Сұхбат • 11 Қазан, 2023

Айсара КЕРІМБЕКОВА: Қарсыластарым мені «Маугли» дейтін

4605 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 80-90-жылдары Айсара Керімбекованың даңқы дүркіреп тұрды. Алматы облысының Кеген ауданындағы Ақтасты ауылының тумасы самбодан әлем чемпионатының екі дүркін (1988, 1992) күміс жүлдегері, КСРО кубогінің (1989) күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының қола жүлдегері (1991), Азия чемпионы (1992), Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері (1994, 1995) атанып, басқа да ірі халықаралық додаларда жеңіс тұғырына көтерілді. Ең бастысы, Керімбекова күрес өнеріндегі қазақ қыздарының көшін бастады.

Айсара КЕРІМБЕКОВА: Қарсыластарым мені «Маугли» дейтін

– Үлкен спорттан қол үзсем де, бұл саладан алыстаған жоқпын, деп бастады әңгімесін Айсара апайымыз. – Ұзақ жылдар бойы Алматыдағы түрлі мектептер мен гимназияларда денешы­нықтыру пәнінің мұғалімі ретінде жас жеткіншектерді спортқа баулып, күрес өнерінің қыр-сырын үйреттім. Қазіргі кезде Алматы қаласындағы құрылыс колледжінде еңбек етіп жүрмін. Ол жерде оқу – тегін. Білім алып жатқандардың дені – қарапайым ауылдың балалары. Мен оларды жаттықтырып, түрлі жарыстарға апарамын. Солардың арасында елеулі табыстарға қол жеткізіп жүрген шәкірттерім де бар.

– Сіз спорттық мансабыңызды 80-жыл­дары бастадыңыз. Ол кезде бұ­рым­дылар күреске аса қызыға қой­майтын. Тіпті ата-аналардың өздері «Балуандық өнер қыз балаға тән емес» деп қарсылық білдіріп жататын. Сіздің де туған-туыстарыңыз әуелде бұл таңдауыңызды құптамаған болар?

– Мен жеті жасымда жетім қалдым. Әкем Керімбек пен анам Қалила – 10 перзент тәрбиелеп өсірген асыл жандар. Мен – сол шаңырақтың сүт кенжесімін. Олар өмір бойы малдың соңында жүрді. Жетім қалғаннан кейін үлкен ағамыз Бәйдіштің қолында тәрбиелендік. Менің де көз ашқалы көргенім – төрт түлік. Малдың соңында жүрдім, қара жұмысқа ерте араластым. Шөмеле-шөмеле шөпті төбемізден асыра лақтырдық, зілдей-зілдей тас көтеріп, қора салдық. Біз осылай шыңдалдық. Одан қалса, көкпар тарттым, бәйгеге шаптым. Әкеміз Керімбек кезінде мықты балуан болған деседі. Сол қасиет маған да жұқса керек, ауылда күрестен жарыс өтсе, ағаларым мені ортаға шығаратын. Той-томалақтарда үнемі ер балалармен ай­қас­тым. Мақтанғаным емес, қарсы шық­қандарды жығатынмын. Өзімнен бес-алты жас үлкен ағам Мұқатай менің әр әре­кетімді қызық көріп, кейде өзім құ­рып­тас ұлдармен төбелестіріп те қоятын. Бір сөзбен айтсам, қыз бала болып, қуыршақ ойнаған күндерім тым сирек.

– Үлкен спорттың соқпағына қалай түстіңіз?

– Ол да бір қызық оқиға. Алматыдағы «Динамо» спорт қоғамында еңбек ететін Сұлтан Аманжолов деген бапкер біздің жаққа жиі ат басын бұратын. Бір күні бір бөшке суды иығыма салып көтеріп келе жатқанымды көріп, қасындағы Бәйдішке «Мына ұл мықты екен. Кімнің баласы өзі?» деп тіл қатады. Сонда ағам «Бұл ұл емес, қыз бала», деп жауап қайырса, Сұлтекең сеніңкіремесе керек. Сонда ішек-сілесі қата күлген Бәйдіш: «Бұл – менің туған қарындасым» дегенде барып қана қонақ жігіт тілін тістейді. Содан Сұлтан аға «Қазір Алматыда арнайы қыздар үшін дзюдо күресінен үйірме ашылғалы жатыр. Бәлкім, Айсараны сол жаққа апарамыз», деп қояр да, қоймай мені астанаға ертіп әкетті. Күрес залына келсем, ол жердегі орыс бапкері мені ұл екен деп жігіттермен күрестіріп қойды. Өзім барып айтайын десем, орысша білмеймін. Сөйтіп, бірер уақыт ерлермен белдесуге тура келді. Содан бір күні бапкерім «Мынау қыз бала ғой, мұнда не істеп жүр?!» деп бұрымдылардың арасына қосты. Ол жерде Қайым Байбосынов ағаның қол астында жаттықтым. Қысқа ғана мерзім аралығында қарсыласымның барлығын жығып, бірден бапкерімнің сүйікті шәкіртіне айналдым.

