Мәселен, қазір «Екібастұз көмірінің» бағасы 12 500 теңгеден 14 000 мың теңгеге дейін өзгеріп тұр. «Шұбаркөл көмірінің» бағасы 16 600 теңгеден 19 000 теңгеге дейін құбылады. Ең қымбаты – «Қаражыра көмірі», оның бағасы 20 мың теңгеге дейін барады. Ал «Майкөбе көмірі» 15 мың теңгеден 18 мың теңгеге дейін өзгеруде. В.Лукиннің айтуына қарағанда, көмірдің бағасы шектен шығып кетсе, әкімдік бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі құзыретті органға тапсырма беріп, қымбаттатудың негізділігін тексертеді.
Облыстың ауылдық елді мекендеріндегі жекеменшік үйлерде тұратын тұрғындарға 419 мың тонна көмір қажет болса, өкінішке қарай, соның 200 мың тоннасы ғана жеткізілген. Бұл мәселе алаңдаушылық тудырады. Облыс әкімдігі мен «Жүк тасымалдау» АҚ көмір тасушы вагондардың келуіне мониторинг жасап отыр. Келген көмірдің облыс аймақтарына таратылуы үшін тасымалдаушылармен 228 мың тоннаны тасуға келісімшарт жасалған.
Облыс аумағында көмір қабылдайтын 32 тірек бар, қазір оларда қордаланған көмірдің көлемі – 51 мың тонна. Ауыл тұрғындарына көмір тарату желтоқсан айына дейін жүргізіледі.
«Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін «Севказэнерго» АҚ қарайтын ЖЭО-2 қоймаларында қазір 215 мың тонна көмір, 600 мың тоннадан аса мазут жинақталған, бұл жылу-электр стансасының бір айға жақын жұмыс істеуіне жетеді. Қалған көмір кестеге сәйкес келіп түседі», дейді В.Лукин.