Егемен Қазақстан • 16 Қазан, 2023

Басылымдардың басты байлығы – оқырман

162 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Баспасөзге жазылу жалпының ісі болғанымен әлеуметтің газет-журнал оқудан сырт айналғанына біраз болғаны белгілі. Бұл ақпарат саласында қызмет істейтіндердің ғана шаруасы ретінде бағаланып жүр. Соның салдарынан жыл сайын мерзімді басылымдарға жазылу мәселесі қиындық туғызып келеді.

Басылымдардың басты байлығы – оқырман

Биылғы науқан аясында Маңғыстау облысына арнайы іссапармен «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы келді.

Ол облыстық мәслихаттың ұйымдас­тыруымен өткізілген Алаш ардақ­ты­сы, қаламы қарымды публицист, көр­­некті мемлекет қайраткері Жалау Мың­байұлының өмірі мен шығарма­шылығына арналған «Елім деп өткен Ер Жалау» атты алқалы жиынға қатысты.

Аталған іс-шарада Қазақстан Жазу­шылар одағының, Қазақстан Журна­листер одағының және халықаралық Жам­был атындағы сыйлықтарының лау­реаты Д.Тұрлыбек, облыс әкімінің орынбасары З.Есбергенова, облыстық мәслихат төрағасы Ж.Матаев, белгілі ақын С.Адай жиылған қонақтарды, әсіресе студент жас­тарды Алаш арыс­тарының ұлтты сақтау, азаттықты аңсау жолындағы өмірлерін қиған ерен істері туралы айтып, тарихты құрметтеу, Алаш ардақтыларын тану және зерттеу, отанды сүю, елге қызмет етуге шақырған та­ғылымды тілектерін арнады.

апр

– Елім деп еңіреп өткен ерлердің ерен еңбегін ғалымдарымыз елеп-екшеп, біраз зерттеу кітаптары жазылды. Біз енді осы ұлағатты істі жастарымыздың ұғынғанын және жалғастырғанын қалаймыз. Елдің келешегі – жастар, кейінгі толқын кешегі ерлер­дің рухына, бүгінгі елжанды аға буынның тілегіне сай болып өсіп-жетілсе, ұр­пақтар арасындағы сабақтастықты сақ­тай білсе – мемлекетіміз өркендеп, тә­уел­сіздігіміз нығайып, ұлттық қасиет-құндылықтарымыз жоғалмайтын болады, деді С.Адай ағынан ақтарылып.

Кездесу Маңғыстау облыстық мәсли­хаты ғимаратында жалғасып, мәс­лихат төрағасы Ж.Матаев мұнайлы өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

– Өңірде қазіргі таңда шешімін таппай тұрған мәселелер бар, бірақ оның бәрі өз уақытымен шешіледі. Біз мұны қолға алынған және жүзеге асырылатын ауқымды жоспарларға қарап білеміз. Қазіргі таңда Маңғыстауда туризмді дамыту бағытында іргелі істер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жұмыссыздықты жою, ауыз су мәселесін шешу, құрылғылары тозған МАЭК-ті жаңғырту, «Каспий» су тұшыту зауыты қуатын арттыру жұ­мыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Кәсіпкерлік саласында салынатын ны­сандар, ашылатын кәсіпорындар бізге жұмыссыздықты біраз еңсеруге мүм­кіндік беретін болады, – деді ол ойын түйіндеп.

ҰҒА академигі, алаштанушы Д.Қам­забекұлы Маңғыстау телеарнасына тікелей желіде «Қоғам мәдениеті және ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбында сұхбат құрып, көзі қарақты көрермен тарапынан қойылған түрлі сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ 9 мыңнан астам студент білім алып жүр­ген өңірдегі жетекші оқу орны, алдына зор меже қойып отырған Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар университетінде келелі кездесу өтті. Университет ректоры, техника ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Берік Ахметов білім ордасындағы жаңашылдықты баяндап, Германия университеттерімен бірлесіп жүзеге асыратын жобаларды та­ныстырды. Университет басшысы елі­міздегі білім берудің сапасын арттыру, сондай-ақ Маңғыстау өңіріндегі жұ­мыссыздықты азайтуға атса­лысу мақ­са­тындағы жобаларды жүзеге асы­руға кі­ріс­кендіктері туралы га­зетте бір­неше ма­қала жариялап, оқыр­манға таныс­тырғандарын жеткізді. Университет ректоры газет басшысын қабылдап, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орыны бар басылымдар жұмысына сәттілік тілеп, мүмкіндікке қарай қолдау көрсететіндігін айтты.

Оқу орнының кино залында қонақтар мен оқытушылар, студенттер тележурналист Д.Тұрлыбек түсірген «Жалау Мың­байұлы» деректі фильмін тамашалап, Маңғыстау облыстық мәслихаты мен Ш. Есенов атындағы Каспий техноло­гиялар және инжиниринг университеті ұйымдастырған «Ұлт баспасөзі және елдік мұрат» атты бірлескен іс-шараға қатысты. Алда келе жатқан Республика күні аясында зиялы қауым өкілдерімен, жастармен пікір алмасып, сұхбаттасу мақсатындағы басқосуда суденттер аға буын өкілдеріне түрлі сұрақтар қойып, жауаптарын тыңдады.

Баспасөз – халық сауаттылығының кепілі, ол тасқа хатталып жазылған ел тарихы. Жалп етіп сөнуі мен жану-жанбауы ешкімге мәлім емес электрон­ды тәсілдің сенімсіздігінен басылым ғана құт­қарады. Сондықтан халыққа желі­лерден гөрі басылымдарға жазылып, оқу, жазу сауаттылығын шыңдап отыру маңызды. Ал жүз жылдан астам тарихы бар, ұлтымыздың марғасқа азаматтары қызмет еткен, ұлт бірлігін, мемлекет тұтас­тығын ту еткен «Egemen Qazaqstan» газетіне жазылу – азаматтардың мемлекетке, қазақ қоғамына және ана тілімізге жасаған қолдауы саналады.

 

Маңғыстау облысы