Қоғам • 17 Қазан, 2023

Жол-көлік оқиғасын ресімдеу жеңілдейді

303 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Келер жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда көлік құралдарын міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру төлемдерін есептеудің оңайлатылған тәртібі енгізіледі. Сонымен қатар «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасы да сол кезден өз жұмысын бастайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева хабарлады.

Жол-көлік оқиғасын ресімдеу жеңілдейді

Еурохаттама бойынша көлік иелері полицияның қатысуынсыз немесе сотқа жүгінбей-ақ, бірақ белгілі бір шарттар­ды сақтай отырып, жеңіл жол-көлік оқиға­лардың салдарынан көлік­терінің зақымдануы үшін сақтандыру төлемдерін ала алады.

Сонымен қатар жол-көлік оқиға­сы­на қатысушылардың арасындағы келіспеу­шіліктің алдын алып, олар апатқа кімнің кінәлі екенін келісе оты­рып шешу керек. Келтірілген шы­ғын мөлшері әрбір ЖКО-ға қатысушы үшін 100 АЕК-тен аспауы керек. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл 369 мың теңгені құрайды. Сақтан­дыру жағдайын реттеудiң оңайлатылған тәртiбi бойынша сақтандыру төлемiн іске асырғаннан кейiн сақтандыру­шы­ға әрбiр жеке сақтандыру жағдайы бойынша көрсетілген соманың шектi мөлшерiнен асатын залалдарды өтеу туралы қосымша талаптарды қоюға құқығы жоқ.

Және тағы бір келелі мәселе – үшін­­ші тұл­ғалардың денсаулығы мен мүл­кіне зиян келтірмеу. Яғни Еуро­хат­та­маны жол-көлік оқиғасының екі қаты­су­шысы ғана пайдалана ала­ды. Егер басқа ­адамдар немесе бас­қа көліктер зардап шеккен болса, онда бұл жеңілдетілген тәртіп апатқа қаты­сушыларға қолданылмай­ды. Қазіргі уақытта «Еурохаттама» мобиль­ді қо­сым­шасы сынақтан өтуде, оның көме­гімен биометриялық сәйкестендіру ар­қылы сақтандыру ұйымына цифр­лық құжаттарды, фотосуреттер мен бейнежазбаларды қосу арқылы өтініш беруге болады. Одан кейінгі кезеңде қосымшаны қанатқақты режімде тес­тілеу өтеді, ол осы жылдың соңына дейін жалғасады.

«Ұялы телефонды пайдалана отырып, көлік иелері құжаттарды дайындайды, екі тарап бойынша келісілген шартқа сәйкес декларация жасалады, сақтандыру оқиғасы тіркелген жерге фотоматериалдар қоса тіркеледі. Жол-көлік оқиғасына қатысушылар сақтандырушыдан декларацияны қа­былдағаны туралы хабарлама ал­ғанша оқиға орнынан кетпеуі керек. Декларацияға қоса берілген фотоматериалдар арқылы автокөліктің маркісі, моделі, сәйкестендіру нөмірі, мемлекеттік тіркеу нөмірі, сондай-ақ көлік құралдарына кел­тірілген зиян­ның мән-жайлары, көлік құралдарына көрінетін зақымдардың сипаты мен тізбесі анықталмаса, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда сақтандырушы көлік иелерінен фотоматериалдарды қай­та жіберуді талап етуге құқылы», деді Freedom Insurance басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.

«Еурохаттаманың» артықшы­лық­тары қандай? Біріншісі – төлем мерзі­мін қыс­қарту. Егер орташа төлем 92 күн болса, енді ол 6 жұмыс күні бо­лады. Екіншісі – жол полициясы мен сотқа түсетін сал­мақты азайту. Бұл – көлік кептелісін же­ңіл­детеді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер ми­нистрлігінің мәліметі бойын­ша, Қа­зақ­станда орта есеппен жеңіл жол-көлік оқиғаларының саны жалпы ЖКО санының шамамен 40%-ын құ­райды. 2022 жылы еліміздің жолдарын­да 100 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тір­келді. Үшінші артықшылық – сақтан­дыруға деген сенімнің артуы, өйт­кені жаңа қызметті енгізу сақтандыру төлем­дері процедурасының бақы­лауы мен ашық­­тығын қамтамасыз етеді. Осылайша, «Еурохаттама» үде­рісті айтарлықтай же­ңілдетеді және сақ­тандыру төлемдерін алуға кететін уақытты қысқартады, сон­дай-ақ көлік кептелісін азайтады.

«Реттеуші әрбір сақтандыру ұйы­мына өзінің ұялы байланыс қызме­тін құруға жағдай жасады. Осылайша, бұл саладағы монополияны жойды», деп атап өтті Азамат Керімбаев, әрі ­Free­dom Insurance 2022 жылдан бастап ­DTP.kz­ онлайн-төлемдер сервисін енгізіп, жұ­мыс істеп тұрғанын айтты.

DTP.kz – көлік иелері сақтандыру тө­ле­мін бірнеше күн ішінде онлайн ала ала­тын арнайы цифрлық платформа. Ол үшін ­dtp.kz сайтына кіріп, жеке кабинет ашып, ­өті­ніш беру керек. Әрі қарай, нұсқаулар­ды орын­дай оты­рып, апат орнында екі көлік­ті де (сіздікі және жол-көлік оқиғасына жауап­ты) әртүр­­лі бұрыштан, сондай-ақ көлі­гіңіздің ВИН-кодын суретке түсіру керек. Өтініш­ке төмендегі құжаттарды тір­кеу қа­жет: жеке куәлік, жүргізуші куә­лігі және көлік құралын тіркеу куәлігі. Мұ­ны «Цифрлық құжаттар» мемлекеттік пор­­талы арқылы жасауға болады. Әрі қа­рай хаттаманың фотосуретін, жол-көлік оқиға­сының сызбасын, түсіндірме жазбасын қосып, электронды өтінішке қол қою керек. Бірнеше рет басу және дұрыс толтырылған жағдайда сақтандыру төлемі 1-7 күн ішінде көлік иесінің картасына жіберіледі.

«Заманауи технологиялар мен сақ­тан­­дыру секторын цифрландыру бойын­­ша реттеушінің жүргізіп жатқан жұмы­сының арқасында біз Dtp.kz күрделі жағ­дайларға арналған бірегей серви­сін құрдық. Өтемақы алудың барлық үдерісі клиенттерімізге қолжетімді болу үшін барынша қысқа мерзімде және өте ыңғайлы цифрлық форматта жүзеге асады», деп түйіндеді А.Керімбаев.

Айтпақшы, жол-көлік апатына ұшы­­раған жағдайда көлік иелері 5777 бір­ыңғай байланыс орталығының нөміріне қоңырау шала алады. Бұл нөмірге ұялы телефон арқылы байланысу – тегін.