Зерде • 12 Қазан, 2023

Екі көкпар – бір тартыс

331 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сөздің асылын теріп, талғап жазатын Тәкен Әлімқұловтың шығар­малары «әу» дегізбей қоймайды. Көлемділерін айтпағанда, шағын әңгімелерінің өзі неге тұрады? Әсіресе «Көкпары» қызық қой. Тоқтықтан іші қызбаған, тойып та, тоңып та секірмеген Тарбанның қылығы кімді болсын қайран қалдырады. Оқырманды сұрақтың астына алып, ойландырады.

Екі көкпар –  бір тартыс

Қырдағы елдің ерлік салты дейміз бе, құтырынған мінезі дей­міз бе, осы жағын тап басып айту қиын. Жаз ортасы ауа қызыл­сыраған жігіт ағасы жалғыз көк сер­кесін бауыздап алған соң, терісін сыпырып, жайғастыра қойса болар еді ғой. Ол өйтпейді. «Әй, осыны тақымға басып, желін шығарып алсам қайтеді» деген ой маза бермей, ақыры ат үстінде қарымын байқап көреді. Айтпақшы, әкесі Назар аймаққа мәлім айтулы шабандоз, өкініштісі, ажалы көкпардан бол­ған. Солай бола тұра Тарбан да оқта-текте «Неге көкпаршы болмадым екен?» деп кейитін. Бәлкім, сол кейісінің орнын толтырайын деді, бәлкім, қанда бар қасиет, жа­тақ Тарбан соймақ серкесін тақым­дап, етін бір жұмсартып алмақ әрекеті сорға айналады. Әкесі көкпар тартып жүріп қайтқанын да білетін, бір жағынан шабандоз болудан қорқатын. Дәл осыған ұқсас оқиға Дүкенбай Досжанның «Көкпарында» да бар.

Көкпардың ең ауыры – дода. Мұны Тәкен де, Дүкенбай да су­рет­тейді. Үлкен додаларда жүз, екі жүз аттылы бір серкеге тала­сады. Бертінде салма көкпар шық­қалы дода қазір жоққа тән. До­дада өлген-тірілгенін білмейді жі­гіттер. Кескілескен ұрыс секілді. Талайы мертігеді. Мертіккені былай тұрсын, жазым болады, өлім құшады. Сонда да қоймай көкпар тартады қазақ. Неге? Жоғарыда аттары аталған екі жазушы да осыған тоқталады, көкпар арқылы қазақтың табиғаты мен тағдырына дендейді. Өліп жатса да, өлетініне көзі жетсе де қоймайтын бұл не деген көзсіздік?

Қос әңгіме этнографиялық сипатта болғанымен, далалықтардың мінез-құлқы, атқа мінсе, рухтанып ке­тетін асау, тарпаңдығы қылаң ұра­ды. Тәкен әңгімесінде көк­пардан қорқақтайтын Тарбан көк серкесін өзді-өзі тақымдап қыз­ықтап жүргенде аттылы екі ауыл­дасы килігіп, тұтқиылдан тартыса жө­­нелгенде әлгі қорқағың қы­зы­нып, аруақтанып кетеді. «Шапқан ат­тың құлағында шарап болады деседі. Көкпаршыны «қызды-қызды» құртатын деседі», деп келтіреді автор. Демек, ат құ­лағында ойнап, көкпар тарту қанға сіңген қасиет болғандықтан, «ондай көзсіз ерлік қайда апарды?» дей алмаймыз...

Дүкенбайдың «Көкпарындағы» Сердалы әкеден жастай қалған жал­ғыз. Шеше, туған бауыр жоқ, ру­­ластары ғана бар. Әкесі Сері­құлдың ажалы көкпардан келген. Сердалыға сол ойынның не қажеті бар еді? Бір жағынан қанда бар, екінші жағынан  еш қамқорсыз жалғыз қалған соң атқа мініп, жылқы бағып кеткен. Атқа мінген жігіттің ермегі – көкпар. Үшінші жағынан ауыл ақсақалдарының қамшылар сөзі бар емес пе? «Са­дағаң кетейін, көкпардың пірі еді. Қырғызалының намысын бер­мей өтті ғой. Әкесіне тартса, мына көкпар осы баланікі болар. Әкеңді көрген ақсақалдарға көрсет өне­ріңді!», деген сөздер қолтыққа дым бүрікпей қоя ма?

