Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым Алматы облысының білім сапасын арттырудың 2023-2029 жылдарға арналған аймақтық жол картасы бекітілгенін, соған сәйкес жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Ведомство басшысымен өткен кездесуде депутаттар өткір де өзекті мәселелерді алға тартты. Онда кейбір асханалардың талапқа сай еместігі, тамақтандыруды ұйымдастырудағы кемшіліктер, оқушылар тасымалындағы жүргізушілер жалақысының мардымсыздығы, спортзал, пән кабинеттерінің жетіспеушілігі мен жабдықталуындағы олқылықтар, мектептердегі мейірбике тапшылығы сынды бірқатар мәселені ортаға салды.
– Біздің міндетіміз – өскелең ұрпақты қауіпсіз және жайлы ортада жан-жақты дамытуды қамтамасыз ету. Министрлік негізгі мәселелерді шешуде жергілікті атқарушы органды қолдауға дайын. Білім беру инфрақұрылымын дамытумен қатар, оқыту сапасын арттырып, тәрбие жұмыстарын күшейтуге, сондай-ақ білім беру ұйымдарын біліктілігі жоғары кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді, – деген Ғани Бектайұлы депутаттар сауалының аяқсыз қалмайтынын, мәселелердің оң шешім табуы назарға алынатынын айтты. Сондай-ақ ведомство басшысы балаларды оқыту мен тәрбиелеуде отбасы мен мектептің өзара байланысын нығайту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту, ең бастысы, баланың есебінен бизнес жасауға болмайтынын айрықша атады.
Бұдан кейін Оқу-ағарту министрі мектеп парламентінің көшбасшыларымен кездесті. Олардың қатарында джиу-джитсудан 7 дүркін әлем чемпионы Жібек Құлымбетова, «Славян базары-2023» жеңімпазы Шерхан Арыстан, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері болды. Кездесу барысында оқушылар министрге өздерін толғандыратын сұрақтарын қойып, жетістіктері және болашақ мақсаттары туралы айтып берді. Оқу-ағарту министрі оқушыларды жақсы оқумен қатар, табандылыққа, мақсатшылдыққа шақырды. Жіберілген қателіктен қорықпауға, керісінше одан сабақ алып, қайталамау қажеттігін құлағдар етті. Арадағы емен-жарқын диалогтен соң Шерхан Арыстан «Молдабайдың әнін» әуелетсе, министр де қолына домбыра алып, балалармен бірге «Ана туралы» әнді шырқады.
Еске сала кетейік, құқық пен тәртіп, ақпарат, спорт және саламатты өмір салты, өзін-өзі тану және бақыт (психология), қамқорлық (еріктілер), мәдениет және өнер (музыкалық, көркем шығармашылық), пікірталас қозғалысы, экология және еңбек сынды 8 фракциядан тұратын мектеп парламенті – оқушылардың білім беру ұйымының өзін-өзі басқаруына, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру кезінде туындаған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Облыс бойынша 34 мың оқушы қамтылған 434 мектеп парламенті жұмыс істейді.
Сапарда Ғани Бейсембаев өңір тұрғындарымен, ұстаздармен де кездесті. Облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева баяндама жасап, білім саласының дамуына жан-жақты қолдау барын атады. Биыл білім саласының бюджеті 323,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 42,5 млрд теңгеге артып отырғанын мысал етті. Сонымен қатар негізгі баяндамашы өңірдегі үш ауысымды мектептер мәселесін жою жолындағы жоспарларды тарқатты. «Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 53 мектеп салу жоспарланған. Биыл 26 мектептің құрылысы басталды. Алдағы жылы 27 мектептің іргесі қаланады. Осылайша, өңірде үш ауысымды оқыту мен оқушы орнының тапшылығын толық шешу көзделіп отыр», деді басқарма басшысы.
Басқосуда облыстық білім саласының ардагерлері мен колледж, департамент басшыларының ұсыныс-тілектері тыңдалды. Кездесу барысында министр сапалы білім беру мен тәрбиенің тізгінін тең ұстау қажеттігіне назар аудартты. Оған өңірдің ақсақалдар алқасының қосар үлесі зор болмақ. Сондай-ақ педагогтердің кәсіби дамуы және біліктілік тестілеуін өткізу ережелері сөз болды.
– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен 2019 жылы педагог мамандығының мәртебесі бекітілді. Мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, жұмыс жағдайы жақсарды. Артық функциялардан босатылып, кәсіби даму мүмкіндіктері қарастырылды. Министрлік аттестаттау жүйесін жетілдіріп жатыр. Біз білім беру жүйесін үздіксіз дамыту үшін бар жағдайды жасауымыз керек. Әр мұғалімнің еңбегі оқушының жетістіктерімен бағалануы керек деп есептейміз. Ол үшін Ұлттық платформа базасында мұғалімдерді аттестаттау үдерісін автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол объективті және ашық болуға тиіс, – деді Ғ.Бейсембаев.
Айта кетейік, Алматы облысында 33 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.
Министр бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланған резонанстық мәселелерге тоқталып, ондай фактілерге жол бермей, облыстың барлық ауданында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап министрлік 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасын қабылдағандығын еске салып, оның ерекшеліктеріне тоқталды. Сапар соңында сала басшысы өскелең ұрпақтың білімі мен тәлім-тәрбиесіне жауапты ұстаздарға зор сенім артып, еңбектеріне сәттілік тіледі.
Алматы облысы