Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қыркүйек айының соңында Талғар ауданының Кеңдала ауылдық округіне қарасты 5-саяжайда қайғылы оқиға болды. Шәкенов көшесіндегі тұрғын үйде газ баллоны жарылып, бір отбасының 2 ересек адамы және екі жасар сәбиі Талғар қаласындағы аудандық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Кейіннен жарылысқа газ баллонынан шыққан ақау себеп болғаны анықталған. Дәл сол күні тап осындай оқиға кешкі сағат 9-дар шамасында аталған округтегі 8-саяжайда қайталанған. Бұл жолы бір үйдің төрт бірдей баласы мен екі үлкені ауруханаға жеткізілген. Кешкі тамақ дайындап жатқан кезде газ баллонынан ақау шығып, арты жарылыспен аяқталған.
Оқиға орнына және аурухананың жансақтау бөліміне барған Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков зардап шеккендердің жағдайларын біліп, туған-туыстарына көмек көрсетілетінін айтқан. Өкінішке қарай, Шәкенов көшесінде болған апаттан ауруханаға жеткізілген жас отбасы мүшелері түгел қайтыс болды. Бұл отбасындағылардың бәрі Өзбекстан азаматтары екен.
Осыған орай, жақында Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергеновтің қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның жоспардан тыс отырысы өтті. Комиссия отырысында Алматы облысында тұрғындардың газ баллондары мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану шаралары туралы мәселе қаралды. Комиссия отырысына Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Мұса Танабаев қатысты.
«Алматы облысының аумағында 249 автогаз құю стансасы бар. Станса иелеріне тұрмыстық баллондарды толтырмау туралы ескертіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 177 хабарлама жіберілді. Айта кету керек, департаментке түскен шағымдар негізінде автогаз құю стансаларында толтыру алдында баллондардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексеру алынып тасталыпты», деген Мұса Танабаев өңірде білікті мамандардың болмауына байланысты жартыжылдық кестелерді қалыптастыру және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына профилактикалық бақылау жүргізу бойынша жұмыс жүргізілмейтіндігін атап өтті.
Осы жағдайларды шешу және дайындық деңгейін арттыру үшін министрліктің бастамасымен М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының базасында жергілікті атқарушы органдардың мамандары үшін «Газ және газбен жабдықтау саласындағы жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекциясының мемлекеттік инспекторлары» тақырыбында біліктілікті арттыру курстары енгізілгендігін, академия базасында ZOOM форматында тоқсан сайын жоғарыда аталған тақырыпта курстар өткізілетіндігін мәлімдеді. Бұл газ саласындағы маман тапшылығын жойып, біліктілікті арттыруға ықпал етпек.
Келесі кезекте Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Е.Бердіханов жылыту маусымына дайындық аясындағы іс-шаралар мен қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша ақпараттандыру, түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. Сондай-ақ газ тарату және газ желісі ұйымдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырып, қысқа дайындық шаралары пысықталғандығын атап өтті.
Бұдан кейін Алматы облысы ТЖД басшысы, полковник Асқар Тойшыбеков «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін сақтау» тақырыбында баяндама жасады. Департамент басшысының мәлімдеуінше, биылғы 9 айда облыс аумағында 455 өрт тіркеліп, 17 адам қаза болған. Өрттен келген материалдық шығын – 57 млн 646 мың теңгені құраған.
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін, әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыс халқының әлеуметтік осал тобына жататын 332 үйге 185 көміртотығын анықтау датчигі және 147 түтін детекторы орнатылғандығын алға тартты. 2019 жылдан бері өңірде 14 мың көміртегі тотығын анықтау датчигі орнатылған. Өртпен қатар, тұрмыстық газды пайдалануға байланысты жазатайым оқиғалар (газ-ауа қоспасының жарылуы, газ баллондарының жарылуы) өте өзекті болып тұрғанын айтты. Биыл тұрғын үй секторында тұрмыстық баллондарды пайдалануға байланысты 6 төтенше жағдай тіркелген. Апат салдарынан 14 адам зардап шегіп, қаза тапқандары да бар. Қоғамда үлкен резонанс тудырған Талғар ауданындағы екі жағдай да кез келген адамды ойландырмай қоймайды. Ең ауыры, газдан келген қауіптен зардап шеккен 9 адамның 5-уі бала.
