Өнер • 16 Қазан, 2023

Санаға салмақ салар спектакльдер

215 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алаш арысы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалі Қызылжар төрін шын мәніндегі өнердің үлкен думанына айналдырды. Тұлға есімін ұлықтаған театр тойы атыраптың ажарын кіргізіп қана қоймай, бір апта бойы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған театрлардың үздік қойылымдарын қызылжарлық көрермен назарына ұсынды.

Санаға салмақ салар спектакльдер

Теріскейді думанға бөлеген фести­вальға белгілі театр және кино актері, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған Халық әртістері – Тілектес Мейрамов, Гүлжан Әспетова, «Темірбек Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәби Аңсат, жазушы-зерттеуші Бей­біт Қойшыбай, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, жүргеновтанушы-ғалым Бауыржан Иманғалиев, облыстық теат­р труппалары, Петропавл қаласының тұр­ғындары мен қонақтары қатысты.

Үздіктердің үздігі сарапқа түсетін фестивальдың биылғы бағдарлармасына барлығы 10 театр ұжымы іріктеліп алы­­нып, оған арнайы театртанушылар мен өнертанушылардан құралған қа­зылар алқасы өз бағасын берді. Атап айтсақ, Түркістан музыкалық драма театрының «Мағжан» (авт. А.Нүсіп, реж.D.Livermore, Ch.Ocell), «Шам» театры­ның «37» (авт. И.Иман, реж. Ф.Мол­д­ағали), Н.Жантөрин атындағы Маң­­ғыстау облыстық музыкалық драма театрының «Қорғансыздың күні» (авт. М.Әуезов, реж. Г.Мирғалиева), Алматы қаласы Мемлекеттік Қуыршақ театрының «Шал мен теңіз» (авт. Э.Хемингуэй, реж. Д.Жұмабай), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Бернарда Альбаның үйі» (авт. Ф.Лор­ка, реж. Д.Жұмабай), «А.И.» театры­­ның «Бақ» (авт. А.Чехов, реж. Ұ.Қарыпбаев), Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының «Қара шекпен» (авт. Г.Хугаев, реж. Е.Кәрібаев), С. Қожам­құлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрының «Шақан шері» (авт. М.Мағауин, реж. М.Хабибуллин), С.Сей­фуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының «Атау кере» (авт.О.Бөкей, реж. А.Салбан), Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театрының «Ұждан» (авт. Ш.Құ­дайбердіұлы, реж. А.Нығманов) қойы­лымдары өнер аламанында бақ сынады.

Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауы, Қ.Қуанышбаев атын­дағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен өт­­кен іс-шара көркемдік, жанрлық қа­на емес, мазмұндық тұрғыдан да сан қыр­лы болды. Соның ішінде әсіресе, биылғы фестиваль бағдарламасына енген қойылымдардың дені ұлттық һәм адамзаттық деңгейдегі тақырыптарды қозғауымен, режиссерлердің өткір тақы­рыптарға батыл баруымен ерекшеленді. Театрлар додасының біз байқаған тағы бір артықшылығы – Э.Хемингуэй, Ш.Құдайбердіұлы, М.Әуезов, О.Бөкей, М.Мағауин сынды әлем әдебиеті мен ұлт­тық әдебиетіміздің классиктері шығар­­маларын игеруде режиссерлер мен актерлер еркін тәжірибелерге барып, клас­сикалық туындыларды жаңа заман көзқарасы тұрғысынан ұтымды үн­дестіріп, сәтті сараптай алуында дер едік.