Әрине, мұндай сөздерден соң Сердалы жанып түседі. Бірінші көзге түседі. Топты жарып суыры­лып алып шығады серкені. Аты­ның бірер тері ішінде екенін біледі, жарауы жетпеген. Сөйтсе де қор­жындаса тартқанда қатарынан үздік шығып бір байқайды да, Сердалы көкпарды тастап, әрірек барып тұрады. Қайтсам ба деген ой меңдейді. Оның үстіне мана ауылдан шығарда біртүрлі қо­балжып, жүрегі атқақтағаны есінде еді. Сүйгенін де ойлайды: «Осыдан қолға бірер мал бітіріп қосылсақ! «Қо­­сылмақ боп уәделескен!» Керегі жоқ көкпардың! Жастығын қор етіп бітті. Өздері-ақ намысқа құр­бан болып қырқыса берсін. Қасында Қа­рақыз, алдында бес-он тұяғы болса бол­ғаны. Тыныштық керек, тілемейді артықты». Бұл – Сердалының ішкі ойы.

Солай екіойлы болып тұрған Сер­далыға ел үлкендері «Доданы бұзсын, намысты жықпасын», деп сәлем айтып жібереді. Сүйгенін ойлап, қайтуға бет алған Сердалыға! Намысқа шап­қан қазақ емес пе? Додаға енеді Сердалы. Доданы бұзу деген айтқанға ғана оңай. Тебісіп, қамшыласқан жүздеген аттылыны бір шетінен бұзып-жарып, серкеге таласқан ортасына килігудің өзі қиямет-қайым білгенге. Одан әрі күшіңді асырып, айлаңды қосып, серкені ал­ған күнде қалың аттылыны қа­ғып-соғып шығу деген... Бұл жер­де өзі пұшпағынан ұстай алмаса да, киіп-жарып арандатып, серкені тақымдап тартып бара жатқанды сыртынан қамшымен соғып, қастандық қылатын шалдуар дүлейлер көп. Оны автор: «Өздері шығармаса да өзгеге шығартпайды. Сан тосқауыл адамды да, атты да жаншып жібереді», дейді. Тура өмірдегідей, өзіне қатысы болмаса да, қағып тастауға тырысады. Жазушы осы тұсын жеткізе білген көкпардың. Бір оқыған байқай бермеуі мүмкін-ау, қайталап оқығанда екі әңгімеде де көкпар қазақтың өз тағдыры деген ойларға жетелейді. Адам тағдырын өзі жасайтынға ұқсайды. Сол ойды қапысыз суреттейді.

Ауылдың өжет ері, жап-жас, отау құрмаған Сердалының доданы бұзғаны неге керек, соңында өліп тынса? Соңында қалған тұяқ жоқ. Тұл кетті. Оны ойласаң бұл Сер­да­лы­ның да, әкесінің де қасі­реті емес, жасынан тартысып өт­кен жұрттың, қазақтың қасі­ре­тіне айналып шығады. Атасы кәмпескеленіп аштықтан не репрессияда атылған, әкесі соғыстан қайтпаған жалғыз ұлды ақыры көк­парда өз қазағы тепкілеп, қам­шылап өлтіргендей жағдай емес пе? Басында әлгіндей тағдыры бар жетім қазаққа ендігі уақытта тартыса беріп не керек?

Ал Т.Әлімқұловтың «Көкпа­рын­дағы» Тарбан жаздай семіртіп, күзде бала-шағасының аузына тосқалы отырған серкесінен айы­рылғаны өз алдына, астындағы торы дөнені омақаса құлап, мойыны қайырылып, пышаққа ілігеді. Сөйтіп, таза-тақыр қалған соң оған аталасы Әмірбек астындағы атын мінгізіп жібереді. Бұл да қыр қазағының мәрттігі. Кешке үйіне біреудің атын мініп, алдына ақ-адал малы серкесінің орны­на торы дөненінің ертоқымын өңгеріп барған қазақ мана өзі кесіп лақтырып кеткен серкенің төрт сирағының құйқасын қай бала­сының аузынан табар екен?