Президент • 12 Қазан, 2023

Президент Дрейпер Университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпермен кездесті

100 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы және Дрейпер Университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпермен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Дрейпер Университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпермен кездесті

Президент Digital Bridge халықаралық форумына белсенді қатысқаны және мазмұнды баяндама жасағаны үшін Тим Дрейперге алғыс айтты. Мемлекет басшысы танымал Meet the Drapers реалити-шоуының бір эпизодын Қазақстанда түсіру туралы бастаманы құптады.

Кездесу барысында венчурлық капитал мен стартаптар индустриясын дамыту мәселелері, сондай-ақ алдағы жоспарлар мен ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.

Тим Дрейпер өз компаниясының венчурлық капиталды дамытуда бай тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ Draper Fisher Jurvetson компаниясы Орталық Азия өңіріне, атап айтқанда, Қазақстан нарығына зор қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев венчурлық капитал нарығын құру үшін Қазақстанда берік институционалдық, құқықтық және қаржылық негіз қаланып жатқанына назар аударды. Еліміз Draper Fisher Jurvetson секілді халықаралық венчурлық қорлардың Қазақстан нарығына келуіне кең жол ашады.