Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Рухани байланысты нығайтудың нық қадамы
Алыстан ат терлетіп, асыға жеткендердің арасында шетелдегі қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының басшылары, жанашырлары және ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды салалардың көрнекті өкілдері мен қайраткерлері бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің рухани астанасы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда «Шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз. Бұл мәселе – менің жеке назарымда», деген еді. Осы орайда Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы шетел қазақтарының кезекті басқосуына ұйытқы болды. Жаңа форматтағы жиын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзімен басталды. Жан-жақтан «Атажұрт» деп жиналған ағайынға арналған игі тілекті Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.
Бейресми мәліметке сүйенсек, шетелде қазір 10 миллионға жуық қандасымыз бар. Форумға осы қазақ диаспорасының үкілеген үмітін арқалап келгендердің бірі – Қытай Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қытай халық жазушысы, Қазақстанның құрметті жазушысы Әкбар Мәжит. Ол аудармашы ретінде 20 жыл бойы еңбектеніп, «Абай ғақлиялары» мен Абай өлеңдерін 2020 жылы Шыңжаң әдебиет-көркемөнер баспасынан кітап етіп бастырған. Екі ел арасындағы әдеби байланыстарға тоқталған жазушы «Қытай мен Қазақстан арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени байланыстар күшейіп келеді. «Отандастар қоры» шетелдегі қандастарымыздың шығармаларын қазақ тілінде шығаруды қолға алғанын құптаймыз, себебі Қытайда белгілі, беделді, қаламының желі бар ақын-жазушылар жеткілікті. Шетелдегі талантты қазақ ақын-жазушыларының мерекелі, айтулы күндерін де атажұртта атап өтіп, оларды мемлекеттік әдеби сыйлықтармен марапаттау қажет», деді.
Ал Моңғолиядан келген Ұлттық ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыпар мұндай форумдардың маңыздылығына, шетелдегі қазақ ұйымдарымен Қазақстан арасында өзара ынтымақтастық орнату қай уақытта да өзекті екендігіне тоқталды. Сондай-ақ ол Өскемен – Өлгей арасында әуе қатынасын жолға қойып, Өлгей қаласында Қазақстан елшілігінің консулдығын ашу секілді ұсыныстарын айтты.
Ата-бабамыздың ғасырлар тереңінен бізге мұра еткен өнері мен мәдениетін әлем халықтары арасында насихаттау мен таратуды шетелдегі отандастармен бірлесе ілгерілетудің жайын «A-studio» музыкалық тобының продюсері Байғали Серкебаев сөз етті. Оның пікірінше, елдің беделін өнер арқылы қолдау қажет. Әрі осы мақсатта ол қазақ жастарымен тәжірибе бөлісуге дайын екенін жеткізді. Ал Өзбекстан Республикасының Табиғи ресурстар министрінің кеңесшісі Расул Көшербаев Өзбекстандағы жастар мәселесін көтеріп бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Франциядан келген қандасымыз, Крейл қаласы әкімінің мәдениет бойынша орынбасары Ешим Саваш Еуропадағы қазақ жастарына осы аймақта Парижде немесе басқа қалаларда арнайы форум өткізілсе, «Ата жолы» картасын алу жеңілдетілсе деген пікірін айтты. АҚШ-тың «Google» компаниясында қызмет атқаратын жерлесіміз Арай Сабыржан Қазақстандағы бос жұмыс орындары, инвестициялар және білім беру мүмкіндіктері туралы өзекті ақпаратты таба алатын ақпараттық платформалар мен ресурстарды құру керек деген ойда.
Форум аясында қандастардан бөлек, 100-ден аса отандасымыз бас қосты. Жиылғандарға «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» атты панельдік сессиялар ұйымдастырылды.
– «Отандастар қоры» кейінгі екі жылда Германия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолияда қандастарымызбен келелі жүздесулер өткізіп, іргелі мәселелерді талқылауға түрткі болды. Бұл жиын соның атажұрттағы жалғасы деуге негіз бар. Басқосудың маңызы зор. Әлемнің төрт тарабын мекендеп, ұлттық болмыс пен қазақы қалпын сақтап қана қоймай, терең білімі мен бірегей дарынымен биік белестерді бағындырып, еліміздің атын шығарып жүрген қандастарымыз қандай да болсын құрметке лайық. Әлемнің түкпір-түкпірінен елге түпкілікті оралып, еңбегімен елеулі болып жүрген қандастарымыздың қатары көп. Сондай-ақ бұған дейін тарихи отанына оралған отандастарымыздың бірқатары да осы жиынға қатысып отыр. Бұл да қуантарлық жағдай. Бұны қазақ халқының кең пейіліне, байтақ еліміздің қазіргі дамуына тілеулестігі мен ыстық ықыласы деп білеміз, – деді «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы.
