Жастар • 10 Қазан, 2023

Белсенді жастардың жаһандық мәлімдемесі

252 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада «LCOY Kazakhstan 2023» конференциясы өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас зерттеушілер мен сарапшылар еліміздегі климаттың өзгеруін, оған адамзаттың бейімделуін, су секторына тигізетін әсерін саралады. Сондай-ақ бұл бағытта аймақтарда қабылданып жатқан іс-шаралар мен экологиялық таза технологияларды кеңінен пайдаланудың маңыздылығы және болашақ перспективалары жан-жақты талқыланды.

Белсенді жастардың жаһандық мәлімдемесі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

«LCOY Kazakhstan 2023» – Біріккен Ұлт­тар Ұйымының климаттың өзгеруі жө­нін­­дегі негіздемелік конвенциясы­ (UNFCCC) және «SDSN Youth Kazakh­stan»­ ұйымының ресми жас­тар тобы «YOUNGO» миссиясының негіз­гі іс-шара­сы. Жыл сайын ұйым­дас­тырылатын конфе­ренцияның басты мақ­саты – жас көшбасшылардың басын қо­сып, климат­тың өзгеруі турасында база­лық білім беріп, олардың осы сала­да белсенді ката­ли­затор болуына ықпал­да­су.

«Біз климаттың өзгеруіне қатысты пікір­таластарда жастардың даусы өте маңызды деп есептейміз. Қазіргі уақытта Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан климаттық өзгерістердің барлық салда­рын айтарлықтай сезінетінін байқа­дық. Сондықтан бұл тақырыпты не­ғұр­лым көп айтып, талқылай алсақ, со­ғұрлым адамдар, әсіресе жастар жаһан­дық мәселелерден хабардар болады. Сонымен қатар жастар арасында идея­лар мен тәжірибе алмасу мұндай алаң­дардың көп болғаны абзал. Өйткені бұл жастар болашақ шешім қабылдау үрдістерінің алдыңғы қатарында тұрған буын. Конференцияда үш панельдік сессия бойынша топтық жұмысты қамтитын қорытынды құжат болады. Жергілікті жастардың әр мәлімдемесі сайып келгенде жаһандық COY және одан кейінгі БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында (COP) қолданылады», деді «LCOY Kazakhstan 2023» үйлестірушісі Мұхтар Аманбайұлы.

Ал «SDSN Youth Kazakhstan» – ел жастары арасында БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге бағытталған бастама. Ол былтыр маусым айында Назарбаев университетінде құрылған.

«Біздің көздегеніміз – тұрақты даму­дың 17 мақсатына жету үшін шешім­дерді анықтауға және әзірлеуге көмек­тесу. Қазақстандағы желі өткен жылы пайда болды. Қазір 20-ға жуық мекеме бар. Алғаш SDSN конфе­рен­циясын ұйымдастырғанда, іс-шара­дағы жастардың белсенділігі ұнады. «SDSN Youth» әзірлеген және Қазақ­стан­да жүзеге асыратын 4-5 презентация мен жоба бар. Ұйымның кей тұжы­рым­дама­лық сұхбаттары мен презентация­лары және жобалары қоғамдағы жал­­пы адамзатқа маңызды, өзекті мәселе­лерге арналды. Біз әр бастамада оны шешу жолдарын қарастырдық», деді Қазақстандағы SDSN төрағасы Шигео Катсу.

Панельдік сессияның бірінде Қазақ ұлт­тық географиялық қоғамының өкілі Аида Табелинова климаттың өзгеруінің гидро­экологиялық жүйеге әсерін бағам­дап, өңірлік және жаһандық жылыну әсе­рінен Қазақстанда су цикліндегі өзге­ріс­­терге байланысты туындаған осал тұстарын сөз етті. Жас зерттеуші мәсе­лені шешу жолдарын да ұсынды. Атап айт­қанда, каналдарды жаңарту, булану­ды­ азайту және су астында бассейн батарея­ларын салу.

Сондай-ақ ол еліміздің стратегиялық эконо­микалық жоспарлауындағы эколо­гиялық тәуекелдерді ескерудің маңыз­ды­лы­ғын атап өтті. Бұған қоса экономика сектор­ларында суды пайдалануды реттеу үшін IT технологиялардың мүмкіндігін қол­дануға шақырды. Жиылғандарға Каспий теңізінің мәселесін де жан-жақ­ты­ талдап көрсетті.

«Каспий теңізінің орталығы мұхит­тық және Шығыс Еуропалық плиталар арасындағы бөліктен өтіп, су дең­гейінің ауытқуын тудырады. Каспий жаға­ла­уын­да болып жатқан бұл табиғи үдерістер кли­маттың өзгеруінің көр­сеткіші. Демек дефля­ция, тұздану және эрозия сияқты құ­бы­лыстарды зерт­теу климаттың өз­ге­ру­­ динамикасын түсінуде шешуші рөл ат­­­қа­рады. Бұл проблемаларды талқылау Кас­­­­пий теңізі жағалауындағы бес мем­ле­­­кет­тің арасындағы халықаралық ы­н­ты­­­­­мақ­тастықты талап етеді. «Qazaq Geo­­g­raphy» биыл түркі мемлекеттерінің гео­­­­гра­­­­фиялық кеңесін құру туралы бас­та­ма­­­ көтеріп, осы мәселелерді шешу үшін плат­­­форма ұсынды», деді Аида Табели­нова.

Маңызды мәселелер қордаланған отырыста қатысушылардың климаттың өзгеруі және оның салдары туралы түсінігін жетілдіруге арналған «Climate fresco» деп аталатын студенттік жобалар, өнер көрмесі және климат тақыры­бын­да­ғы­ ойын ұйымдастырылды.

Конференция соңында спикерлер кли­мат­тың өзгеруі туралы БҰҰ-ға мәлім­деме жібе­ретінін хабарлады. Бұл құжат Бірік­кен Араб Әмірліктерінің Дубай қала­сында өте­тін БҰҰ Климаттың өзгеруі жөнін­дегі 28-жас­тар конференциясына ұсынылып, кли­маттың өзгеруі бойынша жаһандық шешім­ге ықпал етуге сеп болады.