбаевтың айтуынша, ұрық дамуының ауытқуларын айқындау бойынша орталықта жылына 25 мыңнан аса жүкті әйелге ультрадыбыстық зерттеу жүргізеді. Болашақ аналарға диагностикалық зерттеуден өту үшін генерациялы ультрадыбыстық сканерлермен жабдықталған 12 кабинет бар. Іштегі шаранасының саулығын тексеруге келген аналарға біліктілігі жоғары 14 арнайы маман қызмет көрсетеді. Міне, осындай міндет жүгін арқалап, зор нәтижеге қол жеткізген бірегей диагностикалық мекеме шын мәнінде қазіргі таңдағы экономикалық нарық жағдайына бейімделген, өз саласында бәсекеге қабілетті, тұрғындарға сапалы консультативтік-диагностикалық көмектің кез келген түрін көрсете алатын басты медициналық ұйымның бірі саналады.
ШЫМКЕНТ