Сенат • 10 Қазан, 2023

Мәулен Әшімбаев шетелдік делегация өкілдерімен кездесті

174 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы – Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының ХХІ отырысына қатысу үшін Қазақстанға келген дін лидерлерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Кездесулерде тараптар дінаралық және конфессияаралық диалогты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев шетелдік делегация өкілдерімен кездесті

Кавказ мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы Шейх-уль Ислам Аллашүкір Пашазадемен кездесу барысында Мәулен Әшімбаев аталған діни басқарманың Съезд мақсаттарына қол жеткізуге айтарлықтай үлес қосқанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол Әзербайжан Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің бірі екеніне назар аударды. Бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына, ең алдымен, Мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі өзара қарым-қатынасы ықпал етіп келе жатқаны да айтылды.

«Біздің елдеріміз бен халықтарымызды ғасырлармен өлшенетін берік достық, ортақ тарих, дәстүр және мәдениет байланыстырады. Қазақстан сіздің елдің барлық жетістігін әрдайым шынайы қуанышпен қабылдайды. Былтыр біз екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өттік. Осы жылдар ішінде көптеген салада мемлекетаралық ынтымақтастық нығая түсті. Бұған екі елдің Президенттері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің тұрақты байланыстары мен уағдаластықтары ықпал еткені сөзсіз. Осы орайда дінаралық диалогты дамыту жұмыстарын да бірлесіп жалғастырудың маңызы зор деп есептеймін», деді Съезд Хатшылығының Басшысы.

Қасиетті Тақтың дінаралық диалогы жөніндегі Дикастериясы Ислам мәселелері бюросының басшысы монсеньор Халед Акашемен кездесуде Мәулен Әшімбаев Съезд Хатшылығы мен Қасиетті Тақтың өзара іс-қимыл перспективаларына назар аударды.

«Біз Съезге тұрақты түрде және белсенді қатысып келе жатқаныңыз үшін, сондай-ақ форумның мақсаттарына қол жеткізуге Қасиетті Тақтың елеулі үлес қосқанына ризашылығымызды білдіреміз. Ватиканның бейбітшілікті сақтау, мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты дамыту жөніндегі қызметін әрдайым жоғары бағалаймыз. Рим Папасы Францисктің былтыр қыркүйекте Қазақстанға жасаған Апостолдық сапары екіжақты қарым-қатынас тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі болды», деді Мәулен Әшімбаев.

Съезд Хатшылығы дін көшбасшыларымен ғана емес халықаралық ұйымдармен де өзара іс-қимылға баса мән беріп келеді. Сенат Төрағасы Дүниежүзілік Ислам лигасы Бас Хатшысының орынбасары, доктор Абдурахман Абдулла Әл-Зайдпен кездесуде осы бағыттағы бастамалардың маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан Дүниежүзілік Ислам лигасының дінаралық және конфессияаралық диалогты дамыту жөніндегі қызметін әрдайым жоғары бағалайды. Біз Дүниежүзілік Ислам лигасын бейбітшілікке шақыратын саясатты жақтаушы және жаһандық дінаралық диалогқа белсенді қатысушы ұйым ретінде танимыз», деді Палата Спикері.

Сонымен қатар Съезд Хатшылығының Басшысы Әл-Азһардың Ислам зерттеулері академиясының Бас хатшысы Назир Мұхаммед Ельназир Аядпен кездесті. Кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі аясындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері сөз болды.

«Әл-Азһар дүниежүзіндегі ең көне және мұсылман әлеміндегі беделді діни жоғары оқу орындарының бірі. Қазақстандық студенттерді оқыту бағытында көрсеткен көмегі үшін Әл-Азһарға алғысымызды білдіреміз. Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университеті біздің маңызды ортақ жобамыз екені белгілі. Сондай-ақ біз Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебтің былтыр Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатысқанын жоғары бағалайтынымызды атап өткім келеді», деді Мәулен Әшімбаев.

Дін көшбасшылары өзара қолдау көрсетіп, ынтымақтаса әрекет етсе, адамзат қазіргі жаһандық сын-қатерлерді тиімді еңсере алады. Мұсылман Ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсаламмен кездесуде Мәулен Әшімбаев осы мәселеге ерекше назар аударды. Сондай-ақ сұхбат барысында Діндер көшбасшылары Съезінің аталған үдерістегі рөлі кеңінен талқыланды.

Өз кезегінде мәртебелі меймандар іс-шараға шақырғаны үшін Съезд Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевқа алғыстарын білдірді және форумды өткізу әлемдік қоғамдастық үшін маңызды екенін айтты. Сондай-ақ дін лидерлері әлемде бейбітшілікті сақтауға, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға арналған жұмысты одан әрі арттыруға мүдделі екендерін жеткізді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша сұхбаттасушылар екіжақты байланыстың ауқымды мәселелеріне көңіл бөліп, ынтымақтастықты әрі қарай нығайтудың басым бағыттарын белгіледі.