Шаруашылық • 09 Қазан, 2023

Орташа түсім – 53,4 центнер

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыр бойында егін науқаны аяқталуға жақын қалды. Бүгінге дейін егілген 89 мың гектар күріштің 63 мың гектары орылып, оның 53,4 мың гектары бастырылды. Осы күнге дейін 285,3 мың тонна Сыр маржаны жиналды. Гектарына орташа 53,4 центнерден келіп отыр. Маңызды науқан ұзағанда апта көлемінде аяқталып қалады.

Орташа түсім – 53,4 центнер

Науқан алдында шаруашылықтар есебінен 4 239 техника егін жинау мен дала жұмыстарына дайындалды. Облысқа күзгі егін жинау жұмыстарына 9,1 мың тонна, жемшөп қорын жасақтауға қосымша 1,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініпті.

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары егілген алқап былтырғымен салыстырғанда  4,8 мың гектарға ұлғайып отыр. Әсіресе егісті әртараптандыруға мән берген шаруалар дәндік жүгеріні – 1,2 мың, сүрлемдік жүгеріні – 1,4 мың, күнба­ғыс­ты – 179, сояны – 64, қант құмайын 195 гек­тарға еккен. Бес гектар аумаққа қант қызыл­шасын сепкендер де бар. Бұл дақылдардың барлығы қазір толық жиналып болды.

Диқандар еккен картоптың 92,1%, көкөністің 97,8%, ал бақшаның  94,2% жиналып, қамбаға түсті. 

 

Қызылорда