Кейінгі бір жылда көз жанарынан айырылды демесеңіз, көкірегі – әлі ән мен күйдің көмбесі. Ақтоғай топырағы өнердің алтын діңгегі болса, бір өзі – асыл өнердің алтын сандығы. Тоқырауынның толқынын, Ақсораңның атырабын күймен күмбірлеткен Күлмара Рахымбекқызы туралы көп толғауға болады.
Әкесі Рахымбек әнші, күйшілігімен көпті сүйсінткен жан болыпты. Жер-жердің кіл өнерпаздары Ақтоғайға жинала қалса, осы шаңырақты дүбірге бөлейді екен. Қара домбыраның күмбірімен, әсем әннің әлдиімен бесікте тербелген Күлмараның да жүрегіне өнер осы кезде құндақталған. Алғашқы ән мен күйді әкесінен үйренеді. Халық күйі «Кеңесті» тез қағып алады. Одан соң Шалғынбайдың «Бостандық», «Текес» күйлерін үйренеді. Сөйтіп, ел ішінде «домбырашы қыз» атанып кетеді.
Күлмара әжеміздің кіндігін балтамен кесіпті. Сол кезде ер кіндік әкесі атанған Ғинаят ұстазы да үйірмеге жетекшілік еткен тұсында біраз ән, күй үйретеді. «Соқыр Есжан», «Қосалқа» күйлерін үйретіп, мектеп сахнасына еркін шыға бастайды. Кейіннен әкесінің қызметі ауысып, Балқашқа көшеді. Ауысып барған мектебінің үйірме жетекшісі бала Күлмараны шақырып алып, «Жаныңа 7-8 оқушы жинап, домбырашылар ансамблін құр. Көктемде қалалық өнер байқауы өтеді», деп сенім артады. Бұл кезде Күлмара домбыраны еркін меңгеріп алған кезі, қымсына қоймайды. Қолға алады. Металлургтер сарайындағы сол өнер жиынында сахнаға дайындалып тұрған бұларға орта бойлы сары кісі келіп, домбырасының құлағын келтіріп береді де, «қысылмай тарта ғой, қалқам», деп үн қатады. Бірақ бұл кісінің атақты күйші Мағауия Хамзин екенін кейін біледі. Сол жолы оқушыларға «Арғынғазы», «Қосалқа» күйін тартқызады да, өзі «Соқыр Есжанды» шебер шертеді. Үлкен сахнада тұсауы кесілген Күлмара сол жолы олжалы қайтады. Кейін Қарағандыда музыкалық училещеге оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң Ақтоғайға келіп, ұстаздық қызметіне кіріседі. Міне, содан бері ауыл балаларына асыл өнерді дәріптейді. Келісімен аңызға айналған ансамбль «Тоқырауын толқындарының» қатарына қабылданады. Тәттімбеттің «Көкейкестісін», Аққыздың «Қайран елімін», Шалғынбайдың «Бостандығын», Мағауияның «Қосбасарын», Нұрғисаның «Арман» күйін үйреніп, күй қоржынын байытып алады.
Қайбір жылы бір топ ақтоғайлық өнерпаз Алматыға шақырту алыпты. Сонда «Арман» күйін орындағанын теледидардан көрсетіпті. Өнер саңлағы Нұрғиса Тілендиев қатты риза болып, алғыс-батасын жаудырыпты. Осы бір жарқын сәтті де жадырата еске алады.
Әңгімеміздің әлқиссасында Аққыз әжеміздің шәкірті екенін айта кеткенбіз. Ол туралы Күлмара Рахымбекқызы былай деп толғанады:
– Ақтоғайдағы мәдениет үйінде Аққыз әжемен шығармашылық кездесу болды. Сұңғақ бойлы, аққұба кісі екен. Мені бірнеше күн бойы қасына ертіп жүрді. Сахнаға да жетектеп шығатынмын. Ол кісі домбыраны шертіп жіберіп, кідіріп барып күй тартатын. Домбырасын көтеріп жүргенімді бақыт санадым. Сол жолы Ақәженің «Жетім қыз» күйін үйреніп алдым. «Қарағым, домбыраңды тастама. Осы күйімді ұмытпай тартып жүр», дегені әлі есімнен кетпейді, – деп тебіренеді күйші әжей. Кейін де сахнада, басқа деректі фильмдерде Аққыз күйшінің рөлін өзі сомдап шығыпты. Бұрынғы Жезқазған облыстық радиосында да күйлері таспаланып алып, «Алтын қорға» сақталған. Содан беріліп те жүріпті.
Күлмара Рахымбекқызы – шамасы жеткенше шәкірт тәрбиелей берген өнер иесі. Өнердің қызғыш құсы десек те болады. Өйткені асыл өнер өлмесін дейді. Шәкірттерінің ішіндегі үлкен үміт күткені өзінің Ерлан ұлы еді. Алайда тарпаң тағдыр ұстазды жас талантынан, ананы ән баласынан айырды. Содан бері Күлмара әженің жанарынан жас, жүрегінен саз шыққан. Қоржынындағы жалғыз «Сағыныш» күйі сол ұлына аралған.
Шүкір, бүгінде тамыры тереңдеген әулеттің мәуелі бәйтерегі. Ұл-қыздары да, немере-шөберелері де шетінен өнерлі. Бұл шаңырақтың төрінде – қастерлі домбыра тұрады. Оның әр пернесінде Күлмара Рахымбекқызының күллі ғұмыры сайрап тұр. Әкесі Рахымбекті, асыл жары Үрімжанды, ұлы Ерланды сағынып іздесе, көңілі қамықса қолына қара домбырасын алады. Тоқсанға аяқ басқан алып ана, ғажап күйшінің біз көрген көшелі бейнесі осындай.
Қарағанды облысы