Алматы • 16 Қазан, 2023

Сәлемдемелер супермаркеті

189 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күн сайын Алматыға қай елдерден сәлем-сауқат келеді? Яки болмаса алматылықтар қай жақтарға сәлемдеме аттандырады, тіпті болмаса осы күні қолымен хат жазатын адам қалды ма деп сұрайтын болсаңыз, онда бұл сұрақққа қала пошташылары жауап береді.

Сәлемдемелер супермаркеті

Алдымен Алматыға көбінесе Қытай, Испания, Германия, Бра­зи­лия, Молдавия, Ресей елде­рінен сәлемдемелер, хабарлар, бандероль­дер мен шағын пакеттер келетінін айта кетейік.

Алматы поштасы дирек­торы­ның өндіріс жөніндегі орынбасары Надежда Забуринаның айтуынша, 2023 жылдың 8 айында мегаполис­те 3 млн 900 мыңнан аса хат-хабар қабылданса, шамамен оның 30%-ы халықаралық пошта екен. Өткен жылмен салыстырғанда сәлем­демелер мен хаттарды жібе­ру 20 пайызға өскен.

Алматы қаласының өзінде апта сайын 2 мыңға жуық хат тиісті орын­­дарға жеткізіліп жатады. Ең қы­зығы, алматылықтар әлі де мерзімді басылымдарға белсенді түрде жазылып келеді. Биылғы 8 ай­да мегаполис оқырмандарына 950 мың мерзімді басылым жеткі­зілсе, жыл соңына дейін бұл сан 1,5 млн данаға жетуге тиіс.

Осы орайда Қызметтердің сапасын бақылау бөлімінің басшысы Зульфира Аюпова жеткізу мер­зімі бойынша үнемі мониторинг жүргізіліп отыратынын атады.

«Егер бұрын Алматы тұрғыны­ның Астанаға аттандырған сәлем­демесі 2-3 күн ішінде барса, енді біз «тура сол күні жеткізу» деген жаңа қызмет түрін енгіздік. Бұл үшін клиент сағат 12.00-ге дейін «Қазпошта» бөлімшесіне баруы қажет», дейді З.Аюпова.

Ал енді Алматы поштасында 30 жылда не өзгерді десек, Ал­маты пошта үйінің бүгінде 54 бөлімшесі мен жүздеген қызмет­кері бар. Пошташылар жыл сайын миллиондаған хаттарды қабыл­дап, жібереді және мыңдаған сәлемдемелерді өңдейді.

Алматы поштасының директоры Алтын Садықова электрондық сауданың дамуына байланысты сәлемдеме жөнелтілімдерінің айтарлықтай өскенін мәлімдей ке­ле: «2015 жылдан бастап «Сә­лем­де­ме­лер супермаркеті» жаңа қыз­­меті енгізілген еді. Бұл – өзіне-өзі қызмет көрсету режі­мін­де пошта жөнелтілімдерін беру бөлімшесі. Өзіне-өзі қызмет көрсе­ту қағидаты кезектерді алып тас­тауға және сәлемдемені алу уақы­тын қысқартуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта клиенттер пошта жөнелтілімдері туралы хабарламаны күтпесе де болады. Егер клиенттің телефон нөмірі деректер базасында тіркелген болса, ұялы телефонға смс хабарлама келеді», деді.

Сол сияқты 2015 жылы «Поч­та­маттар» енгізілгені белгілі. Бұл – интернет-дүкендер мен ката­логтерде тапсырыс берілген тауар­ларды беруге арналған авто­мат­тандырылған терминалдар. Осы арқылы кем дегенде 8 сағаттық жұмыс режімімен балама жеткізу қызметі ретінде жасалған.

Сондай-ақ қызметтердің ги­пер­маркетінің рөлін атқаратын корпоративтік интернет порталы бар «post.kz» туралы да айта кеткен жөн. Онлайн режімде пошта және қаржы қызметтерін пайдаланушылар үшін порталдың ың­ғайлылығын арттыру жұмыс­тары үнемі жүргізіледі. Бұл жүйе банк карталарын байланыс­тыра отырып, жеке тұлғалар үшін ин­тер­нет-банкингті жүзеге асыру­ға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бө­­лімшелерде төлемдерді қабылдау бойынша терминалдар орна­тылған.

Спикердің айтуынша, кейінгі бірнеше жылдағы үрдіс дәстүрлі пошта көлемінің жыл сайын аза­йып келе жатқанын көрсетіп отыр. Осы­лайша, гибридті электрондық пошта (ГЭП) пайда болды. Бұл – пай­даланушыларға электрондық түр­де жекелеген кезеңдерде жібе­ріл­ген хабарламалармен немесе құжаттармен алмасуға мүмкіндік бе­ретін қызмет. Қазіргі таңда осы үде­ріске жауап ретінде гибридті жө­­нел­ту қызметтері ұсынылып отыр.

Бүгінде «Қазпошта» 150-ден аса елден сәлем-сауқат қабылдап немесе кері аттандырып жатады. Ал Алматы поштасы кейінгі отыз жылда дәстүрлі емес қызмет түрлерін енгізген. Ендігі жерде «Қазпошта» көрсететін қаржылық қызметтер спектріне заңды және жеке тұлғаларға есеп айырысу-кас­салық қызмет көрсету, өз эмис­сиясының төлем карточкаларына қызмет көрсету мен жалақы беру, ақша аударымдары, валюта айыр­бастау, халықтан төлемдерді қабыл­дау кіреді. Сондай-ақ несие беру, әуе және теміржол билет­терін сату бойынша агенттік қыз­мет­тер көрсетіледі. Орайы ке­ліп тұрғанда «Қазпошта» 192 ел кі­ретін дүниежүзілік пошта одағының мүшесі екенін айта кетуге болады.

 

АЛМАТЫ