Олимпиада • 15 Қазан, 2023

Жеңімпаздар жолы

212 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы өз алдына бөлек мегаполис атанғалы үлкен спорттық додада тұңғыш рет үлкен нәтижеге қол жеткізіп отыр. Айтпақшы болғанымыз – кешегі Қытайда өткен ХІХ Азия ойындары. Осы дүбірлі жарыста Қазақстан 10 алтын, 22 күміс, 48 қола медаль еншіледі. Соның ішінде 5 алтын, 10 күміс, 11 қола медаль – Шымкенттің үлесінде. Осыншама жүлде бойынша мегаполис алтын, күміс, қоланың саны жағынан республика өңірлерінде бірінші орын алды.

Жеңімпаздар жолы

Ел мерейін үстем еткен Шымкенттен шық­қан Азиада чемпиондарын тағы бір мәрте таныстырсақ, олар – нысана көздеу­ден Зухра Ирназарова, каратэден Қайсар Алпысбай мен Софья Берульцева, байдарка және каноэ есуден Сергей Емельянов, стенд атудан Зоя Кравченко мен Ольга Панарина.

Мегаполис спортшыларының мұндай жетістіктері қандай құпиямен байланысты. Мамандардың айтуынша, оның ең басты сыры – өрендердің еңбекқорлығының арқасы. Содан кейін спорттық инфрақұрылым мен бапкерлердің біліктілігінің нәтижесі.

Шымкент бойынша Азия ойындарына спорттың 23 түрінен 66 спортшы қатысты. Қалалық спорт және денешынықтыру бас­қармасының басшысы Бауыржан Тұман­баевтың айтуынша, Азиада алдында жігіттер мен қыздар жоспарға сәйкес тыңғылықты дайындалған. Зухра Ирназарова Қытайдағы жарысқа бармай тұрып нысана көздеуден әлем чемпионы атанып келді. Сондықтан оның Азия ойындарында жеңіске жетуі – кездейсоқтық емес. Ол әлемде нысана көз­деуден мықты спортшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Зоя Кравченко мен Ольга Панари­на да осы спорт түрінен әлем кубоктерінің барлық сатысында жүлдеге ілініп жүр. 60 кг-да өнер көрсеткен Қайсар Алпысбай – каратэден Токио олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділовпен бір салмақта. Қай жарыста да екеуі бір қатардан табылатын. Бірақ бұл жолы Дархан өзінің орнын бауыры Қайсарға берді. Нәтижесінде ел қоржыны бір алтынмен толықты. Қайсар Алпысбай да – осал спортшы емес. Ислам ойындарының, Париждегі халықаралық жарыстың жүлдегері. Өзінің мықты екенін кезекті Азия ойындарында да байқатты.

Спорт басқармасы 4 жылда бір келе­тін Азия ойындары басталар кезде алдын ала тыңғылықты дайындалған. Әрбір спортшымен жеке-дара жұмыс жүргізіп, жаттығуларынан, жарыстарынан қалдыр­маған. Ресми додалардан жүлдемен оралған қыз-жігіттерден бұл жолғы бәсекеде де ме­дальсыз қалмайтынына сенген. Бұл жерде жат­тықтырушылардың еңбегі ұшан-теңіз. 2018 жылы республикалық мәртебе алып, мегаполис болған Шымкенттің бұл – бірінші үлкен жеңісі. Тіпті тарихи деп айтуға болады. Шаһардың спорттық шежіресі осындай жетістікпен басталып жатыр. Спорт бас­шылығында саңлақтар салған сара жолды кейінгі толқын ізбасарлар жалғайды деген сенім мол.

Дегенмен барлық жетістік бірден бола салмайды. Спортта бір-екі жылда биік шың­­дар бағынбайды. Бұл үшін үлкен мектеп керек. Бапкерлер династиясы қажет. Спорт­шыларды тәрбиелейтін, шыңдайтын жүйе, бағдарлама болуға тиіс. Осының бәрі Шымкентте қалыптасқан болып тұр. Әйтпесе 45 елдің кіл мықтылары жиналған Азия ойындарында ғайыптан тайып алтыннан олжа салу – өте қиын. Оның үстіне қазір спорт саласы барлық жерде ерекше қарқынмен дамып келеді. Әрбір ел спорттан қаржы аяп жатқан жоқ, тіпті дамудың маңызды стратегиялық жоспарына айналған. Оның ішінде Қазақстан да бар. Мәселен, нысана көздеуден бұрын 10-15 қана ел қатысып келсе, қазір олар­дың саны қырықтан асады. Байдарка мен каноэ есуден де санаулы мемлекет жүлдеге таласатын. Осы күнде Азияның барлық елі дерлік қайықпен жарыста алдына жан салмайды. Ал спортта табысқа жетудің бір се­бебі – мықты инфрақұрылымның болуы. Бұл жағынан Шымкентте ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже бар. Мәселен, әбден ескіріп тозған Металлург стадионы жаңадан пайдалануға берілді. Бозарық тұрғын алабында зәулім спорт орталығы ашылды. Бадам су қоймасындағы база күрделі жөндеуден өтті. Қазір балалар сонда жатып, жаттығу өткізуге мүмкіндік алды.

