Қоғам • 10 Қазан, 2023

Ресурстық орталықтар: аты бар, заты жоқ

333 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елімізде Жастар ресурстық орталықтарында маман тапшы. Республика бо­йынша осындай ұйымның 1 қызметкері орта есеппен 2 мың жаспен жұмыс істеуі қажет. Алайда Алматы қаласында ресурстық орталықтың бір қызметкеріне – 32, ал Астанада 17 мың адамнан келеді. Демек кей өңірлерде стандарт сақталмаған. Жастардың әлеуметтік, тұлғалық дамуына көмектеседі деген мақсатпен құрылған орталықтардың бірқатар мәселесін Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев палатаның жалпы отырысында көтерді.

Ресурстық орталықтар: аты бар, заты жоқ

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бүгінде еліміздің әр өңірінде жастармен жұмыс істейтін 232 ресурстық орталық бар. Онда шамамен 3 мыңнан аса белсенді жас қызмет етіп келеді. Бұл ұйымдардың басты мақсаты – жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесу, жас­тар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсету. Сондай-ақ жастарды жұмысқа тұруға дайындауға, цифрлық сауатын арттыруға, инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдемдесіп, олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту. Орталық мамандарына жүктелген тағы бір міндет жастарға психологиялық, консультативтік және заң көмегін көрсету болып саналады. Алайда депутат Нартай Сәрсенғалиевтің сөзінше, қазіргі таңда орталық жастары әркімнің бұйрығымен босқа сабылып жүрген көрінеді.

«Қазақта «Жақсы жастан шығады, Темір тастан шығады» деген аталы сөз бар. Бірақ біз сол жастардың қадіріне жете алмай келеміз. Жастардың басын біріктірген Жастар ресурстық орталығы деген ұйым бар. Аты дардай болғанымен заты сондай болмай тұр. Қайсы өңірге барсақ та, алдымыздан шыққан жастар жұмыста жүйе жоқ екенін, өздерін жергілікті билік өкілдері білгенінше жұмсап, негізгі жұмыстарына жолатпайтынын айтады. Біріншіден, жергілікті әкімдіктердің барып кел, шауып кел дейтін бұйрықтары бітер емес. Оның ішінде Жастар ресурс­тық орталығы қызметкерлерін жастарға қатысы жоқ сансыз мерекелік іс-шара­ларды ұйымдастыруға, аулаларды аралап мониторинг жасауға, әкімдіктің күнделікті бітпейтін бұйрықтарын атқаруға міндеттейді. Әкім қаралардың тапсырмасымен шауып жүрген жандар қашан жастардың мәселесімен айналысады? Екіншіден, Жастар ресурстық орталығының ғимараты жоқ. Олар әкімдіктің ішіндегі әр кабинетті паналауға мәжбүр. Сәйкесінше, жергілікті билік жас­тарды қалағанынша жұмсайды. Белсенді замандастарымыз Жастар ресурстық орталығын Мәдениет және ақпарат министрлігіне бекітіп берсе деген ұсыныс жолдады», деді мәселені төтесінен қойған депутат.

Сондай-ақ Н.Сәрсенғалиев еліміздің ертеңі үшін жанын салып қызмет етіп, түкке жетпейтін там-тұм айлықты қанағат тұтып, тұрмыстық тауқымет тартса да тартынып қалмайтын жастардың мұндай орталықтарда тұрақтамауының басты себептерін де тарқатып берді.

«Жастар орталығындағы қызмет­керлердің орташа жалақысы – 90 мың теңге. Бұдан әлдеқайда төмен айлық алатын жастар жеткілікті. Бұл қаржы қазіргі қымбатшылықта түкке жетпейді. Аталған айлыққа білімді, білікті жастарды қызметке әкеліп, «елдің ертеңі үшін жұмыс істе, жастарға қызмет ет» деп үндеу керек. Әрине, оған білімді әрі белсенді жастар келіспейді. Сәйкесінше, Жастар ресурстық орталығында үнемі кадр ауыса береді. Қазақ «Су ағады, тас қалады, Кәрі кетеді, жас қалады» дейді. Бүйте берсек ертең жас­тармен жұмыс істеуге кім қалады?», деді Нартай Сәрсенғалиев.

Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын бекіту тура­лы­ 2022 жылғы 25 сәуірдегі №241 қаулы­сында Жастар ресурстық орталығы қыз­меткерлерінің жалақысын көтеру туралы ұсыныс айтылған еді. Алайда бұл шешім тек Астана, Шымкент қалалары мен Қарағанды, Ақмола облыстарында орындалған. Ал қалған облыстарда қаржы тапшылығына байланысты айлық өзгермеген.

Осы орайда Алматы мен Атырау қаласындағы Жастар ресурстық орталы­ғының қызметкерлерін әңгімеге тарттық. Аты-жөнін атамауды өтінген олар бір­ауыздан «жастарға жәрдемдесемін» деген азаматтар ол жақта жұмыс істемейтінін алға тартты. Өйткені айлықтың бір ай өмір сүруге жетпейтіндігін, жұмыста қандай да бір норматив бекітілмегенін айтып шағымданды.