Ел дамуындағы қандастардың рөлі маңызды
Алқалы жиында қандастарымызға ортақ диалог алаңы ұсынылып, елдік мәселелер сөз болды. Белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов «Ел дамуында қандастардың рөлі» атты панельдік отырыста шетелде білім алып, тәжірибе жинаған қазақ жастарын Отанына қызмет етуге шақырды.
– Кәсіпте жүргеніме 30 жыл болды. Шетелде көп жүремін. «Әр қазақ – менің жалғызым» демекші, қай жерге барсам да, қазағымды іздеймін. Кім бар, не істеп жатыр, оның ішінде кәсіпкер бар ма деп іздеп, басын қосқым келеді. Біз елімізді қалай дамытамыз әрі ол үшін елде және шетелде тұрып жатқан қазақтар не істеуі керек? Кәсіпкер ретіндегі пікірім, шетелдегі қазақтардың басын қосатын түрлі іс-шаралардың көбі қаражатқа келіп тіреледі. Бүгін «жаңа орталық ашайық, мынадай іс-шара өткізейік» деп жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрі қаржыға келіп тіреледі. Осыған орай елім, ұлтым дейтін кәсіпкерлер болса бірлесіп, көп нәрсені шешуге болады. АҚШ, Еуропада және өзге елде тұратын қазақтар сол мемлекеттегі ғылым мен технологияны елімізге тартуы қажет. Сондай-ақ атажұрттағы жағдайы бар кәсіпкерлер шетелдегі қазақ жастарына қолдау көрсетіп, кәсіп ашуына жағдай жасауымыз керек. Әр мемлекетте бірнеше қазақ кәсіпкері болса, сол елдегі қазақ диаспорасына, тұтас Қазақ еліне қызмет жасайды. Дамыған елдердің тәжірибесін алайық, мысалы Қытай 30-40 жыл бұрын қандай ел еді, қазір қандай? Дамыған мемлекетке айналды. Тарихын қарасаңыз, сыртта жүріп білім алып, тәжірибе жинағандар Қытайға келіп көмектесті. Сол себепті шетелде жүріп білім алып, тәжірибе жинаған қазақтар елге көмектесуге тиіс. Қандастардың бәрі елге қайтқысы келеді. Ол үшін алдымен жағдай жасау қажет. Олар кәсіп ашып, табысы артса, отбасы мен әулетін көшіріп әкеледі. Қазақтай бауырмал ел әлемде жоқ деп ойлаймын. Бір қуатты кәсіпкер болса, тұтас әулетін сүйреп жүреді. Мен қазақ жастарына сенемін. Шеттегі ағайын-бауырға қолдан келгенше қолдау көрсетемін. Еліміздің барлық кәсіпкерін осы мақсатта бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын, – деді Исламбек Салжанов.
Меценаттың сөзін жалғаған кәсіпкер Жалынбек Жайнарбай дүйім жұртқа 2024 жылы «Отандастар» бизнес-форумын өткізу керек деген ойын айтты.
– Тарихи отанымыздың экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуына үлес қосу – әрқайсымызға ата-бабамыз қалдырған аманат. Жүрегі «қазақ» деп соғатын азаматтар еліміздің жарқын болашағы үшін жиналуға шақырамыз. «Отандастар» форумы жанынан меценаттардан құрылған қор ашсақ деп отырмыз,– деді Жалынбек Жайнарбай.
Сессия барысында америкалық қазақ, қазіргі «Nazarbaev University» профессоры, Жаңа материалдар және күн энергетикасының жүйелер зертханасының жетекшісі Нұршат Нұраже отандық ғылыми жобаларға шетелдегі қазақ ғалымдарының қатысуына рұқсат беруді сұрады.
Ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері
«Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері» атауымен өткен панельдік сессияға Қытайдағы танымал актриса, режиссер, тележүргізуші Жанар Сағат, Германиядағы Кельн қаласындағы қазақ қауымдастығының төрағасы, Еуропа қазақтары құрылтайының төрағасы Садия Сүрер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Полтавская, саясаттану ғылымдарының докторы, РФ Президенті жанындағы Халық шаруашылық академиясының профессоры Раушан Қанапиянова, АҚШ-ғы «Silkroad Innovation Hub» басшысы, «Digital Nomads» ұйымының негізін қалаушы Әсет Әбдуәлиев сынды жаһан жұртшылығына қазақ халқын, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген азаматтар сөз сөйледі.
