Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиевтің айтуынша, Қарабау ауылынан 8 шақырым жерде «Қарақұдық-1», «Қарақұдық-2» қорғандары бар. Биыл музей жанынан арнайы құрылған экспедиция мүшелері аталған қорғандарға қазба жұмысын жүргізген.
– Археологиялық қазба кезінде қос қорғанда ерте темір дәуіріне жататын жерлеу орны бар екені анықталды. Тоналмаған жерлеу орындарынан екі әйел мен бір ер адамның мүрдесі табылды. Жерлеу орындары біздің заманымызға дейінгі V ғасырға сәйкес келеді. Өйткені бір мүрденің жанынан үш алтын білезік, екі алтын сақина мен сырға, күміс алқа және жебе, ал екінші қабірден бал ашуға қажетті заттар мен құрбан шалуға арналған құрбандық тасы шықты. Ал шамамен 2,5 мың жыл бұрын өмір сүрген ер адам жерленген қабірден қанжар, найза, қайрақ, ер тоқымның тіреуіші, 100-ге жуық жебе мен сынған қазанның қалдығы табылып отыр, – дейді Мұхамбетқали Кипиев.
Оның айтуына қарағанда, музей экспедициясы алдағы уақытта Қызылқоға ауданында тағы бір қорғанға зерттеу жүргізеді. Бұл – Қарабау қорғаны.
– Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі биыл наурыз айында жаңа лицензияға ие болды. Әдетте ежелгі қорғандардың денін алтын іздеушілер мен тайпалар тонайды. Мұндай әрекет «Қарақұдық-1» қорғанынан да байқалды. Қазба жұмыстары кезінде қорғаннан шашылған бас сүйектері мен алтын әшекейлер табылған еді. Адамның бас сүйектері бүгінгі күнге дейін жеткенімен, сақталуы өте нашар. Бұл қорғандардың бәрі алдын ала зерттеу жұмыстарына қарағанда, біздің эрамызға дейінгі бес ғасырды қамтиды, – деді Мұхамбетқали Кипиев.
Музейдің аға ғылыми қызметкері, археолог Ғаламат Базарбаевтың пікірінше, қорғандардан табылған темір бұйымдар сауда-саттық керуендерінен қалған болуы мүмкін. Қорғандарда жерленген адамдардың жасын, кім болғанын анықтау үшін сүйектерін Алматы қаласындағы Антропология институтына жіберу көзделіп отыр. «Бұл өңірді тек мұнайымен ғана танымал деуге болмайды. Мұнда 1 700-ге жуық тарихи-мәдени орын бар. Оның 700-ге жуығы Қызылқоға ауданындағы Қарабау ауылының маңында екені анықталды. Демек, бұл ауылдың көне тарихтан сыр шертер жәдігерлер табылары анық. Сондай тарихи орындарға археологиялық зерттеу жалғасын табады», дейді Ғ.Базарбаев.
Атырау облысы