– Ауылдан Алматыға келген бетте бәсекелестеріңіздің барлығын сыпыра жеңсеңіз, ірі жарыстарда жүлде алу айтарлықтай қиындық тудыра қоймаған шығар?

– Солай десе де болады. Арнайы үйірмеде жаттыққаныма бір ай болған­да бапкерлерім мені дзюдо күресінен Брянск қаласында өтетін КСРО чемпионатына алып барды. Бастапқыда қар­сыластарымды қиналмай-ақ жеңіп, фи­налда өзбекстандық Зыганчинадан же­ңіліп қалдым. Жалпы, бұл белдесуде де же­ңіске жетуге болатын еді. Алайда тәжі­рибенің аздығы сыр берді. Өзіңіз ойлап көріңіз, дзюдоны үйренгеніме бір ай ғана уақыт болды. Ауылда қазақ күре­сінен белдесіп жүрдім. Ол жерде қар­сы­ласыңды қос жауырынымен жерге қа­дасаң, таза жеңесің. Ал дзюдоның ережесі мүлде бөлек. Сөйтіп, «вазари», «юко», «коко» әдістерімен жеңіп жатқанымда, қарсыласым «қылқындыру» тәсілімен сан соқтырып кетті. Сол кезде бапкеріме «Неге сол әдістен қорғануды маған үйрет­педіңіз?» деп қатты ренжігенім бар.

– КСРО чемпионатында жүлде алу­дың өзі – оңай шаруа емес. Оның үстіне сіз бір ай ғана жаттықтым дейсіз. Егер дзюдо күресі сіздің оң жамбасыңызға келсе, неліктен самбоға ауыстыңыз?

– Дзюдодан Кронштадт қаласында өткен халықаралық турнирдің жеңімпазы атанғаннан кейін самбоға ауыстым. Өйткені ол кезде дзюдо КСРО-да кенже дамыды. Ал орыстар өздері ойлап тапқан спорт түрін барынша қолдады. Оның жоғары деңгейде дамып, кеңінен құлаш жаюына кеңес одағының билік басындағы азаматтарының барлығы да мүдделі болды. Күрестің бұл түрінен де асығым алшысынан түсті. КСРО-ны мо­йындаттым, Харлампиевті еске түсіруге арналған халықаралық турнирде екі рет топ жардым. 1992 жылы Азия чемпионы атандым. Екі рет әлем, екі рет Азия чем­пионаттарында жүлдегер атандым. Дзю­додан бес рет, самбодан сегіз рет Қазақ­стан чемпионатында топ жардым. Осы­ның өзі де аз олжа емес деп ойлаймын.

– 90-жылдардағы жағдайдың қан­дай қиын болғаны баршаға мәлім. Сол тығырықтан қалай шықтыңыз?

– Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көп қиналдық. Жарыстарға аз шықтық, мардымсыз жалақы алдық. Сол кездері бос уақытымызда бапкерім Владимир Мамаенко темір-терсек жинап өткізеді, ал мен аула сыпырамын. Сөйтіп, жиналған ақшаның басын қосып, екеуміз жарыстарға барамыз. Қазіргі жастарға соны айтсаң, сенбейді.

– Естуімізше, сізбен бір топқа түс­ке­нін естіген бетте қарсыластары­ңыз бірден сары уайымға салынады екен. Сол әңгіме қаншалықты рас?

– Бозкілеммен қоштасқанша еліші­лік жарыстарда ешкімді бет қаратпаға­ным рас. Қыздардың көбі менімен белдесуге жүрексінетін. Қарсыластарым мені сыртымнан «Маугли» деп атап кеткені де сондықтан шығар. Әлі есімде, оқу-жаттығу жиындарында әр аймақтан келген қыздар қасыма келіп «Тәте, біз сізді қашан жеңеміз?» деп сұрайтын. Мен оларға «Кемпір болғанымда жеңесіңдер» деп күлетінмін.

– Самбошылар үшін ең үлкен арман – әлем чемпионы атану. Бірақ бұл белес сізге бағынбады. Соған қын­жыласыз ба?