– Мен кезінде Мәскеудің кино академиясында оқығанмын. Сол жерде режиссерлік кәсіпті бітіріп, Бейжіңге қайтып, содан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Кеңес одағы жаңа ыдыраған кезде ТМД елдерінің «Мир» телеарнасында 1-2 жылдай тележүргізуші болдым. Көбіне тарих тақырыбындағы телехикаялар түсіргенмін. Көбі ұлттық марапаттарға ие болды. Отандастар форумына алғаш рет қатысып отырмын. Маған өте ұнап жатыр. Кешеден бері сондай жылы жүзбен, жылы көңілмен бізді қарсы алып жатыр. Бағдарлама да жақсы жасалған. Дүниежүзінің әр жеріндегі қазақтардың басын қосып, бір-бірімізбен пікір алмасуға, бір-бірімізді түсініп, білуге өте жақсы мүмкіндік жасаған Отандастар қорына рахмет дейміз, – деді Жанар Сағат.
Ал Садия Сүрер алты құрлыққа тарыдай шашылған қазақтың басын қосқаны үшін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол сөз арасында «Ана тілім қанмен берілгендіктен, тілімді ұмытуға хақым жоқ», деді.
– Германиядағы қазақтар жиі бас қосып тұрамыз. Той-томалақ, аста ғана емес, басқа да рухани байланыс орнайтын жиындар жиі өтеді. Мұның барлығы да біздің жас ұрпақтың ұлттық тамырынан ажырап қалмауы үшін керек. Біздің балаларымыз ана тілін ұмытпауы үшін, жаһандануға жұтылып кетпесін деп жиі жиналып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп келеміз. Астана қаласы күннен-күнге көркейіп барады екен. Жас мемлекеттің өркендеуі ел ішіндегі тыныштыққа тікелей таңулы, – деді Садия Сүрер.
Медиа және заманауи трендтер
Форумда дүниежүзі қазақтары арасындағы медиа байланыс бағыты және заманауи трендтер қамтылды. Бұл сессияны «Қазақ газеттері» серіктестігінің Бас директоры Дихан Қамзабекұлы жүргізді. Басқосу барысында шетелдегі және отандық медиа саласындағы жаңа жетістіктер мен қоғам назарын бұрған заманауи жаңалықтар туралы айтылды.
«Кезінде Алаш зиялылары «Қазақ» газетінің түндігін батыс жақтан түргенін білесіздер. Өйткені Батыстан технология сәулесі түсіп тұрсын деген нышандық мәні бар еді. Сондықтан да біз бұл жиында шетелден келіп отырған қаны бір қандас ағайындармен бірге әлемдік медиа саласының жаңа мүмкіндіктерін бірге талқыламақпыз», деді Дихан Қамзабекұлы.
Сессияға «Jibek Joly» телеарнасының директоры Еркежан Күнтуған, «Үркер» ұлттық байқауының жеңімпазы, «Қазақ елі» журналының бас редакторы, «Қазақ-түрік білім және зерттеу қоғамы» басшысы Ертолқын Гайреттуллах, белгілі мобилограф Қыран Талапбек, «Сұрауы бар» YouTube каналының авторы, «Halyq Uni» медиахолдингінің бас продюсері Ербол Сейілхан қатысып, баяндама жасады.
Еркежан Күнтуған шетелдегі қазақтар арасындағы телеарна ашуда біраз қиындықтар барын атап өтті. Оның айтуынша, қазақ елімен теле байланыс орнату керек. Ал Түркиядан келген Ертолқын Гайреттуллах шетелдегі қазақтілді БАҚ қауымдастығын бөліп қарастырмау қажеттігін айтып, жалпы қазаққа ортақ қауымдастық құру керек екенін жеткізді. Заманауи жаңа медиа саласында біршама табысқа жеткен мобилограф Қыран Талапбек пен YouTube блогері Ербол Сейілханның баяндамасы жиналған жұртшылықтың қызығушылығын оятты. Мәселен, Қыран Талапбек мобилография елімізде жеке мамандық деңгейіне көтерілгенін жеткізді.
«Мен Қытай елінен бес жасымда көшіп келіп, атамекенде өсіп ержеттім. Жетістігім – жаңа технологияны дер кезінде игеруім. Мен қолымдағы телефон арқылы танымалдылыққа ие болдым. Мобилограф жылдамдықты қажет ететін мамандық. Едел-жедел хабар таратуда бұл кәсіптің мүмкіндіктері өте жоғары. Бүгін әлемнің әр бұрышынан жиналған отандастарымызға мобилограф тек хабар таратуға ғана емес, сол арқылы жарнама жасап та мол табысқа жетуге болатынын айтқым келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы мобилограф маманы болғанымды ерекше мақтанышпен айтамын. Бұл маған мол мүмкіндіктер туғызды», дейді Қыран Талапбек.
Ал YouTube блогері Ербол Сейілханның айтуынша, дүниежүзіндегі қазақтармен тығыз байланыс орнатуда әлеуметтік желінің септігі мол. «Сұрауы бар» YouTube арнасы немесе «Halyq Uni» медиахолдингі шетелдегі қандастармен байланыс орнату үшін ортақ жоба дайындауға, тіпті сол арқылы табыс табуға болатын сабақтар өткізуге дайын», дейді ол.
