Шөмішбай Сариев – әдебиетке жетпісінші жылдары келген талантты лектің өкілі. Сол жылдары «Балдәурен» атты тырнақалды жинағы жарық көрген ақын – он бес шақты кітаптың авторы. Қазақтың қабырғалы қаламгері Ғафу Қайырбеков «Шөмішбай – қос қанатты ақын. Біріншісі, лирикалық жырлары болса, екіншісі – ән-өлеңдері. Поэзияның екі саласы ақынның қос қанатына айналған» деп бағалаған ақынның 300-ден астам өлеңі әуезді әнге айналған.
Поэзия кешінде жазушы Сайлаубай Жұбатыров, ақын Қатира Жәленова, Мақсат Дауылбай естелік айтып, кешті ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
«Жалпы, қазақ руханиятының табалдырығын аттаған кез келген толқын, Мұхтар Әуезов айтпақшы, «жыл келгендей жаңалық сезіндіргісі» келетіні анық. Бұл тарапта жетпісінші жылдары әдебиетке келген біздің жолымыз болды. Әдебиетіміздің абызы Мұзафар аға Әлімбаев Мұқаңның осы біз ауыз сөзін қайталай айтып, бізді аялап отыратын еді. Бүгінгі кеште соның бәрі еске түсіп отыр. Туған жерін өшпес әнге өзек еткен Шөкең – армансыз ақын. Бүгінгі кешке жары Жұмакүл Сариева балаларын да ертіп келген екен. Тамырын туған жерден үзбеген ақынның өзі де, мұрасы да ұмытылмайды», деді Сайлаубай Жұбатыров.
Ақын Қатира Жәленова әдебиетте қатар жүрген қаламгер туралы естелігінде Шөмішбай Сариевтің «Тамаша» ойын-сауық отауының көрерменге жол тартуы үшін жасаған толымды еңбегіне тоқталды. Еске алу кешіне жиналғандар облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі ақыннан қалған естелік мұраны тамашалады.
Осы күні кешкілік Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрға жиылған жұрт Шөмішбай Сариев шығармашылығына арналған «Теңіздей тебірендім, тербедің…» атты кештің көрермені болды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кеш қонақтарын құттықтап, Шөмішбай Сариевтің ел мәдениетіне қосқан үлесін атап өтті.
«Сырда туып, аты алты Алашқа танылған дарын иелерінің қатарында ақын Шөмішбай Сариевтің есімі ерекше. Сыр жұрты өз перзенттерін әрдайым құрмет тұтып, еңбегін ешқашан ұмытпайды. Дарынды тұлғаның өнегелі өмірін ұрпаққа насихаттап, қазынасын алтын қорда сақтайды. Қазақ өнерін өрге жүздірген Сыр перзенті Шөмішбай ағамыздың рухы шат, ұрпағы аман болсын», деді аймақ басшысы.
Нұрлыбек Машбекұлы ақынның жұбайы Жұмакүл Сариеваға құрмет танытып, бүгінгі кешке орай Мемлекет басшысының арнайы құттықтау хатын табыстады. Көп алдында елге ризалығын білдірген Жұмакүл Сариева екі жыл бұрын 75 жасына екі ай қалғанда өмірден озған ақын рухына ғылыми-танымдық конференция арнаған аралдықтардың құрметі көңілін толқытқанын атап өтті. Одан кейін де Сыр елінде ақынның есімін құрметтеп, еңбегі мен шығармашылығын дәріптеу үзілген емес. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің өнер залында бұрыш ашылды.
Кеште Қазақстанның халық әртістері Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, әнші Жеңіс Ысқақова, Сүлеймен Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындады.
ҚЫЗЫЛОРДА