Жеңілістің де қайыры бар
Сөз жоқ, Ханчжоуда өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында 10 алтын медаль жеңіп алған ел құрамасы спортшыларының жетістігі бұрынғы ойындарға қарағанда өте төмен. Алдыңғы ойындарда ұлттық құраманың қоржынында кемінде 15 алтын болды. Ал бейресми жалпыкомандалық есепте 1994 жылы Хиросимада – 4-орын, 1998 жылы Бангкокте – 5-орын, 2002 жылы Пусанда – 4-орын, 2006 жылы Дохада өткен Азия ойындары ел спортшылары үшін ең көп медаль жеңіп алған дода болды. 85 медальмен еліміз 4-орыннан көрінді. Сондай-ақ 2010 жылы Гуанчжоуда – 5-орын, 2014 жылы Инчхонда – 4-орын және 2018 жылы Жакартада 9-орыннан көрінген екенбіз.
Енді араға бес жыл салып неге мұншама төмен нәтиже көрсеттік? Бұл сұраққа көргеніміз бен білгенімізге сүйене отырып, Азиаданы бір шолып өтуді жөн санадық.
2022 жылы өтуге тиіс болған Азия ойындары пандемияға байланысты бір жылға шегерілгендіктен, көп спортшыларымыз өз бабында болмады. Сондай-ақ теннистен, күрестен өтетін әлемдік деңгейдегі жарыстар Азиадамен тұспа-тұс келді. Тіпті, күрес түрлерінен өткен әлем чемпионаты Азия ойындары күнтізбесіне өте жақын болды. Сондықтан аталған спорт түрінен көшбасшы спортшыларымыз Ханчжоуға келмеді.
Ауыр атлетикадағы допинг дауына байланысты Қазақстан құрамасы спортшыларының саны да, сапасы да қысқарғанын білеміз. Бұл жолы ел құрамасы тек үш спортшыға сенім артты. Нәтижесінде, Азия ойындарында Алексендар Уралов қана 81 кг салмақта үздік үштіктен көрінді.
Боксшылар қысастықтан да сабақ алады
Бүгінде Азия құрлығында бокс өте қарқынды дамып кетті. Соңғы әлем чемпионатында 13 салмақта сары құрлықтың 23 боксшысы жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінген. Бұл дегеніңіз – Азия ойындарына мықтылардың мықтысы жиналды деген сөз. Соған қарамастан, боксшылар өз деңгейінде жұдырықтасты деуге болады. Алтын медаль жоқ демесеңіз, төрешілердің қандай деңгейде «әділ» төрелік еткеніне көрермен де куә болды. Бүгінде ерлер боксы жеті салмаққа қысқарған. Бізге бұйырғаны – ерлер арасында 1 күміс, 2 қола медаль. Егер біз Париж Олимпиадасында бокстан екі алтын медаль алып жатсақ, Азия ойындарындағы құрамамыздың сәтсіздігі лезде ұмытылатыны сөзсіз.
Иә, боксшыларымыз екі алтын алуға толық мүмкіндігі бар. Әрине, ол үшін төрешілер өз қызметін әділ атқарса. Әйтпесе, Азия ойындарына барған Сәкен Бибосынов, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай әлем чемпиондары екенін ұмытпауымыз керек. Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік еткен Қамшыбек Қоңқабаевтың Азия ойындарының финалында Баходир Жалоловпен соңғы үшінші раундта қалай жұдырықтасқанын көзімізбен көрдік. Алдағы уақытта дәл осындай қарқында болса, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Парижде атой салуы мүмкін. 92 кг-ға дейінгі салмақта қолғап киген Сағындық Тоғамбай да қаражаяу емес. Ол Азия чемпионатының қола жүлдегері. 63,5 кг салмақта рингке көтерілген Ертуған Зейнуллиновтің өнері баршамызды тәнті етті. Азия ойындарында әлем чемпионатының қола жүлдегері тәжік боксшысын қуып жүріп сабағаны есімізде.
Айтпай кетуге болмайтын тағы бір жайт, Азия ойындарында аргентиналық төреші еліміздің бірде-бір боксшысына жеңісті бермеді. Тіпті Махмұд Сабырхан қарсыласын қуып жүріп сабағанның өзінде, Асланбек Шымбергеновтің нокдауны кезінде төреші жеңісті біздің боксшылардың қарсыласына беріп отырды.
Жалпы, соңғы жылдары бокс мәнері қатты өзгерді. Бұрынғыдай желіп жүріп, тактикалық тұрғыдан қарсыласыңды тұқырта алмайсың. Қазіргі бокс нағыз төбелеске айналған. Тіпті төрешілердің өзі төбелескіш боксшыларға бір бүйрегін бұрып тұратынын байқап жүрміз. Осы жайтты алдағы уақытта бапкерлер ескеру керек секілді.
