Ажалдың аранынан жас баланы аман алып қалу – өмір бойы есте қалатын ерекше ерлік деп атасақ, еш қателесе қоймаспыз.
Күтпеген дабыл 101 телефонына 27 қыркүйекте сағат 14.00-де түсті. Жуков көшесі, 3 үй мекенжайындағы 6 қабатты тұрғын үйдің соңғы қабатындағы пәтерден от лаулап жатқаны хабарланды. Дереу жеткен петропавлдық өрт сөндірушілер баспалдақ тамбурына жетер-жетпестен алдыңғы есіктің астынан будақтаған қалың түтінге тап болады. Улы түтін пәтер тұрғындарын, әсіресе жоғарғы қабаттардағы жандарды эвакуациялауға кедергі келтірді. Соған қарамай өрт сөндірушілер 12 тұрғынды, оның ішінде 3 баланы баспалдақпен көшеге шығарды, ал газды түтіннен қорғайтын қорған-шлемдері бар топ түтін бұрқырап жатқан пәтерге кірді.
«Пәтердің барлық бөлмесін қою түтін тұмшалапты. Шамасы жатын бөлме болса керек, сол жақта шатырлап жеке заттар жанып жатты. Біз бөлмелердің бірінде бала бар екенін алдын ала білдік, өйткені ол 101 қызметіндегі диспетчер Жанерке Жиентаеваға бейне-қоңырау арқылы өзінің қай жерде екенін көрсеткен екен. Біз оны түкпір бөлмеде басын бұғып отырған күйінде таптық. Бірден терезені шағып, таза ауамен дем алдырдық. Қолынан жетелеп, кіреберістен шығарған соң жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық. Жолда ол мүмкіндігінше тынышталды. Осы кезде өзімнің үйде күтіп отырған үш балам есіме түсті», дейді ТЖД Өрт сөндіру қызметінің №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Балқат Төкин.
Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан тұтанған өрт 14 сағат 34 минутта толық сөндірілді. Оның шарпыған аумағы 5 шаршы метрді құрады. Өрт сөндіруге жеке құрамның 23 адамы және 7 бірлік техника жұмылдырылды. Түпкілікті себеп пен залал алдағы уақытта анықталады.
Осылайша, денсаулығына әсер ету дәрежесін анықтау үшін ауруханаға жеткізілген 12 жастағы бала ажалдан құтқарылды. Қазір оның өміріне қауіп жоқ.
Жәбірленушінің әкесі Юрий Григорьевич өрт сөндірушілерге шын жүректен алғысын білдірді. Ол «шын жүректен» деген сөзін көп қайталап, «ұлымды құтқарғаны үшін ризамын... Осы қызметке рахмет!» деп облыс орталығының өрт сөндірушілеріне риясыз көңілден шыққан ризашылығын білдірді.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық ТЖД
қоғаммен байланыс тобының бас маманы
ПЕТРОПАВЛ