Сапардың алғашқы күні Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің студенттерімен кездесу өтті. Студенттермен кездесу барысында Нұрлан Әбдіров ел Президентінің іске асырылған Конституциялық реформалары, аралас сайлау жүйесінің ерекшеліктері, аудандық деңгейдегі әкімдерді сайлау институтын енгізу туралы кеңінен айтып берді. Студенттермен әңгімелесу барысында ОСК төрағасы халықаралық сайлауды байқау тақырыбын қозғады. Ол ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссияларының елде өткен президенттік және парламенттік сайлауды байқау жөніндегі қорытынды есептері туралы айтты. ЕҚЫҰ ұсынған ұсынымдарға берілген отандық ғалымдар мен сарапшылардың бағаларына тоқталды.
Мұнан кейін жиналған 70 студент онлайн дауыс беруге белсенді қатысты. Мәселен, респонденттердің 34%-ы қашықтықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайды, ал 28,6%-ы аралас электрондық дауыс беруді (стационарлық, қашықтықтан) қолайлы деп санаса, 77,1%-ы ел Президенттігіне кандидат мемлекеттік тілді білуі және лингвистикалық емтихан тапсыруы міндетті деп есептейді. Ал респонденттердің 48,6%-ы соттылығы бар азамат Президенттің, депутаттың, әкімнің сайланбалы лауазымдарына ұсыныла алмайды деп жауап берді.
Мұнан кейін Нұрлан Әбдіровтің Маңғыстау ауданындағы №10 округ бойынша шығып қалған тұлғаның орнына аудандық мәслихат депутатын сайлауға дайындық пен өткізу барысымен танысты. Оның төрағалығымен Шетпе кентінде кеңес өтті, онда облыстық және аудандық сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары сайлаушылар тізімдері, сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, мүгедектігі бар 74 адамға сайлау учаскелерінің физикалық қолжетімділігі үшін қажетті жағдай жасау, сайлау бюллетеньдерін уақтылы жеткізу және сақтау бойынша жүргізген жұмыстары туралы баяндама жасады. Кеңесті қорытындылай келе, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров уәкілетті органдардың назарын сайлау учаскелеріндегі әрбір сайлаушының конституциялық құқықтары мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге аударды.
Сонымен қатар Н.Әбдіров сайлау комиссияларының мүшелерімен, жергілікті атқарушы органның, аудандық прокуратураның, полиция және төтенше жағдайлар бөлімдерінің өкілдерімен Бейнеу ауданы әкімінің сайлауын пилоттық режімде ұйымдастыру мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Кеңеске қатысушылар өздерінің жетекшілік ететін салаларына сәйкес жүргізіп жатқан дайындық жұмыстары туралы баяндады. Кеңес соңында ОСК төрағасы бұл маңызды сайлау науқаны заңға қатаң сәйкес жүруі және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуі тиіс екенін атап өтті. Барлық ұйымдастырушыларға үлкен жауапкершілік жүктелген.
Маңғыстау облысы