Балуандар бабында емес
Бұған дейінгі Азия ойындарында еліміздің жеңіл атлеттері анағұрлым жақсы жетістікке жетіп жүретін еді. Бұл жолы Ханчжоуға елімізден 48 медаль жиынтығына небәрі 19 спортшы ғана барды. Бұл – өте аз. Сол себепті де нәтиже де төмен болатыны сөзсіз. Жеңіл жүгірмеген атлеттеріміз тек төрт қола медаль жеңіп алды.
Даңқты Қажымұқан бабамыздан бастап, Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров сияқты балуандарымыздың шоқтығы биік. Алайда еліміз егемендігін алып, жеке мемлекет болғалы балуандарымыз дүбірлі ойындарында ала-құла өнер көрсетіп жүр. Сондықтан грек-рим күресіне бір сілкініс керек. 1996 жылы Атлантада Юрий Мельниченко Тәуелсіз ел тарихында алғашқылардың бірі болып Олимпиада алтынын қоржынға салды. Өкінішке қарай, Юрий Мельниченконың ізбасарлары бұдан кейін жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Дәл сол Ю.Мельниченко баптайтын грек-рим шеберлері Азия ойындарында 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алса, Мадияр Құрамысов баптайтын еркін күрес шеберлері, өкінішке қарай, додадан құр қол қайтты.
Саннан – сапаға
Саннан сапаға көшетін кез келгелі қа-шан? Осыны спорт басшылары ескеру керек. Азия ойындарына шұбыртып 531 спортшы алып барды. Мысалы, Еsport,
яғни киберспорттан 28 жерлесіміз сайысқа түсті. Солардың бірде-біреуі жүлдеге іліккен жоқ. Мұндай мысалдар көп. Одан гөрі тиімсіз іс-шараға жұмсалған қаржыны балалар спортына, спорт институттарын салуға, бапкерлердің айлығын көтеруге, спортшыларға заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар алып беруге, допингке жатпайтын дәрі-дәрмек алуға жұмсағаны әлдеқайда тиімдірек еді.
Әрине, мұның бәрі қарапайым жанкүйер айналысатын шаруа емес. Онымен арнайы спорт мамандары айналыса жатар. Біздікі тек еске түсіріп, айту ғана. «Бокс неге осымен екінші рет алтын медальсыз қалды?», «Балуан елміз дейміз, неге классиктер жүлде ала алмады?», деген сұрақтар кептеліп тұрып қалды...
Осындайда есімізге Токио Олимпиадасы түсіп отыр. Сол додада жапондар 27 алтын, 12 күміс және 17 қола медаль алып, үздік үштіктен көрінді. Бұл – тамаша көрсеткіш. Жеңімпаздары да жетіп артылады. Бірақ мына жайт бізді таңғалдырды:
Токио Олимпиадасында жапонның желаяқ спортшысы Сунья Такаяма кедергілерден жүгіруде іріктеуден өте алмағанын өз көзімізбен көрдік. Бірақ стадионнан тікелей ақпарат таратып отырған телеарна жүргізушілері оған жанашырлық танытып, қолдау көрсетті. Сұхбат алып, оның әлі талай жеңіске жететініне сенім білдірді. Жергілікті жанкүйерлерден қолдау көрді. Мұның барлығын олар не үшін істеп отырғанын қасымыздағы жапон тілшісінен сұрағанымызда, жапондар қолдауы бар спортшының көбісі түптің-түбінде ел намысын абыроймен қорғайтынына сенетінін айтты.
2021 жылы жолы болмаған Сунья Такаяма 2023 жылы Азия ойындарында топ жарып, Жапония құрамасына алтын медаль сыйлады. Міне, осындай бағдарлама, осындай қолдау бізге де керек секілді.
Әрине, біз спорт маманы емеспіз. Алайда Азия ойындары спортқа жауапты құзырлы құрылымдардың шынайы сипатын және қандай деңгейде жұмыс істеп жатқанын көрсетіп бергендей. Нәтижеге қарап шұғыл түрде жүйелі ізденіс пен кешенді шешімдер керек екені байқалады. Спорт функционерлері 2024 жылдың 26 шілдесінде басталатын Париж Олимпиадасына дайындықты дереу, бүгіннен бастау керек екенін жақсы түсінуі керек. Мүмкін, сол кезде спортшыларымыз Азия ойындарында кеткен есені Париждегі додада қайтарар...