Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Биыл шілде айында Ішкі істер министрлігінің алқа отырысына қатысқан Мемлекет басшысы қоғамды алаңдатып отырған мәселеге тағы да назар аударды. Кейінгі екі жарым жылда елімізде отбасылық зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмғанын, 37 мыңнан аса адам жауапкершілікке тартылғанын атап өткен ол мұндай келеңсіздіктің алдын алу әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды екенін атап өтті.
Қандай жаза қарастырылған?
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу – ішкі істер органдары жұмысының басым бағыттарының бірі. Жыл сайын полицияға осы санаттағы құқық бұзушылықтар бойынша 100 мыңнан аса арыз келіп түседі. Биыл жыл басынан бері 8 айдың ішінде 68 мыңға жуық арыз түскен. Бұл елімізде күніне 300-ге жуық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркеледі деген сөз. Өкінішке қарай, өте үлкен көрсеткіш.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, келіп түскен әрбір дабыл бойынша полиция қызметкерлері тыңғылықты тексеру және шара қабылдау жұмысын жүргізеді. Қазіргі күні заң бойынша кез келген осындай әрекет үшін жауапкершілік қарастырылған. Балағаттағаны үшін 5 тәулікке дейінгі әкімшілік қамаудан бастап адам өлтіру үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қолданылады.
Президенттің тапсырмасынан кейінгі өзгерістердің бірі – биыл 1 шілдеден бастап еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне түзетулер енгізілді. Енді полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша әкімшілік іс қозғай алады. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің және көршілердің мәліметтері, бейнебақылау камералары мен бейнетіркеуіштердің жазбалары болса жеткілікті. Дегенмен ең соңғы шешімді сот қабылдайды.
Бұл өзгеріс өз нәтижесін беріп келеді. Бұған дейін полиция зорлық-зомбылық жағдайлары бойынша шақыртуларға барса, артынша зорлыққа ұшыраған адамдардың арыз жазудан бас тартулары себепті жанжалқойға қатысты іс қозғау мүмкін болмай қалатын. ІІМ-нің дерегінше, барлық шақыртудың 60 пайызынан астам жағдайында зорлық қылған адам жазадан құтылып кетіп жүрді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілгеннен кейін 2 ай ішінде полицияға 17 мың шақырту түскен. Оның 8 пайызында ғана факті дәлелденбеді. Қалған жағдайлардың бәрінде зорлық қылған адамдар жазасын алды. Нақты сандарға жүгінсек, 16 194 адамға қатысты әкімшілік іс қозғалса, оның ішінде тұрмыстық құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында 2 389 адам тұтқындалған. Айта кетейік, отбасылық жанжал үшін агрессор 5 тәулікке қамауға алынады, жағдай қайталанса 10 тәулікке қамалады. Ұрып-соққан болса 10 тәулікке, оқиға қайталанса 20 тәулікке отырады. Денсаулыққа жеңіл жарақат келтірсе 15 тәулікке, қайталанса 25 тәулікке қамау түріндегі жаза қолданылады.
Отбасылық зорлық-зомбылық кезіндегі адам өлтіру және денсаулыққа ауыр жарақат келтіру әкімшілік емес, қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады. ІІМ дерегінше, қабылданып жатқан шаралардың арқасында мұндай оқиғалар төмендеген. Атап айтқанда, адам өлтіру – 6, денсаулыққа ауыр жарақат келтіру 19,3 пайызға азайды.
Әйел құқын қорғау – айрықша бағыт
Полиция жүйесінде әйелдердің құқын қорғау бойынша әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі арнайы инспекторларға айрықша рөл берілген. Мемлекет басшысы 2021 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында осы полиция бөліністерінің штаттық санын арттыруға назар аударған болатын. Нәтижесінде, ішкі резервтер есебінен олардың саны екі есеге артып, бекітілген нормативтерге сәйкестендірілді. Қазіргі күні әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау саласында еңбек ететін инспекторлар саны 248 адамды құрайды.
Олар зардап шеккендерден арыз қабылдау, заңдық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету жұмыстарымен айналысады, сондай-ақ жергілікті атқару органдарымен белсенді жұмыс жүргізеді. Айта кетсек, кейінгі 5 жылда әйелдер құқығына қол сұғу қылмыстары екі есеге азайған. Атап айтқанда, 2018 жылы елімізде 119 306 оқиға тіркелсе, 2022 жылы 60 985 оқиғаны құрады.
Қазіргі күні барлық полиция департаменттерінде жұмыс істейтін жедел-тергеу топтарының құрамында 280 әйел тергеуші бар. Мамандардың айтуынша, зорлық көрген әйелдер ер адамдардан гөрі, әйел тергеушілерге көбірек сенім артып, ішкі сырын ақтарады. «Бұл зорлық-зомбылық құқық бұзушылықтарын барынша түпкілікті тергеуге мүмкіндік береді», дейді мамандар.