XXI ғасырдағы қазақ тілі
Бүгінде әлемде қазақ тіліне деген қызығушылықты және оның қолдану аясын кеңейту мақсатында бірқатар іс-шара жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Абай институты бағдарламасы. Бұл туралы «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері» атауымен өткен панельдік сессияда «Тіл қазына» ҰҒПО Абай институтының жетекшісі Айгүл Орманова сөз етті.
– Германияда Гете, Испанияда Сервантес, Түркияда Юнус Эмре институты секілді әлемде өз тілін, мәдениетін, тарихын дәріптейтін 25 ірі институт бар. Дәл осындай мақсатта құралған Қазақстандағы Абай институты 2020 жылы қызметін бастады. Институт өте іргелі, жұмыстарды атқарып келе жатыр. Қазақстанда және шетелде қазақ тілін үйретеді. 2020-2021 жылдары бағдарлама іске қосылғалы арнайы портал әзірленіп, офлайн курстар ұйымдастырылып келеді. Дәрістер Германия, Ресей, Түркия, Франция, Иран, Бельгия, Моңғолия секілді мемлекеттерді қамтыды. Атап айтқанда, 2020 жылы – 5 офлайн сынып, 2021 жылы – 7 офлайн сынып, 2022 жылы – 10 офлайн сынып, 2023 жылы 10 офлайн сынып өтті. «Қазақ тілін үйрету: Қазақстандық және шетелдік тәжірибе» атты жыл сайынғы шетелдегі қазақ тілі оқытушыларына арналған біліктілік арттыру курсы 2021 жылы 100-ге жуық, 2022 жылы – 57, 2023 жылы 60-тан аса шетелдік оқытушы сертификат алды, – деді ол.
«Тіл қазына» басшысы Мақпал Жұмабай модераторлық еткен сессияда қазақ тілінің жанашырлары өз жұмыстарын таныстырып, ой-пікірлерін айтты. Қазақ-Мажар «Барс» қоры мәдени байланыс бөлімінің меңгерушісі және еліміздің Мажарстандағы елшілігінің жанындағы «Абай» орталығының меңгерушісі Оңайша Мандокидің ұсынысымен қаны қазақ болмаса да, жаны қазақ жас ғалым Дәуіт Шомфаи Қара сөз алды.
– Әр халықтың рухани байлығы – ата-балалардан қалған ана тілі. Мен – қазақ тілінің жанашырымын. Тіпті көшеде жүрген кезде орысша сөйлейтін кішкентай балаларға ескерту жасаймын. Жүрегім ауырады. Өйткені қазақ тілін сақтасаңыздар, қыпшақ тілі де жойылмайды. Бір кездері дүниеге кең таралған қыпшақ тілі, қазір Қазақстанда ғана ресми мәртебе алған. Ноғай, қарақалпақтардың жағдайын бүтін жаһан жақсы біледі. Мемлекеті жоқ, сәйкесінше ана тілдері бұрмаланып кеткен. Егер қазақтар ата-бабаның тілі қыпшақ тілін сақтап қалмаса, жойылып кетер еді, – деді Дәуіт Шомфаи Қара.
Тайқазан толы болсын!
Форумның қорытынды сессиясында Өзбекстан қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов биыл іске қосылған «Ата жолы» картасы алыстағы ағайын көшін жетелейтін алтын бұйда екенін атап өтті.
«Күллі қазақтың басын қосқан осынау жиынды ұйымдастырған «Отандастар қорына» бар қазақтың атынан шынайы алғыс білдіреміз. Өзбекстанда 1989 жылы 4 млн қазақ бар еді, 800-ге жуық мектебіміз болды. Қазір 1 млн көлемінде қазақ бар. Атамекенге көшіп келіп жатырмыз. Ендігі жерде «Ата жолы» картасы қазақ көшіне мол септігін тигізеді деп сенеміз», деді қандасымыз.
Айта кетейік, 1991 жылдан бері елге 1 млн 123 мың қандас оралған. Ал биыл елге келгендердің басым бөлігі – Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Түрікменстан мемлекетінен. Азаматтар Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облысына қоныстанды. Қандастарға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде, тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) мөлшерінде көмек көрсетілді.
Жиын соңында «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы шетелден келген қонақтар мен баяндамашыларға алғысын білдіріп: «Күндердің күнінде жусанның иісі сіңген бауырлар бірге болады. 62 тамырдағы қан тартады. Атамекен жері тартады, бауырын аңсаған ел тартады, Отанға оралып, тамырын бекітеді. Қиық құралып, құрақ болады. Әр қазақ туған жерге ту тігеді. Мен соған сенемін», деп жиынды қорытындылады.