 

«Мағжан»

Ұлы ақынның туған жерінде түндігі түрілген театр тойының әсте Мағжансыз, ақын рухына тағзым етілмей басталуы мүмкін емес еді. Ал ол құрметті «Түркістан – екі дүние есігі ғой» деп күллі түркі жұртына өлеңнен өлмес ескерткіш қойған Мағжанға спектакль арнаған Түркістан музыкалық драма театры ұжымы көрсетті. Театр­дың көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарованың идеясы негізінде жүзеге асқан жобаның режиссері италиялық D.Livermore, Ch.Ocello, пьеса авторы – Алмас Нүсіп. Спектакльдің ең әуелгі ерекшелігі – муль­тимедияның озық үлгілерін ұтымды пайдаланған сценография ә деген­нен көз баурайды. Опера театр­ларында тәжірибесін шыңдаған шетелдік режиссердің қолтаңбасы бұл қойылымда айқын көрінеді. Әйтсе де, сол бір техникалық шешімнің Мағжан жаны мен болмысын жатырқағанын да мойындауға тиіспіз. Замана тынысын жеткізуде пай­даланылған тәсілдер де түсініксіздікке бой алдырған. Ал драматургия желісі тіпті шашыраңқы. Мағжан емес, ақынның айналасындағы оқиғалар көбірек баяндалып, соны көрсетуге басымдық беріліп кеткен де, салдарынан бас кейіпкер бейнесі көмескілікке ұрынған. Қонақ режиссердің де қазақ ақынының жанын түсінбегені, дәуір шындығына дендеп бойлай алмағаны сезіледі. Оқиғаны ішпен сезіп, жүрек­пеген сараптамағандығынан да Мағ­жан қазақтың төл перзенті емес, өгей ұлы­ның күйін кешкен. Спектакль ішкі тереңдік емес, сыртқы форманың құр­банына айналған. Оқиға да көркемдік біртұтастыққа жетпей қалған. Соның салдарынан үзік-үзік, шашыраңқы сюжет, жігерсіз Мағжан, мағынасыз же­лілер туындаған. Актерлердің кеңінен көсіліп ойнауына да драматургиядағы дефектілер көп кедергісін келтірген.

 

«37»

Әзербайжан драматургі И.Иманның «Астара бақтары» пьесасының негізінде қойылған спектакльдің символдық сыры көп, метафоралық мәні терең. Тіпті қойылым режиссері Фархат Мол­дағалидің қойылым атауын «37» деп өзгертуінің өзінде көп шындық жа­сырынғандай. Қазақтың басынан өткерген небір қилы кезеңдер мен та­рихтың ақтаңдақ беттеріне суреткерлік соны сараптау шеберлігімен өте ұтымды баға бері­леді. Басты рөлдегі Зарина Кәр­мен, Асан Мәжит, Еркебұлан Дайы­ров, Са­ғызбай Қарабалин, Лиза Серікова сынды актерлердің шебер ойыны да шын сүйсіндіреді. Өнер әлеміне «Шам» атауымен енген жас театрдың бұл алғашқы жұмысы көңілге зор қуаныш сыйлап қана қоймай, адамның түрлі мінездері мен пиғылы туралы баяндалатын қойылым қоғам туралы, тіпті кейбір тұста қазақтың қасіретті тарихының белгісіз парақтарына бой­лауға да мүмкіндік береді. «Шам» театры актерлерінің шебер ойынымен дараланып, тамашалаушыларын тәнті етті.

 

«Қорғансыздың күні»

Қарт Каспийдің жағасынан жеткен Н.Жантөрин атындағы театрдың фес­тивальға тартуы – Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», «Жетім» және «Кім кінәлі?» шығармалары негізінде түзілген триптих. Мұнда режиссер Гүлсина Мирғалиева айтулы әңгімелерді арқау ете отырып, қоғамдағы жетімдер мен қорғансыздардың күйіне дендеп бойлайды. Әсіресе Әуезов әлемі арқылы бүгінгі заманауи түйткілдердің тамырына дөп түсуі – қойылымның басты ұтқан тұсы дер едік. Әйтсе де, алыстан жеткен театр ұжымының бір әттеген-айы – актер­лердің кейіпкерлерін бойға сіңіруде жадағайлыққа, атүстілікке бой алдырғаны. Әсіресе жас әртістерге ір­гелі ізденістер қажет екенін сезіндік. Үш тағдырдың тауқыметі арқылы күллі қоғамның қасі­ретін көрсеткен қойылым­ның көркем шешімі тереңдігімен көңіл тербеді.

