Зайсандағы сапасы сын көтермей тұрған бұл үйлер осыдан үш жыл бұрын «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілген еді. Жаңа нысандарды сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандары мен сол кездегі аудан әкімі қабылдап алып, басым бөлігін көпбалалы отбасыларға үлестіріпті. Әрине, жайлы, жарық үйге қол жеткізгендеріне бәрі балаша қуанған. Ол үшін мемлекетке айтып отырған алғыстары да шексіз. Дей тұрғанмен, төбелерінен сорғалап тұрған суды, көгерген қабырғаны айтпасқа болмайды деседі. Өздері жөндеп алайық десе, үйді басыбайлы меншікке бермеген. Айына 18 мың теңге төлеп, жалдап тұрады.
Мәселенің мән-жайына көз жеткізейік деп, сапасыз деген үйлерді арнайы құрылған комиссиямен аралап шықтық. Комиссия құрамында аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазанов, Сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Серіков және БАҚ өкілдері болды. Біз кірген он-он бір үйдің расымен де сапасыз салынғаны көзге ұрып тұр. Қабырғалары сыз тартқан, терезе жақтаулары көгерген. Тұрғындардың айтуынша, үйдің төбесіне арматура темір салып, айналдыра бетондау жұмыстары жүргізілмеген. Яғни сейсмикалық тұрғыдан қауіпті болуы мүмкін. Қабырғасы «пеноплекс» сынды арнайы құрылыс материалдарымен қапталмаған. Төбесіне де жұп-жұқа етіп шыны мақта жая салған. «Қыстың күні үйдің ішіндегі жылу төбесінен шығып кетеді», дейді тұрғындар. Ал көпбалалы отбасылардың дәл қазіргі уақыттағы мәселесі – күздің сілбі жауыны берекелерін қашырған. Қай үйге кірсек те, ортада ортан белінен су толы шелек тұр. Тіпті Әсемгүл Емелбаева есімді ананың кішкентай баласы шелекке жиналған суға қолын салып ойнаймын деп, тоқ соғыпты. Құдай сақтап, аман қалған. Бірақ ертеңгі күні оқыс жағдай болмасына кім кепіл?!
«Осыдан үш жыл бұрын көпбалалы аналарға үй беріліп, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Мәз-мейрам болдық. Өкініштісі, қуаныш ұзаққа созылмады. Нәтижесі осы, көріп тұрсыздар, – деп көгерген қабырғаларды, су тамған төбені нұсқады Армангүл Сәбитова. – Үйдің іші ылғал. Сапа жоқ. Өзім сапасыз тұстарын жөндеп алған болдым. Ал жөндей алмай отырған отбасылар қайтпек?! Төбедегі шыны мақта 5-10 сантиметр ғана. Күнге кеуіп құм болып қалған. Шығыс Қазақстанның аязына мұндай үйлер жарамайды. Бұл үйлерді кезінде құрылыс бөлімі, сол кездегі әкім Серік Зайнулдин қабылдап алған».
Ал құрылысты жүргізген мердігер компаниялар ақауды қар түскенге дейін қалпына келтіреміз деп сендірген.
«Зайсан ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 168 пәтер салынған. Соның ішінде 11 үйден ақау шықты. Комиссиямен барып, өз көзімізбен көрдік. Анықтадық. Енді құрылыс жүргізген мердігерлерге ақауды қалпына келтіру керектігін айтып түсіндірдік. Олар бас тартып отырған жоқ. Егер көрсеткен мерзім ішінде жөнделмесе, сотқа жүгінетін боламыз, – дейді Сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Данияр Серіков.
Мәселенің шешілуін уақыт көрсетеді. Өйткені дәл осы түйткілді айтып, көпбалалы аналар қыстыгүні де мәселе көтерген еді. Ресми органдар тағы да жоғарыдағыдай айтып құтылған еді. Бұл жолы да көпбалалы аналар жөндеу жұмыстарының қыс түскенше аяқталарына сенім білдіріп отыр. Сенбей қайтеді, басқа амалдары жоқ. Олар ең құрығанда жаңа үйлердің жыртығын жамап берсе деп отыр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы