Мамандардың айтуынша, тамыз айы мен қыркүйектің ортасына дейін топыраққа 170 мм ылғал сіңген. Жауын-шашынның мол болғаны соншалық, тіпті кей күндері ылғал мөлшері әдеттегіден 7-8 есе асып түскен. Табиғаттың мұндай тосын құбылысымен диқандар соңғы 36 жылдан кейін ғана бетпе-бет келіп отыр.
Жергілікті шаруалардың көбі биыл арпасы мен сұлысын күздің қара жаңбыры басталмай жатып ерте жинап алған. Қазір сол алқаптарда топыраққа түскен дән өніп, көктеп, көтеріліп, көктемде еккен егістіктен де жақсы жайқалып тұр. Мысалы, Науырзым өңіріндегі шаруашылықтың сұлысы дәл осылай бойлап өсіп кетіпті. «Бірақ бұл сұлы пісіп үлгермейді. Дәл осы қалпында орып алуға да, мал жаюға да болады. Бірақ қазір қарбалас науқан жүріп жатыр. Мойын бұруға уақыт жоқ. Бар күш-қуатымызды алқапта қалған бидайымызды жинап алуға жұмсап жатырмыз», дейді шаруашылық басшысы.
Осылайша, биылғы күз егінге қолайсыз болғанымен, төрт түлікке жайлы болып тұр. Тіпті осыдан бір жарым-екі ай бұрын шабылған шабындықтар да қайта көктеп жатыр. Қысқы шөбін қамдап алған соң, шаруалардың біразы әдетте шабындығын маңайындағы қарапайым халықтың малына босатып береді. Қазір қолдағы малдың дені осы көк майса шабындықтарда жатыр. «Кәдімгі көктем сияқты. Бұл енді шабылмайды ғой. Дегенмен, мұндай отқа жайылған мал қысқа қоңды кіреді. Жаңбыр жауып, аяғы аязға ұласып, мұз болып қатып қалмаса, бұл шөп қыста жылқының тебініне де жақсы болады», дейді малсақ ағайын.
Қостанай облысы