Спортшылар елге оралғанымен арқаны кеңге салуға уақыты жоқ. Өйткені басқар­ма басшысы айтқандай, келесі жылы оларды Парижде болатын дүниежүзілік жазғы Олимпиада күтіп тұр. Негізінде Азиада 2022 жылы өтуге тиіс еді. Бірақ карантинге байланысты бір жылға кейінге шегерілді. Сондықтан қазір спортшылар жаттықтырушыларымен бірге жоспар құ­рып, үлкен доданың дайындығына кірісіп жатыр.

Бір ескеретін жайт, нысана көздеу де, байдарка мен каноэ есу де – арзан спорт емес. Алайда спорттан әлемдік рейтингті бермейтін елдердің өзі бұл сайыстардан бірінші орын ала алмады. Соған қарағанда қымбат болса да мегаполисте балалардың осы спорт түрлерімен айналысуына жағдай жасалған. Бұл ойымызды басқарма басшысы да шегелей түсті. Оның айтуынша, қалалық әкімдік пен мәслихат депутаттары тарапынан спортқа қолдау өте қарқынды жүріп жатыр. Бұған дәлел, былтыр ескек есу спортына деп жаңа қайықтар сатып алынды. Қару-жарақтар, оқтар да – су жаңа. Өткен жылы Қазығұрт шағын ауданында Shooting Plaza Shymkent ату клубы ашылды. Ол Орта Азиядағы стенд ату алаңының ондығына кіреді. Ал Қазақстанда бірінші орында тұратын база. Қанша бала сонда нысана көздеп үйреніп, оқу-жаттығуларын өткізеді. Бұрын оқушылар бұл спортқа баруға шамасы жетпейтін. Немесе керісінше спортшы көп болғанымен мылтықтар санаулы болатын. Қазір сұранысқа қарай барлық спорттық керек-жарақ сатып алынады.

Медицина, тағамтану ғылымдары осы күнде спортқа да енген. Онсыз саңлақтардың жарыстағы жеңістері мүмкін емес. Мега­полисте спортшыларды ғылымға сүйеніп дайындау мәселесі де кейінгі бір-екі жылда қатты қолға алынған.

«Дәруменсіз, бойға қуат беретін тағам­дарсыз спортшы ешқашан жетістікке жете алмайды. Өйткені жаттығу, жарыстан кейін демалып, дененің әл-қуатын қалпына келтіру үшін де минералдар мен дәрумендерге бай қоспалар қажет. Осыған байланысты спорт дәрігерлерін дайындап жатырмыз. Қай жерде қандай маман бар екенін естісек, дереу өзімізге шақырып аламыз. Сондықтан спорт медицинасына көп көңіл бөлеміз. Керек болса, білім шыңдау мақсатында Ресей­­дегі мамандармен тәжірибе алмасамыз. Жоғары спорт шеберлігі мектебінде дәрі­­геріміз арнайы зерттеу жүргізіп, үлкен нә­тижеге қол жеткізді. Жекпе-жек спортта адам тез шаршайды. Көп салмақ қуатын болған соң организмнің өз-өзіне келуі уақытты алады. Ал арнайы әзірленген қоспа­лардың арқасында қазір спортшылар 5-6 кг салмақ қуса да өздерін сергек сезінеді. Тіпті шаршамағандарын айтады. Сол үшін зерттеуімізді әрі қарай жалғастырып, дамыта бермекпіз», деді Б.Тұманбаев.

Статистикаға тоқталсақ, бүгінде Шым қалада 33 спорттық ұйым жұмыс істей­ді. Онда 18 мыңнан аса бала мен жасөспірім жаттығады. Мыңға жуық спортқа баулитын жаттықтырушы бар.

 

ШЫМКЕНТ