Абай облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Төлеухановтың айтуынша, грант жобасының ең жоғары сомасы 1 миллион теңге. «Zhasproject» жобасына 18-35 жас аралығындағы жастар қатысып, бақтарын сынай алады. Дегенмен қойылатын талаптары да бар. Жұмыссыз мәртебесі бар жастар болса, аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және мүмкіндігі шектеулі азамат болса назарға алынады. Бұдан өзге мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, сондай-ақ «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапатын алған көпбалалы аналарға ерекше басымдық беріледі.
Абай облысы бойынша 8 жеңімпаз анықталады. Қазір өтінімдерді қабылдау басталып кетті. Аяқталу мерзімі 23 қазанға межеленген. Нәтижесі алдағы қараша айының 1-і күні жарияланып, жеңімпаздарға грант беру 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі.
«1 миллион теңгені ұтып алу – жастар үшін жақсы мүмкіндік. «Zhasproject» жобасы Семейде 2018 жылы жүзеге асырылған. Жастардың көбіне жақсы таныс деуге де болады. Ең бастысы – жобаның әлеуметтік бағыты мен маңызы зор. Басты шарт – байқауға қатысушы үміткерлер Абай облысында тұрақты тіркеуде тұруға тиіс», дейді Жастар ресурстық орталығының директоры А.Төлеуханов.
Бұған дейін де осыған ұқсас жобаны өз мақсатымен ұштастырып, жұрт қызығатын жақсы іс бастағандар бар екен. Айталық, Абай ауданының Қарауыл ауылында тұратын Айдын Серікқазин қымыздан балмұздақ түрлерін жасап, отандық нарыққа шығаруға жол тауыпты. Жасы 25-ке енді келген азамат алдағы жоспарларымен де бөлісті.
«Семейдегі Қаржы-экономикалық колледжін бітіре салысымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Жас кәсіпкер» бағдарламасына қатысып, 200 АЕК мөлшеріндегі грантты жеңіп алып, 2019 жылдың соңына қарай кәсібімді бастадым. Қымыздан және саумалдан балмұздақ түрлерін шығаруды қолға алғаныма көп уақыт бола қоймаса да қазіргі күнде сұраныс артып келеді. Алматы, Балқаш қалаларында және Абай ауданында тұрақты сатылымға қойылған. «Qazice» деп аталатын, яғни қазақтың балмұздағы деген мағына беретін бұл балмұздаққа ешқандай консервант қосылмайды. Қазір балмұздақтың 18 түрін шығарамыз. Таза қымыз бен саумалдың өзінен жасалады. Болашақта шетелге шығарсақ деген ойымыз бар», дейді жас кәсіпкер А.Серікқазин.
«Жас келсе – іске» дегендей, тың бастамаларды қолға алумен қатар отандық нарықтың дамуына өз үлестерін қосуға ұмтылған жастарды мұндай мемлекеттік қолдау тұрғысындағы мүмкіндіктер әлі де талай игі істерге жетелей беретіні анық.
Абай облысы