 

«Шал мен теңіз»

Театр фестивалінің тағы бір үлкен олжасының бірі – кемеңгер Хэмингуэй жазған «Шал мен теңіздің» тұңғыш рет қуыршақ театрының сахнасынан көрінуі дер едік. Адамның арманға деген адалдығы, оған жету жолындағы тартысқа толы арпалысы мен күресін, үзілмес үміт пен күдікке байланған тағдырын баяндайтын қойылымның көркемдік кілтін режиссер Дина Жұмабай дөп тапқан. Актерлердің қуыршақ бейнесі арқылы кейіпкерлерінің көңіл күйін берудегі шынайылығы мен ізденісі көрерменін сүйсінтті. Әсіресе бас кейіпкер Сантьяго рөліндегі Бақытжан Қаюовтың қуыршақ бейнесінде өмір ішінен өлім, өлім ішінен өмір іздеген шал бейнесін шын мәнінде шеберлік биігінде бедерлеп, тамаша ойын үлгісін көрсетті. Манола рөліндегі Шоқан Құл­назаров, Су перісі – Әсем Әб­дімәу­ленова да шығарманың шырайын ашқан шабытты шешімдерімен көңіл шаттандырды. Сценографиялық шешімдеріне де өмірдің бар философия­сын сыйдырған Дина Жұмабай еңбегі іргелі ізденістердің жемісі екені сөзсіз.

 

«Бернарда Альбаның үйі»

Таланттың аты – талант. Фестиваль­дың ажарын ашқан келесі қойылым да үнемі ізденісте жүретін талантты режиссер Дина Жұмабай қолтаңбасына тән. Сұңғыла суреткерлік пен тапқыр шешімдерінің арқасында әйел жанының сан құбылған көріністерін талантты талдай білген Динаның дарыны оның ойлылығы мен талғамында жатыр десек, титтей де қателеспеген болар едік. Ал сол қасиет талантты театр труппасының шебер ойынымен үндескенде сахнада шын мәнінде өнер туады. «Бернарда Альбаның үйі» драмасы осы ойымыздың айғағы. Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Гүлжамал Қазақбаева, Күлжә­мила Бел­жанова, Тынышкүл Сұлтан­бер­диева және жас актрисалар – Ақбота Рахат, Анар Әділова, Динара Шы­мыр­­баева, Ұлжан Оразаева, Динара Нұрболат бастаған таланттар шоғыры «Бер­нарда Альбаның үйін» тамаша бей­нелілік биігіне көтерді.

 

«Бақ»

Атауын «Бақ» деп өзгерткенімен, «А.И.» театры фестивальға үкілеп қос­қан спектакльге негізінен әйгілі жазушы Антон Чеховтың «Шие бағы» пьесасы арқау болған. Қойылым режиссері Ұланмырза Қарыпбаевтың пікірінше: «Бұл – өткеннен бас тартудың қиын да азапты шағы мен тұрақсыз әрі үмітсіз келешекке қадам басуы туралы спектакль. Қойылым бұрынғы өмір сүру тәртібіне үйреніп қалған, жаңа өмірге бейімделе алмай жүрген үмітсіз, амалы таусылған жандар туралы». Иә, режиссер спектакльдің мақсатын айқын қойып бергенімен, актерлердің ізденісі біршама шашыраңқылыққа бой алдырған. Соның салдарынан «Шие бағы» әу бастағы мақсатынан ауытқып, зілді, астарлы күл­кінің емес, арзан да мағынасыз әзілдің құрбанына айналған. Қисынын тап­паған өзгертулер мен дамытулар көп жағ­дайда қойылымның көркемдігін көмес­кілендіріп, мағыналық мәніне де айтарлықтай нұқсан келтіргенін атап өтуді парызымыз санаймыз. Сондықтан болса керек, театр сыншылары тарапынан айтылған сындар «Баққа» әлі де түбегейлі ізденістердің қажеттілігін аңғартты.

