Ол «өткен күнде белгі жоқ» дегенмен келіспейді. Ауызша айтылып жататын сансыз рахметті айтпағанда, ресми марапаттар қаншама? Бұлар өткен күннің белгісі емес пе? Оның алған Алғысхат, Құрмет грамоталары жетерлік. Биыл да Сәтбаев қалалық білім бөлімінің Алғысхатын және Ұлытау облыстық білім, ғылым және бюджеттік ұйымдар кәсіподағының Құрмет грамотасын иеленді.
– Бұл марапаттарға да үлкен рахмет, әрине. Бірақ мен үшін ең керемет тарту – Ермек Әділбайұлы мен Гүлшат Серікқызы есімді ата-аналардың құттықтауы болды, – дейді ол.
Ұстаздар мерекесі күні Ермек пен Гүлшат өздерінің 7-сыныпта оқитын Имран, 5-сыныптағы Мәлика, 2-сыныптың оқушысы Исмаил және «Балдырған» тобының тәрбиеленушісі Исамудин есімді ұл-қыздарын ертіп, Қарлығаның құшағын гүлге толтырыпты.
– Біздің төрт баламыз да Қарлығаның қолынан өтті. Жазу, сурет салу, ән айту, тіпті жүріп-тұруға да сол үйретті. Балаларымыздың оқуда озат, өнерлі болуы балабақшадағы алған тәлім-тәрбиенің жемісі деп білеміз. Сондықтан Қарлыға Хамитқызын мерекесімен құттықтап, көңіліміздің белгісіндей гүл шоқтарын сыйлауды жөн көрдік, – деген Гүлшатқа қалай риза болмасқа.
Адамның риясыз көңіліне не жетсін? Еткен еңбек, төккен тер жүрген ортаңдағы қадіріңді арттырып қана қоймайды, ойламаған жерде өзің де таңқалып қалатын осындай тамаша тартуға да кезіктіреді екен.
Ұлытау облысы,
Сәтбаев қаласы