Салдармен емес, себеппен күрескен жөн
Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресте жазаны қатаңдатумен проблема толық шешімін таппайтыны белгілі. Ең алдымен, оның түпкі себептерімен күрескен жөн. Қазіргі күні полиция отбасында жанжал тудыратын адамдармен және зардап шеккендермен бірінші болып бетпе-бет келетін және тікелей жұмыс жүргізетін жалғыз әлеуметтік институт саналады.
Дегенмен бұл күрделі мәселені шешу тек құқық қорғау органдарының қолынан келетін шаруа емес. Оның түп себебін анықтап, жоюға басқа да мемлекеттік мекемелер, әсіресе жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам өкілдері де жұмыла тізе қосуы керек. Ал полиция бүгінде тек оның салдарымен ғана күресіп келеді. Өйткені олар заң бойынша тек құқық бұзушылық орын алғаннан кейін ғана әрекет ете алады.
Сарапшылардың айтуынша, отбасылық жанжалдардың пайда болу себебі көп. Оның ішінде материалдық жағдай маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендігі секілді жағдайлар бар. Қазіргі күні интернет барлық адам үшін қолжетімді. Ал ол жерде алкогольді, ойынқұмарлықты, зорлық-зомбылық көріністерін, порнографияны насихаттау етек алған.
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбекованың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің барлығы белсенді атсалысуға тиіс. «Президентіміз айтқандай, министрлік басшылары өз қызметтерінің нәтижелілігін көрсету, халықтың сеніміне ие болу үшін қоғам белсенділері мен ата-ана комитеттері өкілдерін шақырып, әрбір өңірде қандай проблема бар екенін тексеруі керек. Бәлкім, дүкендерде ішімдік сатуға белгілі бір уақытқа тыйым салынуы керек шығар. Қазіргі күні әкелер одағы құрылып, ер балалармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Түрлі үкіметтік емес ұйым құрылды. Осы айтылған тетіктің бәрін іске қосып, халықтың мұқтаждығын қамтамасыз етпесе болмайды. Әр өңірдің ерекшеліктерін есепке ала отырып, мемлекеттік органдар өзара тығыз жұмыс істеп, халық арасына көп шығуы керек. Қажет болса, ауылдық жерлерге барып, отбасылық жанжалдардың себептерін анықтау бойынша жұмыс жүргізуге тиіс. Бұл, әрине, қаржы мен уақытты талап ететін шаруа, дегенмен оны жасамаса болмайды», дейді ол.
Екі тарапқа да көмек керек
ІІМ дерегінше, бүгінде полицияда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін жетілдіру бойынша халықаралық тәжірибе енгізіліп жатыр. Біздің елімізде көбіне зорлық көрген адамға көмек көрсетіледі де, ал зорлық жасаушыға қатысты тек «қуғын-сүргін» шарасы қабылданады. Ал негізінде екі тарапқа да көмек керек. Қазіргі күні Германияда «ОДАРА» деп аталатын канадалық әдістеме кеңінен қолданылады екен. «ODARA» (Ontario Domestic Assault Risk Assessment) – тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелдерін бағалайтын халықаралық инструмент. Мұнда агрессорды қайта тәрбиелеу мәселесі азаматтық қоғам өкілдеріне жүктеледі. Отбасылық-тұрмыстық зомбылық мәселелерін шешуде агрессорды жазаға тарту емес, оны зорлық көрген адаммен татуластыру және толыққанды өмірге қайтару бірінші кезекке қойылады. Бұл полицияның үйлестіруі арқылы барлық уәкілетті орган мен азаматтық қоғамның өзара үйлесімді әрекет етуін қамтамасыз етеді. «ODARA» көмегімен (13 сұрақтан тұрады) қылмыстың қайталану мүмкіндігіне бағалау жүргізуге болады. Өзекті тәуекелдердің алдын алады. Мамандардың айтуынша, оның көмегімен жасалған болжамдардың 72 пайызы дәлме-дәл келеді және тексерілген ғылыми инструмент ретінде бағаланады. Мұнда кемінде 7 сұраққа оң жауап берген адам зорлық-зомбылыққа бейім деп есептелінеді екен.
Осы жылдың 1 наурызынан бері ІІМ әкімдіктермен бірге Астана (Сарыарқа ауданы), Алматы және Павлодар қалаларында осы инструментті қанатқақты жоба ретінде қолданысқа енгізе бастады. Ал тамыз айынан бері бүкіл ел аумағында тексеріліп жатыр. Соның көмегімен 3 562 сауалдама жүргізіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бейімі бар 68 адам анықталған. Оның тек 47-сі ғана өз еркімен психологиялық түзету тренингтерінен өтуге келісім берді.