Айсұлтан Сейітовтің туындысы «Үздік фильм» және «Үздік операторлық жұмыс» сынды екі аталымда ұсынылған. Басты аталымда Жапониядан, Қытайдан, Грузиядан келген еңбектермен таласқа түседі. Олардың арасында биылғы Венеция кинофестивалінде Қазылар алқасының арнайы жүлдесінің иегері атанған Рюсуке Хамагутидің «Зұлымдық жоқ» атты туындысы да бар.
Ал Дархан Төлегенов пен Асхат Кучинчиреков еңбектері «Үздік режиссер» және «Үздік жастар фильмі» аталымдарына ілікті. Төлегенов қатысқан аталымда жоғарыда айтылған Хамагути мен 2023 жылғы «Сандэнс» және Берлин кинофестивальдерінің қатысушысы Селин Сон да бақ сынап отыр. Сондықтан тартысты бәсеке болғалы тұр. Отандық үш картина режиссерлардың дебюттік жұмыстары.
«Қаш» фильмінде қазақ даласындағы 30-жылдардағы ашаршылық кезіндегі халықтың мехнатты ауыр тағдыры көрсетіледі. Қабір қазушы Исатай өз ауылын құтқару үшін қауіпті миссияға барады. Бірақ жолда кезбе адам кездесіп, оны тура жолдан адастырады.
Айта кетейік, Айсұлтан Сейітов жазда Шанхай халықаралық кинофестивалінде осы жұмысы үшін «Үздік режиссер» аталымын жеңіп алған болатын.