Қоғам • 10 Қазан, 2023

Алматыда гаджеттерге тәуелділіктен құтқаруға септесетін нұсқаулық жарық көрді

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда тұңғыш қазақ тілінде «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы гаджеттерге тәуелділіктің алдын-алу шаралары» атты оқу-әдістемелік нұсқаулық жарық көрді.

Алматыда гаджеттерге тәуелділіктен құтқаруға септесетін нұсқаулық жарық көрді

Қарап отырсақ, Алматыда бастауыш сынып оқушыларының 35%-ы тәулігіне кем дегенде 1-2 сағат гаджетке телміреді. Бұл балалардың 33%-ы ғаламторда байланып отыратын болса, 9%-ы гаджетке мүлдем қарамайды. Ал 13-15 жастағы жасөспірімдердің 69%-ы күндіз-түні 2 сағаттай немесе одан көп уақыт виртуалды әлемге сүңгиді.

Сонымен Дүниежүзілік психикалық саулық күні қарсаңында «Балалар мен жасөспірімдер арасындағы гаджеттерге тәуелділіктің алдын-алу шаралары» атты оқу-әдістемелік құрал жарық көрді.

Оқу-әдістемелік құралда Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы қызметкерлерінің қала мектептеріндегі балалар мен жасөспірімдердің гаджетке тәуелділігін зерттеу нәтижелерінің қорытындысы жарияланған. Орталықтың директоры Сапар Рахменшеевтің айтуынша, зерттеу жұмыстарына 6-18 жас аралығындағы 3300 оқушы тартылса, олардың 1664-і – қыз балалар , 1636-і – ұлдар (49,5%).

– Мұғалімдер мен ата-аналарға арналған мұндай нұсқаулық қазақ және орыс тілдерде бірінші рет жарық көрді. Кітапшада балалардағы гаджеттерге жалпы тәуелділіктің қай деңгейде екенін анықтау барысында қандай сұрақтар қою керек, қалай көмектесу керектігі жайында мағлұматтар бар. Зерттеу жұмыстары 2022-2023 жылдары Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің басшылары, ата-аналарының келісімі арқылы сауалнама әдісімен жүргізілді. Гаджетке тәуелді баланың ойынпазға айналуы оп-оңай. Бұл дертпен күресу үшін алдымен құмар ойындарына еліктіретін жарнамаларды тоқтату керек, – дейді Сапар Рахменшеев.

Мамандар атсалысқан зерттеулердің нәтижесінде бастауыш сыныптағы балалардың, жасөспірімдердің бойындағы гаджетке тәуелділіктің белгілері, себептері анықталған. Бұл нұсқаулық – Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығы мен Алматы қалалық білім басқармасы және Қазақстан-Ресей медициналық университетінің бірлескен жобасы.

Бүгін − Дүниежүзілік психикалық саулық күні Алматы қалалық психикалық сауықтыру орталығығында ашық есік күні өтті. Орталықтың психологтары, психиатрлары, терапевтері мен невропотологтары тегін медициналық, психологиялық кеңес берді.