Фото: senate_kz
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістан төрінде өткен отырысында жүйелі идеологиялық жұмыстың негізгі бағыттарын белгілеп берді. Бұл бағытта тарихи сананы жаңғырту, мәдени мұраны насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне баса мән берілді», деген М.Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен мәдени мұраны және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында да ауқымды реформалар іске асырылып жатқанын айтты.
Сенат Төрағасы ұлттық құндылықтар, ең алдымен, тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және дінімізге табан тірейтінін жеткізді.
«Тарихи сананы қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі. Соның аясында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттарын жариялады. Бүгінге дейін жеті том жинақ әзірленді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Халқымыз ежелден дін мен дәстүрді сабақтастыра білген. Көшпенді өркениетке тән ой еркіндігі, ашықтық, толеранттылық әртүрлі радикалды көзқарастарға бой ұрмауға мүмкіндік берді. Біз дін мәселесінде ата-бабамыз қалыптастырып кеткен және уақыттың сынынан өткен осы рухани жолымыздан жаңылмауымыз керек. Ұлтымыздың ұлылары Абай да, Шәкәрім де, Алаш қайраткерлері де осыған үндеген», деді Сенат Төрағасы.
Отырыс барысында қатысушылар қозғалған мәселеге қатысты пікір білдіріп, алдағы уақытта бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екендерін жеткізді. Сондай-ақ іс-шарада ұлттық құндылықтарды оқыту бағдарламалары, цифрлық коммуникацияның заманауи форматтары және басқа да бастамалар арқылы дәріптеу жөнінде тың идеялар айтылды.
Диалог алаңында Сенат және Мәжіліс депутаттарымен қатар еліміздің еңбек сіңірген сәулетшісі, мемлекеттік елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков, жазушы, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры, ҰҒА академигі, алаштанушы Дихан Қамзабек, жазушы, драматург Роза Мұқанова, мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Qazaq boxing» мектебінің жаттықтырушысы Мұхит Амантаев, «Unknownkazak» жобасының авторы, блогер Диас Камериданов және тағы басқа сарапшылар қатысып, пікірлерін айтты.