«Екі жеке тұрғын үйде болған жарылыстың себебі бір, ол – газ баллондары жарамдылығының сай келмеуі. Осы оқиғалар бойынша тексеріс жүргіздік. Отқа оранған үйлерде алдын алу шаралары жүргізілмеген. Өйткені арнайы мамандар жоқ», деді Асқар Тойшыбеков.
Комиссия жұмысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұржан Кеңесұлы алдағы қысқа дайындық шараларын ширату, БМК орнату бойынша ұсыныс жасау, газ бен газ саласындағы талаптарды орындамаған тұрғындар үшін Әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодекстің нормаларын қолдана отырып, жауапкершілікті күшейтуді жүктеді. Баллондарда тұрмыстық газ өткізуді жүзеге асыратын субъектілерге, сондай-ақ автогаз құю стансаларына тұрмыстық газ баллондарын құюға және биіктігі екі қабаттан асатын көппәтерлі тұрғын үйлерге тұрмыстық газ баллондарын сатуға тыйым салуды тапсырды. Баллондарға тұрмыстық газды өткізу кезінде баллонның редукторындағы резеңке тығыздағыштарды ауыстыруды, газ баллондарын жеткізу кезінде жадынамаларды, тұрмыстық газды қауіпсіз пайдалану жөніндегі нұсқауларды тапсыра отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін қадап тапсырды.
Төтенше жағдай болған Кеңдала ауылдық округінде 77 саяжай бар. Ондағы халық саны – 17 300. Жалпы Талғар ауданындағы 48 елді мекеннің 32-сі газбен қамтылып, газдандыру деңгейі 66,7 пайызға жеткен. Бүгінгі күні 16 елді мекен газбен қамтылмаған, оның 12-не жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Ал қалған 4 елді мекенге ЖСҚ әзірлеу қажет. Кеңдала ауылындағы көгілдір отынның үйге кіруін зарыға күткен көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындары қыс айы таяған сайын «жылусыз қаламыз ба?» деген сары уайымдарын айтып, наразылықтарын білдірген.
Жуырда аудан әкімі Танат Есенкелдіұлы Кеңдала ауылындағы Смыков көшесіндегі тұрғын үйлерді газға қосу үшін блокты-модульдік қазандық салу бойынша баспасөз өкілдерімен брифинг өткізді. Брифинг барысында әкім өткен жылдың желтоқсан айынан бастап «Талғар қаласы мен ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін автономды блокты-модульдік газ қазандығын салу» 19 жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталғанын айтты. Оның ішінде Кеңдала ауылдық округіндегі аталған 5 үйді жылумен қамтамасыз ету үшін автономды блокты-модульдік газбен жұмыс істейтін қазандықтың құрылысы да бар. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтаудың жоспарланған мерзімі 2023 жылдың 30 қазаны, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталғаннан және мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамадан өткеннен кейін жоғарыда аталған жобаны іске асыруға бюджеттік өтінім берілетіндігін айтқан аудан әкімі қаражат бөлінгеннен кейін құрылыс-монтаж жұмыстары 2024 жылдың наурыз айында басталатындығын мәлімдеді. Демек Кеңдала ауылындағы 124 пәтерлі 5 үйдің тұрғыны биыл қыста да от жағып, күл шығаруына тура келеді.
Жеке сектордың қатты отынға деген қажеттілігі аудан бойынша 82 мың тоннаны құрайды. Ауданда 1 көмір тұйығы және 2 отын базасы бар. Қазір көмір тапшылығы байқалмайды.
Алматы облысы