Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше елдер арасындағы көпжақты ықпалдастықта орыс тілі ерекше рөл атқаратынына тоқталды.
«Биыл ТМД-да «Орыс тілі жылы» деп жариялануының символдық мәні бар. Сонымен қатар біз бүгін Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру туралы Шарт пен Жарғыға қол қою жөнінде тарихи шешім қабылдаймыз. Бұл ұйым дербес халықаралық құрылымға айналады, құқық субъектісі ретінде танылады. Жаңа ұйым барлық ел үшін ашық болады. Әрине, бұл – жаһандық гуманитарлық ынтымақтастық тұрғысынан өте өзекті. ТМД кеңістігінде және одан әлдеқайда кеңірек халықаралық ауқымда орыс тілін насихаттау үшін қабылданып жатқан шаралар елдеріміздің ұлттық бірегейлігін нығайту үрдісіне кері әсер етпейді. Қазақстан қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра береді», деді Мемлекет басшысы.
Президент Достастық елдерінің волонтерлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударды.
«2024 жылды ТМД-да Волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялау бастамасын құптаймыз. Қазақстан 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өтті. Еріктілердің ізгі амалдары қоғамымызда тілеулестік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерінің терең тамыр жаюына елеулі үлес қосады. Мұндай адамгершілік талпыныстарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді ұсынды.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында 2024 жылы Ресей Федерациясының ТМД-ға төрағалық етуі және кезекті саммитті келесі жылы күзде Мәскеуде өткізу туралы шешімді қолдады. Сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті ТМД-ның Құрмет белгісімен марапаттау туралы Қырғызстанның бастамасын құптады.