Фото: thepeninsulaqatar.com
Дохада өтіп жатқан Qatar Masters Open халықаралық турнирдің екінші кезеңінде жерлесіміз, әлемдік рейтингте (FIDE) 528-сатыда тұрған Әлішер Сүлейменов Магнус Карлсеннің ойын да, ойынын да шідерлеп тастады. 32 жастағы Карлсен шахматтың әлемдік рейтингінде топ бастап тұр.
Қазақта «жеңілгеннің сөзі құрысын» деген сөз бар. Магнус Карлсен өзінен он жас кіші, әлемдік ретингте қою шаңның арасындағы Әлішер Сүлейменовтің жеңісін мойындағысы келмегендей сыңай танытты. «Ол сағат тағып келіпті, мұндай бәсі жоғары бәсекеде сағат тағуға рұқсат па» деп төрешілерге шағымданыпты. Төреші не дейді? «Ақылды сағат» болмаса болды, өзгесін тағуына рұқсат», депті.
Он жыл бойы ешкім жалын жыға алмай әлемнің алақанында жүрген Магнусты былтыр 19 жастағы америкалық Ханс Ниман да жеңген болатын. Карлсен Ханс қитұрқылықпен жеңді деп сотқа дейін барып татуласты. Бұл жолы Әлішердің тегеурініне төтеп бере алмады. Магнустың «қарсыластың сағатына қарап ойымды тиянақтай алмадым» дегені расымен де сылтау. Әлішер Сүлейменов тарихи жеңісіне алғашында өзі де абдырап қалғанын айтты. Оңай ма, он жыл бойы әлем чемпионатында ешкімге есе жібермей келген мықтының мысын басу!