– Мен 30 жастан асқанша күрестім. Бірақ әлем чемпионы атағына қол жет­кізе алмадым. Соған кейде налитыным рас. Қайтсем де алтын тұғырға көтері­лемін деп нәрестелі болғаннан кейін де жат­тығуымды жалғастырдым. Заманның апай-топай кезі еді ғой. Жиындар мен жа­рыстарға баруға қаражат жоқ. Бір­де спорт басшысымен жолығып, тағы да екі-үш жылдай күресуге күш-қуатым­ның жететінін айттым. Аздап қолдау көр­сет­сеңіздер деп өтіндім. Сонда ол: «Мен не, бала туған қатындардың бар­лы­ғына жағдай жасауға міндеттімін бе?» деп зекіді. Өзім құрмет тұтқан азамат­тың айтқан сөзінің сиқы – осы. Содан спорт­тан біржола қол үздім. Кеше ғана ала­қанына салып аялаған ағаларым басыма қиын­дық туғанда теріс айналды. Амал­дың жоқтығынан баламды емізіп жүріп, Абай даңғылы мен Алтынсарин көше­сінің қиылысындағы базарда нан, пиро­жок, манты саттым. Бірде Алматы қала­сының әкімі Заманбек Нұрқаділовтің қабыл­дауында болдым. Жерлес ағамыз ғой, ол кісі «Қанша бөлмелі пәтер керек?» деп сұрағанда сасқанымнан «Бір бөлме де жетеді», деппін. Осы күнге дейін сол үйде тұрып жатырмын.

Бір қуанатыным, кейіннен маған бағын­баған белестерді сіңлілерім бағын­дырды. Ең әуелі Сәуле Ғабдуллинаға дән ризамын. Әр жарыс барысында ырым қылып, белбеуімді сұрап алатын. Мен 1996 жылы Қазақстан чемпионатына қатысып, жеңімпаз атанғаннан кейін спортпен қоштасқанымды жариялап, күртешемді Сәулеге сыйға тарттым. Сол жылы Ғабдуллина дәл сол күртешемен күресіп, Токиода өткен әлем чемпионатында бас жүлдені олжалады. Сөйтіп, Сәуле қазақ қыздары арасынан алғашқы болып осындай дәрежеге жетті.

– Бозкілеммен қоштасқаннан ке­йін бапкер немесе маман ретінде сам­бо мен дзюдоны дамытуға неге атсалыс­падыңыз?

– Спортты қойғаннан кейін ешкімге ­керек болмай қалдық қой. Әдетте ше­тел­дік мамандарға келгенде «асатпай жатып құлдық» дейміз. Ал өз өрендерімізді өзекке тебеміз. Одан қалса, осы саланың басы-қасында спорттың иісі мұрнына бармайтын «мамандар» қаптап кетті. Ал көлденеңнен қосылған көк аттылар бізді қайтсін.

– Осыдан бірер жыл бұрын рес­пуб­ликалық басылымдардың бірінен «Атақты спортшы Айсара Керімбекова Алматыдағы КСК-лардың бірінде жұмыс істеп жүр» деген мақаланы оқыған едік. Сол рас па?

– Ол рас. 2008 жылы өзім тұрып жат­қан «Мамыр» шағын ауданының тұр­ғындары КСК-ның басшысы етіп сайла­ды. Сол кезден бері ауламыздағы үш үй­дің «отымен кіріп, күлімен шығатын» на­ғыз қара жұмысшысы болдым. Ауланы тазалаймын, еден жуамын, қыста қар күреймін, басқа да толып жатқан шаруа бар. Соның барлығын жауапкершілікпен атқардым.

– Кезінде сіз қасқырды қамшымен ұрып алған екенсіз. Сол оқиғаның анық-қанығын өз аузыңыздан естісек.

– Бір күні жалғыз өзім ауылдан тыс­қары жерде мал бағып жүргенмін. Бір ме­зетте астымдағы атым үрке бастады. Артынша қойлар жан-жаққа быты­рап, қашты. Сөйтсем, бір қасқыр отар­ға шапқан екен. Қамшы қолымда, қуып кеттім. Ол да сезімтал пәле ғой, алға­шында жас бала деп менсінбеді ме, әй­теуір баяу қашты. Ақыры мен оны қуа­лап жүріп, қамшымен сабап өлтірдім. Көп кешікпей Мәскеудегі орталық басы­лымдардың бірінде осы оқиға жайында көлемді мақала жарық көрді. Іле-шала республикалық газеттердің де тілшілері сұрақтың астына алды. Міне, әпкең осындай еді. Сыйды да, құрметті де, өзектен тепкенді де көрдік.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»