Қой өсіруде көшбасшы елдің бірі – Қытай. Алайда олар әлі күнге ішкі нарығын толық қамти алмай келеді және импортқа тәуелді елдердің алдыңғы қатарында. Парсы елдері Қазақстаннан қой етін қымбатқа алуға дайын. Тек жыл он екі ай жеткізіп тұру керек. Ішкі нарықтағы сұраныс та баршылық. Сондықтан елімізде қой шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Үкімет бұл мақсатта «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына Қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді.
«Осы мақсатта ұлттық палата қой шаруашылығының мамандары, қоғамдық бірлестіктері және шаруашылық басшылары, Ауыл шаруашылығы министрлігі және ветеринария комитетінің өкілдерін тартып, жұмыс тобын құрды. Қазақстанда орта есеппен 90-100 млн қой ұстауға мүмкіндік бар. Алайда кедергі көп. Субсидия аз, қой өсіруге несие алуға қаржы құралдары жоқ, сондай-ақ мал ұрлығы да азаяр емес», дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Ербол Есенеев.
Қазір ұлттық палата сарапшылары 2024-2029 жылдарға арналған қой шаруашылығын дамыту бағдарламасын дайындап жатыр. Мамандардың сөзінше, құжатты Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған жоспарына енгізуге болады. Себебі сарапшылардың жиында талқылауға ұсынған жоспары соған сәйкес жасалған. Ұлттық палата АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Еркен Наурызбековтың сөзінше, былтыр Қазақстанда 21,3 млн қой болған.
«Қой саны көбейіп жатыр. Динамика бар, кезең-кезеңмен жалғасып келеді. Дегенмен мемлекеттің қой шаруашылығын дамыту саясатын жақсарту керек. Сонда динамика қарқыны ұлғаяды. Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, жалпы парсы шығанағының импортқа тәуелділігі жоғары. Араб Әмірліктері жыл сайын шамамен 55 мың тонна импорттайды. Еліміз үшін бұл – таптырмас нарық. Ол жаққа Аустралия да экспорттайды. Қазақстан жыл сайын мың тоннаға жуық сатады. Бұл елде экспорт ұлғайып келеді, бірақ мұны одан да көбірек етіп арттыруға болады», дейді палата өкілі.
Қазіргі уақытта Арқалықта қанатқақты жоба ретінде қой шаруашылығын дамыту қолға алынған. Бұл өңірде қоймен айналысатын 4 бизнес субъекті, 73-ке жуық ірі субъекті бар. Шаруалар қой санын арттыру үшін өтінім беріп қойған.
«Неге Арқалық қой өсіруге қолайлы қала ретінде таңдалды дегенге келсек, қаланың сыртында 1,5 млн гектар жер бар. Оның 1,1 млн гектары – жайылым, бұдан бөлек, шөп өсіретін жер бар. Жалпы, тарихқа қарасақ та, Торғайда қой өсірілген және табиғаты ежелден қолайлы. 1992 жылға дейін бұл өңірде қой шаруашылығы жақсы дамыған. Арқалықта қой шаруашылығын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы дамыту жолын ұсындық. Шаруаларға тауар немесе ақшалай несие ұсыну керек. Содан кейін қой жүнін қабылдау орындарын ашу, тасымалды реттеу қажет. Бұның бәрі бағдарламаға енгізіледі», дейді сарапшы.
«Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары Ернұр Әбжан бағдарламаға жерге қатысты енгізілетін ұсыныстарды атады.
«Әр жердің өз өнімділігі бар. Бүгінде тек жерді пайдаланып жатыр не пайдаланбай жатыр деп есептейді. Ал рационалды түрде пайдаланып жатыр ма, жоқ па – оны ешкім қарап жатқан жоқ. Сондықтан осы қой шаруашылығын дамыту бағдарламасының аясында жерді кімге және қалай үйлестіреміз дегенді қозғадық. Қазіргі қағидаларға қатысты шағым көп. Соны ескере отырып, осы қағидаларды қайта қарап, жерді тиімді пайдаланып отырғандарға беруді ұсындық. Екінші мәселе, мемлекет жердің сапасын тексеруі керек. Яғни қой бағамын деген шаруаға талап қойып, жер табуға болады. Сондай-ақ мониторинг жүргізу де маңызды. Жерге қатысты осы және басқа жұмыстар ұсынылады», деді Е.Әбжан.
«Қылшық жүнді өнімділік бағытындағы қойлар» республикалық палатасының атқарушы директоры Қайырлы Омашев бағдарламаға атсалысуға дайынбыз дейді.
«Жайылымның 70 пайызы шөл және шөлейт жер екен. Ол жер – тек географиялық ерекшеліктеріне байланысты қой мен жылқының жайылымдық жері. Сол алқап осы шаруашылықтарды дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Тағы бір мәселе, біз баяғы ата-бабамыз баққан әдіспен бағып келеміз. Қазір жаңа технологиялар баршылық. Алайда соларды енгізу үшін де мемлекет көмегі қажет. Дегредацияға ұшырап жатқан жерлерді анықтау да кезек күттірмес мәселе», дейді ол.