Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған фестивальге ҚР Парламентінің депутаттары, мәдениет Комитетінің өкілдері, Қарағанды облысы әкімдігінің аппараты, Қарағанды облысы басқармаларының басшылары, ҚР музейлерінің басшылары мен мамандары, Е.Бөкетов атындағы ҚарМҰУ ғалымдары, көрнекті қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Талды тарихи-археологиялық паркінің тарихи-археологиялық ескерткіштерінің бірегейлігін әлемдік және отандық қоғамдастыққа көрсету, бүкіл Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын танымал етуде сұранысқа ие туристік өнім ретінде дамуына ықпал ету фестивальдің басты мақсаттарының бірі болды.
Фестиваль аясында қола балқыту, қыш құмыра жасау, ұлттық киім түрлерін тігу сияқты түрлі бағыттар бойынша шеберлік сабақтары өтті.
Фестиваль бағдарламасына сәйкес облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама және садақ атудан жарыс ұйымдастырылды. Ұмыт болған қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылған көрме, сондай-ақ қазақтың тазылары мен жыртқыш құстардың көрмесі өтті.
Фестивальге қатысушылар мен қонақтар үшін Талды паркінде орналасқан археологиялық ескерткіштер бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды. Іс-шара соңында лазерлік шоу көрсетілді.