Қоғам • 11 Қазан, 2023

Қоғамдық келісімді өнер ұштайды

260 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Мұқанов атындағы ғылыми кітап­ханада қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің отандық моделін насихаттау аясында қолға алынған «Қазақтану» жобасы тал­қы­­ланды.

Қоғамдық келісімді өнер ұштайды

Облыстық ішкі саясат басқармасы бас­­ты­ғының орынбасары Кемел Оспа­нов­­­тың жетекшілігімен өткен басқосуға Қа­зақ­стан мен КСРО халық әртісі және Мем­лекеттік сыйлықтарының лауреаты, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қас­қабаев бастаған бір топ өнер майтал­ма­ны қатысты. Сонымен қатар этнос­ара­лық­ қатынастар мәселелері жөніндегі рес­­пуб­­­ликалық ақпараттық-түсіндіру тобы, этномәдени бірлестіктер өкілдері, ғылы­ми-шығармашылық зиялы қауым, қоғам­­дық, оның ішінде азамат­тық қо­ғам­ институттарының көш­басшылары болды.

Солтүстік Қазақстан облысы қашанда өзінің көпмәдениетті әралуандығымен қатар, этностар арасында қалыптасқан жылы қарым-қатынасымен ерекшеленеді. ҚХА-ның этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелері – азаматтық қоғам мен мемлекет өкілдері арасында байланыс орнататын буын, этносаралық келісім мен бірлікті нығайту саласындағы мемлекеттік саясатты таратушы рөлін атқарады. Олар өңірдің қоғамдық өмі­рін­де белсенді, облысымыздың атынан­ республикалық және халықаралық дең­гей­­дегі түрлі іс-шараларға қатысады.

Қазақстан халқы Ассам­блея­сының бірегей бағдар­ла­ма­ларының бірі – ел­ хал­қының мәдениетіне, тарихына,­ дәс­түр­­леріне тереңірек үңілуге бағытталған «Қазақ­тану» жобасы. Солтүстік Қазақ­стан облысында бұл жоба ерекше таны­мал. Жоба негізгі 5 бағыт бойынша жұ­мыс­ істейді. Олар – «Ас дәмді болсын!», «Qazaqtime», «Халық мұрасы», «Ұлттық ойын­дармен танысайық», «Асыл мұра». Жоба аясында Наурыз мейрамы қар­са­ңында этномәдени бірлестіктер арасын­да­ «Томпақ бауырсақ» байқауы, қазақ тілін­де «Ғажайыптар алаңы» ойыны, «Шеберлердің қаласы» сәндік-қол­дан­­балы шығармашылық жәрмеңке-көр­месі, ұлттық ойындардан жарыс, жер­гілікті емес ұлт өкілдері арасында «Өне­ріміз саған, Қазақстан!» фестивалі өткі­зіледі. Биыл «Қазақтану» жобасын іске асырудың бір мысалы Шәкәрімнің мерей­тойына арналған бейнероликтер байқау-челленджі болды.

Басқосу кезінде Асанәлі Әшімов, Тілек­тес Мейрамов қоғамдық келісімге қатыс­ты ой-пікірлерін ортаға салды. Өнер майталмандары түрлі этностардың өзара берік достығын орнатуда, сақтауда өнердің алатын орны зор екенін жеткізді. Өздерінің орыс және басқа ұлттар арасындағы достарынан көрген қолдауларын, оларға өздерінің де қолдан келгенше жасаған көмектері туралы қызықты әңгімелерін айтты.

Жиында Ғ.Мүсірепов ауда­ны­ның­ «Ұлытау» этномәдени орталығы төраға­сының орынбасары Николай Вербов­ский, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан университеті «Қазақ­­стан халқы Ассамблеясы» кафед­ра­сының мең­геру­шісі Людмила Гри­вен­ная жобаға қатыс­ты баяндамаларымен таныстырды. Жиында Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласындағы Шыңғысхан акаде­мия­сының Құрметті академигі Ғиззат Табылдин, ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Дарын» жастар сыйлығының лауреа­ты Тимур Жұмырбаев тағы да басқа қаты­су­шылар сөйледі. Жастармен қалай жұмыс істеу қажет, Ассамблеяның осы заманғы бейнесін қалай жасаймыз деген сұрақтар төңірегінде көзқарасымен бөліскен Тимур Жұмырбаевтың баяндамасы тыңдаушыларды қызықтырып, оған тақырыпқа қатысты бірнеше сұрақ қойылды.

Жиынға келген қонақтар ақын Мағ­жан­­ Жұмабай ескерт­кі­шіне гүл шоқ­та­рын қойып, облыстық му­зей­ді тамашала­ды. Сондай-ақ жиынға қаты­су­шы­лар­ М.Қозыбаев атындағы СҚУ ҚХА кафе­д­ра­­сының жұмысымен танысты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы