«1987 жылдан бастап Целиноград облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде самбодан жаттықтырушы болдым. Бұған дейін туған жерім Байғанин ауданында, сосын Ақтөбе қаласында жасөспірімдерді самбо және қазақ күресіне баптадым. Шәкірттерім облыстық, республикалық турнирлерде жүлдегер атана бастады. Екі жылға жетпей шәкіртім Ақарыс Алмағамбетов оқушылар арасындағы республикалық спартакиаданы, сосын республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамының чемпионатын ұтты», деп сөз бастады қазақ күресі мен самбодан көптеген спорт шеберін дайындаған белгілі бапкер Ғ.Құлекешев.
Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Целиноградта қалалық қазақ күресі және самбо федерациясын құрып, онда вице-президент ретінде жұмысты ілгерілетуге атсалысты. Федерацияға іскер азаматтар Дәурен Нұрмағамбетов президент, Эльбрус Темірғалиев атқарушы директор болып, жас спортшыларды рухани-материалдық тұрғыда қолдауға дем берді. Сөйтіп, Ғалым бапкерліктен бөлек, менеджерлік қабілетін көрсетіп, күрес түрлері жаңа деңгейге көтерілуіне үлес қосты. Көп ұзамай шәкірттері ел намысын халықаралық бәсекелерде қорғап, жүлдегер атана бастады. Мәселен, 1992 жылы Қарағандыда өткен «Сарыарқа батырлары» атты республикалық турнирде Ералхан Оразалиев бірінші орын алып, спорт шебері атанса, сол жылы Минскіде жастар арасында әлем чемпионаты өтіп, онда Әділхан Әбішев қола жүлдеге қол созды. Ал 1994 жылы Краснояр қаласында өткен Азия чемпионатында Александр Сурягин жүлде алды. Бұл – Ғалым бапкердің самбодан жеткен жетістіктері.
Ал бапкердің қазақ күресіндегі жетістіктері тіптен керемет болды десе жарасқандай. Айталық, Рамиль Шарыгиннің 2005 жылы Ресейдің Алтай өлкесіндегі Қосағаш қонысында өткен Азия чемпионатындағы күресі сол кездегі жас бапкердің есінде мықтап сақталып қалды. Қазақ күресінен өткен құрлықтың алғашқы ресми чемпионатында мықты спортшылар өнер көрсетті. Сол жолы Рамиль 90 кг-да және түйе балуан бәсекесінде қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тақты. Кейіннен Ғ.Құлекешевтің елордада баптаған шәкірттері Ғани Сейділдаев 2006, 2008 жылдары, Ерлан Естек 2008, 2014 жылдары әлем чемпионатында топ жарды. Жалпы, Ғ.Құлекешев жаттықтырушы ретінде 20-дан аса спорт шеберін, 3 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін дайындады.
«Біз 90-жылдардың басында федерация ұйымдастырып, қазақ күресін дамытуды қолға алған кезде ұлттық спортты елеусіз, тіпті ешкім керек етпейтін. Ұлттық кодымыздың айрықша белгісі екенін түсініп, жастарды самбомен бірге қазақ күресіне дайындадық. Сосын ресми жарыстардан бөлек, түрлі турнирлер өткізуге мән бердік. Бір кездері «Астана-Бәйтерек» жүлдесі үшін өтетін республикалық турнирдің беделі зор болды. 2002-2004 жылдар аралығында «Астана ақшамы» газетінің жүлдесі үшін елішілік турнир өткізілді. Мұндай ауқымды жұмыстарды бір адамның ұйымдастырып, атқаруы қиын. Дегенмен, осы спорттық іс-шаралардың басы-қасында болып, жоғары деңгейде өтуіне күш салдым. Өйткені балуанның жиі жарысқа қатысуы, оның шеберлігін шыңдай түсетінін білемін», деді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халықаралық дәрежедегі FILA төрешісі Ғ.Құлекешев.
Ұлтжанды бапкердің еңбегі қазақ күресінің ережесі бекітіліп, халықаралық деңгейде мойындалуында көрінді. 2008-2013 жылдары Республикалық қазақ күресі федерациясы, 2010-2016 жылдары Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясында бас хатшы қызметін атқарған кезде кәсіби әлеуетімен танылды.
Ғ.Құлекешев қазақ күресін UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізуге атсалысты. Алдымен халықаралық ұйымға кіретін WoMAU (Дүниежүзілік жекпе-жек өнері одағы) қазақ күресінің ұлттық сипат алғанын дәлелдеу керек болды. Содан 2010-2016 жылдар аралығында Кореяның Чунджу қаласындағы штаб-пәтеріне барып, қазақ күресі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды талдап, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ спортшыларды апарып, қазақ күресінің ережесі және әдіс-тәсілдерінен көрсетілім ұйымдастырады. Яғни алты жыл бойы Чунджуге барып, қазақ күресінің маңызы мен келешегі туралы есеп беріп отырады. Ақыры 2010 жылы WoMAU-дың, 2016 жылы UNESCO-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енді.
Ұлттық күресіміздің жанашыры болған азаматтың қыр-сыры осылай ашылып, бізге сәуле шашады. Бүгінгі таңда зейнет жасына келген бапкердің қазақ спортына сіңірген еңбегін шәкірттері мен жанкүйерлері мақтан етеді. Еңбектің жанғаны деген осы болса керек-ті.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
журналист