 

«Қара шекпен»

Қазақ театрларында жиі қойылатын Г.Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымы бұл жолы режиссер Ерлан Кәрібаевтың көркемдік көзқарасында Б.Римова атын­дағы Талдықорған драма театрының шығармашылық әлеуетін көрсетуге ұмтылыпты. Қойылымда адам баласы­ның опасыздығы, құндылықтарға деген көзқарастың тез бұзылуы жануарлар әлемі арқылы параллель бейнеленеді. Жақсы мен жаман, адал мен арам, шын­дық пен көзбояушылық арпалысқан қоғамға иттің көзімен баға беріледі. Сахналық көркем шешімдері дөп табылып, көрерменін ойлантуға қызмет еткен қойылым қазылар алқасы тарапынан да жоғары бағаланып, фестивальдың Темірбек Жүргенов атындағы арнайы сыйлығын иеленді.

 

«Шақан Шері»

Классик қаламгер Мұхтар Мағауиннің әйгілі шығармасын сахнаға лайықтап ықшамдап, көркем қойылым түзген С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрының бұл ізденісі шын мәнінде, фестиваль бағдарламасындағы жарқын қойылымдардың бірі болды. Спектакль режиссері әрі инсцени­ровка авторы Мейрам Хабибуллин қолтаңбасынан қазақтың өткені мен бүгінінің арасынан сабақтастық іздеп, құн­дылықтар әлеміне өзгеше көз тіккен тамаша талғамды таныдық. Бұл қойы­лымда ессіздік, арпалыс, көшпенді халықтың философиясы мен дала заңы, гендік тұрғыдағы философиясы, жалпылай алғанда жануарға емес, адамның өз-өзіне деген өшпенділіқ қозғалысы сәтті көрсетіледі. Шақан рөліндегі Ардақ Жарқынбеков ойынының да шынайы шыққандығы соншалық, бір сәт көз алдымызға кектен басқаны көзі көрмей қалған, іші өлген, сырты сау қайшылығы мол пендені әкелді. Спектакльдегі бей­нелі бояулар мен метафоралық ше­шімдер де көрерменіне мол рухани әсер сыйлайды.

 

«Атау кере»

Биыл 80 жылдық мерейтойы дүр­кіреп аталып өткен классик жазушы Оралхан Бөкейдің «Атау кере» қойы­лымы қай кезде де өзектілігін жойған емес. Тіпті уақыт өткен сайын ондағы айтылатын мәселелердің өткірлене түс­ке­ніне көз жеткізесің. Сондықтан болса керек, С.Сейфуллин атындағы Қара­ған­ды облыстық академиялық қазақ драма театрының бұл қо­йы­лымын кө­рер­мен қауым толассыз қошемет, зор қызығушылықпен қарсы алды. Актер­лік ойындағы аздаған кемшіліктер мен ре­жиссерлік шешімдердің шашы­раңқылыққа ұрын­ғанына қарамастан, қойы­лым көрермен көңілінен шықты. Нәти­жесінде, фестивальдың «Үздік сцено­графиялық шешім» аталымындағы сый­лығы «Атау кере» қойылымының шығар­машылық труппасына табыс етілді.