«Жұмыстың ең қызатын кезі – сайлау, референдум кезі. Бұл кезеңде қаржы бөлінеді әрі нақты қай бағытта қызмет ететінің айқын болады. Жастарға арналған концерт, сенбілік секілді іс-шаралар біздің құзыретімізде, алайда академик, ғалым көз жұмса да орталық жастары барып, қызмет көрсетуі әбестік деп ойлаймын. Ал жастар не кеңсесі, не ақшасы болмағандықтан, жоғарыдан келген бұйрықты істеп жүре береді. Мұндай орталықтарда көп жағдайда колледж бітіріп, жұмысқа орналаса алмаған немесе жоғары оқу орнында оқып жүріп, қандай да бір қызметке көтерілудің жолын іздеген студенттер жүреді. Бәрі жастардың қамын күйттеп келеді деу қате. «Осы орында таңнан кеш батқанға дейін отырып кетсем болды» деп арман-мақсатсыз уақытын зая кетіріп жүргендер де бар. Кей студенттер орталыққа келіп, жетекшілері жұмсаған түрлі іс-шараларға барып, бірін жібермей қатысып, қала деңгейінде өтетін концерт, фест, форумдарға тегін кіруге мүмкіндік алады. «Активист» деген атаққа масаттанып, оқып жатқан мамандығына зейін қоймай жүргендер де жетерлік», деді олар.

Енді бір үш жылды артқа тастасақ, тәуелсіздік қарлығаштары жастар санатынан шығады. Бұл кезеңде олар білім алып, әжептәуір тәжірибе жинақтап, тіпті ақыл тоқтатып та үлгереді. Әр азаматтың өз түсінік-көзқарасы барын ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ сол көзқарасты әлеуметтік-тұрмыстық, моральдық, абсолютті-мәңгілік, жалпыадамзаттық, ұлттық, материалдық, саяси, рухани-діни, мәдени, тарихи сынды тізбегі жалғаса беретін құндылықтар өлшемі құрайды. Демек Жастар ресурстық орталығындағы осы өзекті мәселелер олардың тұлғалық көзқарасы қалыптасуына белгілі бір деңгейде әсер етеді.

«Қоғамдық жұмысқа араласқан жақсы. «Ол – активист» деген мақтауға марқайған да керемет. Бірақ... Активист болу уни­вер­си­тет­тегі уақыттың, күш-жігердің 20 пайы­­зын ғана алуға тиіс», дейді журналист Мар­ғұ­лан Ақан. Оның айтуынша, кез келген­ жас қал­ған 80 пайыз уақытын білімге, дамуға, кітап оқу­ға, тәжірибеден өтуге, оқып жатқан маман­дық­тың­ иесі болып шығуға жұмсауы керек.

«Алты жыл университетте білім алғанда алты қырдан асатын атақ жинағаныммен, иек астында келіп тұрған білім деген бақты жіберіп ала бердім. Жанымдағы адамдар өзде­рі көтеріп кетеді деп сендім. Алайда үлкен қоғамға шыққан кезде кез келгені: «Сен кім едің?» деген сұрақты қойды. «Акти­виспін» деп айтқың-ақ келеді, бірақ ол жақта «қуыс кеуделерге» орын жоқ. Универ­ситеттің ішіндегі активист болатын өмірдің бәрі дерлік кейінгі 30 жыл ішіндегі стратегиялық түрде қолдан жасалған идео­логия. Ол әлемде сенен құрметті, сенен мықты адам болмайды. Қасыңдағылар үнсіз білім алып жатқанын байқамайсың. Байқайсың, бірақ мойындамайсың. Себебі көзге түскен образыңды ішкі эгоң арқылы қабылдайсың. Ақырында активист өмірің не жағымпаз болуға тіке апарады немесе бейтаныс қоғам айырып алады.

Енді не істеу керек? Бірінші, активист­ болғанның жөні сол екен деп өзін-өзі бас­қаратын ұйымның өзіңді басқарып алуы­на жол берме. Екінші, атақ емес, абырой жина. «Жұрт мақтағанды қыз жақтаған» деп далақтама. Активист болған адам ретінде айтайын: қоғам үшін керек адам бола алған шығармын, бірақ өзім үшін керек кезде далаға кеткен 80 пайыз уақытты аңсап кеттім. Қысқасы, бір жерге бастық болып баратын жолды іздеме. Елмен бірге еңбек етіп, солардан шынайы абыройыңмен озғанға не жетсін. Дәл қазір 80% уақыттың жемісін 25-тен кейін көргің келсе, жинаған бүкіл тәжірибеңді жұмысқа сал», деді өзінің жеке тәжірибесімен бөліскен журналист.

Жастар ресурстық орталығы – қоғам талабынан құрылған ұйым. Бірақ келер жылы республика бойынша бұл орталыққа бөлінетін қаржыны қысқарту жоспарланыпты. Сонда 3 мыңға жуық жас не істейді?