Түркия табысты жүргізген экономикалық саясатының нәтижесінде әлемде 16-орынға, ал Еуропада 6-орынға көтерілді. Демек бұл ел Қазақстанның аймақтағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі бола алады. Меніңше, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін технология саласына екпін беру қажет. Өйткені технологиясы мықты ел қай жағынан болсын бәсекеге қабілетті, өзге мемлекеттердің алдында еңсесі биік, өресі жоғары тұратынын қазіргі жаһандағы ахуал дәлелдеп отыр. Бұл ретте ең алдымен екі ел арасындағы жоғары оқу орындарымен байланысты жетілдіріп, жастарға бағыт-бағдар берген абзал. Мемлекеттің әр азаматы өз саласындағы білімін шыңдап, жетілдіріп, қайтсем қазаққа қызмет ете аламын деген сауалды қойып, жанашырлық мүддемен бастамаларды жүзеге асырғаны дұрыс.
Сондай-ақ Қазақстанның бидайы әлем сұранысына ие екені белгілі. Міне, осы орайда екі мемлекет жаһандық нарықтағы сапалы астықтың үлесін арттыру және өнімді жеткізудің келешек бағыттарын жүйелеу жолдарын қарастыруы қажет. Яғни Түркия арқылы байланыс орнатып, Еуропа еліне жіберуге болады. Бұған қоса Қазақстан – пайдалы қазбаларға толы мекен. Осы бағытта да экспортты жолға қою керек. Тіпті оларды құрғақ күйінде жөнелтпей, өндіріс орындарын ашуды көздеген дұрыс.
Серкан ДИНЧТҮРК,
Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы төрағасының бірінші
орынбасары, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі
Белсенді жастарға қолдау қажет
Қазақтардың басым бөлігі АҚШ-тың Нью-Йорк, Калифорния, Чикаго, Техас, Маями штаттарында шоғырланған. Бұған қоса Қазақстаннан жыл сайын қоныс аударатын отандастар саны артып келеді.
Осы диаспораның ішінде, өзінің қазақ екеніне мақтанатындар, күнделікті өмірде қазақтың салт-дәстүрлерін сақтауға ұмтылатындар бар. Көпшілігі Наурыз секілді ұлттық мерекелерде жиналып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, қазақтың мәдениетімен байланыста болуға тырысады. Шетелдегі қазақ жастарының көшбасшылық дағдыларын қалыптастыруға және диаспора қызметтеріне белсенді қатысуға ынталандыру, қолдау көрсетудің де маңызы зор. Шетелдіктерді қайтару үшін қолдау мен ақпарат беретін қазақстандық органдармен және компаниялармен байланыс орнатуға мән берген жөн. Сондай-ақ шетелдер өмір сүретін қандастарымыздың мүдделерін көрсете алатын кәсіби қауымдастықтар мен бірлестіктер құруға қолдау көрсету, Қазақстанда жобаларды іске асыру үшін қажетті дағдыларды дамыту мен гранттарды тарту үшін мамандандырылған білім беру бағдарламалары мен курстарын құру да – өзекті мәселе. Отандастарға қазақ мәдениетін, тарихын және тілін үйренуге мүмкіндік беретін түрлі білім беру курстары мен іс-шараларын дамыту, шетелде қазақ мәдениеті мен өнерін насихаттауға ықпал ететін мәдени зерттеулерді, сондай-ақ жасанды жобаларды қолдау қажет.
Арай САБЫРЖАН,
«Google» компаниясының қызметкері, АҚШ
Атамекенді ешқашан ұмытпаймыз
Өткен ғасырдағы тар заманда, мойнына қылбұрау түсіп, тағдырдың теперіші мен отарлаушының қиянатын көріп, езгісінде қалған бабаларымыз ұрпағының амандығы үшін атажұртынан шетелге ауып, үдере көшті.
Міне, сондай «тар жол, тайғақ кешуді» басынан өткерген, алақұйын заманның дауылы шайқаған буынның кейінгі ұрпақтары тәуелсіз Қазақ елінің астанасында бас қосып, соқталы мәселелерді көтеруі – орасан жетістік. Біз қай қиырда жүрсек те арқасүйер тірегіміз, қорған болар қамқоршымыз атамекен – Қазақ елі екенін ешқашан ұмытпаймыз. Германия қазақтары үнемі түрлі іс-шарада бас қосып, үшінші буын саналатын жас ұрпақ ұлттық діңінен ажырап қалмауына күш салып келеміз. Мен Түркияда туып-өстім, Германияға қоныс аударғаныма жиырма жылдың жүзі болды. Өкініштісі, біз үйде ана тілінде сөйлегенімізбен, оқуда, жұмыста, көшеде өзге тілде қарым-қатынас орнайтындықтан балаларымыз ана тілін ұмытып бара жатыр. Мұндай форумның ұйымдастырылуы шеттегі қандас ағайынның қазіргі тамыр соғысы қандай екенін айқындауға септігін тигізеді. Германиядағы қазақтар той-томалақ, аста ғана емес, қоғамдық жұмыстарда да, рухани-мәдени кештер өткізіп те жастарымыздың бойына қазақылықты сіңіруге күш салып келеміз.
Осы жылы Германияның Залах қаласында «Қазан» қазақ қауымдастығының төрағасы Валерий Оствальдтің тікелей ұйытқы болуымен «Абай үйі» ашылды. Мұның барлығы жас ұрпақтың ұлттық құндылығымыздан ажырап қалмауы үшін қажет. «Отандастар қоры» ұйымдастырған бұл форумның тәлімдік, тәрбиелік мәні зор.
Садия СҮРЕР,
Германия қазақтары қауымдастығының, Еуропа қазақтары құрылтайының төрағасы