Аймақтар • 11 Қазан, 2023

Мал дәрігерлеріне – 10 автокөлік

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ілгеріде ветеринария саласының білікті мамандары мал дәрігерлері­нің жалақысын көтеру, материал­дық-техникалық базасын нығайту керектігін жиі мәселе етіп көте­ретін. Осы бір өзекті мәселені ше­шуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын өңір басшыларына шегелеп тұрып тапсырған еді. Президент тапсырмасы өңірлерде ретімен орындалып жатыр.

Мал дәрігерлеріне – 10 автокөлік

Ветеринарлық ұйымдардың жұ­мысын талапқа сай жүргізу үшін жер­гілікті билік қолдан келгенше қолдау көрсетіп отыр. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бұл жұмыстар үздіксіз жүргізілмек. Мәселен, таяуда ғана сала мамандарына жергілікті бюджет есебінен арнайы жабдықталған он бірдей «УАЗ» автокөлігі табысталды.

Өңір басшысы ветеринария ұйымда­ры­ның жұмысын жетілдіруге айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Қазіргі кезде облыстағы мекемелерді орталықтандыру жұмыстары мықтап қолға алынған. Бұл жұмыс толығымен аяқталған кезде сала мамандарының әлеуметтік жағдайы арта түседі. Облыс әкімінің айтуынша, еңбегіне адал қызметкерлердің жалақысы көбеймек.

сми

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ветеринария саласын реформалауға айрықша ден қойғаны мәлім. Орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындап, саланы толықтай цифрландыру, маман даярлау, жалақыны арттыру секілді маңызды міндеттерді де жүктеді.

Қазіргі кезде өңірімізде Президент тапсырмасын іске асыру бойынша нақты жұмыстар атқарылып жатқаны даусыз. Облыстағы ветеринарлық ұйымдарды орталықтандыру жұмы­сы жолға қойыла бастады. Енді аудан­­дар­дағы ветеринарлық стансалар өздеріне жүктелген міндеттерді ғана жүзеге асырады. Ал қаржылық-шаруа­шылық мәселесімен облыстық дең­гейде құрылатын кәсіпорын айналысады. Үнемделген қаражат есебінен елді мекендердегі мал дәрігерлерінің жалақысын екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік тумақ», деді өңір басшысы сала мамандарына су жаңа автокөліктерді табыстау рәсімінде.

Өңір басшысы алдағы уақытта ауыл­дардағы ветеринарлық қызмет көрсететін мал дәрігерлерінің жағ­дайын бақылауға алмаққа бел буып отыр. Сондай-ақ ол ветеринарлық стансалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға айрықша көңіл бөлмек. Әсіресе ветеринарлық пункт­терді уақыт талабына сай ғимараттармен, емдеу алаңдарымен қамтамасыз ету жұмыстарына басымдық беріледі.

 

Тараз