 

«Ұждан»

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұж­дан» әңгімесінің желісі бойынша қойыл­ған спектакльдің режиссері – Азамат Нығманов, инсценировкасын жасаған – Нұркен Тұрлыбек. Уақыт ағымындағы адамзат баласының кең пейілі тарылып, мейірімі мен ұяты таязданып, суалып барады. Ар таразысы салмақсызданып, адамгершілік қасиет құнсыздануда. Себебі болмыстың нәрі мен құнары – Ұжданнан айырылып барамыз. Ақын Шәкәрімді толғандырған «ар, ұят, ын­сап, намыс» атты басты адамдық қасиеттер бұл күнде де жұтаңданып, жа­һандану дәуіріне жұтылып барады. Ұжданнан айы­рылған қоғам хайуан күн кешіп, азып-тозып кетпей ме?Ал адамзат мұны ойлай ма? Дәл осындай сауалдарға жауап іздеген қойылым өзінің ұтқыр режиссерлік шешімдерімен, ұтымды форма һәм көркем сараптауы­мен көрерменін кемелділік биігіне көтерді. Ойлы маз­мұнымен талай сырды сахна төрінде ақтарған спектакльді көркемдік кілті дөп табылған қойылым деп мойындадық. 

 

Түйін: Осылайша, бір аптаға созылған фестиваль өз мәресіне жетті. Арнайы жасақ­талған қазылар алқасының шеші­мімен жүзден жүйрік шыққан фестиваль же­ңімпаздары арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Атап айтсақ, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» «Мағжан» спектакліндегі Елтай рөлі үшін Жандәулет Батайға берілсе, «Екінші пландағы үздік әйел рөлі» – «Қорғансыздың күні» спектакліндегі Ғазизаның әжесін ойнаған Анар Бейсенбинаға табысталды. Ал «Үздік әйел рөлі» жүлдесін «37» спектакліндегі Зейнеп рөлі үшін Зарина Кәрмен, «Үз­дік ер адам рөлі» сыйлығын «Шал мен теңіз» спектакліндегі Сантьяго бейнесі үшін Бақытжан Қаюов алды. «Үздік режиссерлік шешім» аталымында «Ұждан» спектаклінің режиссері Азамат Нығманов марапатталды. «Үздік сценографиялық шешім» жүлдесі С.Сей­фуллин атындағы Қарағанды облыс­тық академиялық қазақ драма театры­ның «Атау кере» қойылымына табыс­талды. Ал фестивальдың бас жүлдесі – «Үздік спектакль» аталымындағы қомақты жүлде Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Бер­нарда Альбаның үйі» спектакліне берілді. Сонымен қатар «Темірбек Жүр­генов атындағы арнайы сыйлық» – талдықорғандық Б.Римова атындағы театрдың «Қара шекпен» қойылымына, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің арнайы сыйлығы Түркістаннан жеткен «Мағжан» спектакліне және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» Серке Қо­жам­құлов атындағы Жезқазған қазақ драма театрының «Шақан Шері» қойы­лымының қанжығасына байланды.

Иә, қазақ тарихының ақтаңдақ бет­терінде жазылған Алаш арыстарының ауыр да азапты, тағылымды да қасіретті тағдыры кім-кімді де толғантпай, ой­лант­­пай қоймайды. Ал олардың өмір мен өлім арасында арпалыса жүріп ұлт ерт­еңі үшін еңсерген ерен еңбегі шын мәнінде ерліктің, елге қалтқысыз қызмет етудің, ұлтын сүюдің жарқын үлгісі. Сон­­дай тұлғалардың бірі де бірегейі – өткен ғасырдың отызыншы жылдары «Темірнарком» атанған Темірбек Жүр­генов Алла пешенесіне бұйыртқан небәрі 40 жас ғұмырында ұлт ертеңі үшін қыруар еңбек істеп қалдырған тұлға тағдыры тағылымға толы. Өйткені өткен ғасырдағы қазақ руханиятына қатысты келелі бастамаларды Темірбек Жүргеновсіз елестету мүмкін емес. Жүр­генов – ұлт руханиятының жарық жұл­дызы. Ол сәуле мәңгілік өш­пейді. Қызыл­жар төрінде өткен фес­тиваль –  соның жарқын айғағы.