Бірде ардагер журналист, өлкетанушы Қуаныш Орманов ағамыз: «Екеуміз Жітіқара жаққа барып келейік. Көп жұртқа беймәлім бір тарих бар. Соны біліп қайтасың. Көлікті өзім табамын, тек қолайлы уақытыңды айт», деген. Көп ұзамай аудандық ішкі саясат бөлімі жіберген жеңіл көлікке мініп, жолға шықтық. Қуаныш ағамыздың келе жатқанын біліп отырса керек, бізді аудан әкімі Нұржан Өтегенов қарсы алды. Жарты сағаттан соң әкімнің жүрдек «Джибінде» отырдық. Қарауылтөбені бетке алып барамыз. Қуаныш аға жолай әңгіме тиегін ағытып жіберді.
– Кенесарының сарбаздары негізінен Торғай мен Ырғыз даласына шоғырланған. Патша әскері көтерілісшілерді үш жақтан қыспаққа алады. Орскі отрядын әскери старшина, қазіргі тілмен айтсақ, полковник Лебедев, Тобольскіден шыққан әскерді сұлтан Ахмет Жантөрин, сібір отрядын генерал-майор Жемчужников басқарады. Бұл үш отряд Торғай табанында тоғысып, Кенесары әскерін толық қоршауға алмақ болған. Алайда бұған олардың жер жағдайын дұрыс білмеуі, хан барлаушылары әдейі таратып отырған жалған мәліметтердің адастыруы, әр тұстан бұрқ еткен партизандық шабуылдардың жиілеуі кедергі болған. Лебедевтің отрядынан сытылып шыққан Кенесарының қолы Өлкейек өзенінің бойында А.Жантөриннің отрядын толық жойып жібереді. Артынша әлгі үш отрядқа көмекке келе жатқан қосымша күш Дунниковскийдің, оны күтіп жатқан Жемчужниковтың қалың әскерін айналып өтіп, Орынбор бекінісін шабады. Тамыздың ортасында мықты бекінісі бар Екатеринск станицасын күйретеді. Ақмола, Көкше, Атбасар өңірінде бірқатар сәтсіздікке ұшырап, 1840 жылдың көктемінде Тобыл өзенінің бойына келіп тоқтаған Кенесары, кейбір деректерге қарағанда, сол кезде Кіндіктіде отырған Балқожа биге:
«Сәлем жазып жібердік,
Арғын-қыпшақ ағасы.
Жыртылмасын, жарқыным,
Еліміздің жағасы», – деген мазмұнда хат жолдаған.
Биден:
«Қаланың түбі ор болар,
Ордың түбі сор болар.
Қапияда кенеттен,
Оған түсер болсаңыз,
Қайта шықпақ сор болар,
Сенің, сұлтан, дұшпаның,
Жалғыз патша емес-ті,
Қайда барсаң алдыңда,
Қарауыл тұрған тор болар», деген жауап хат алған жаралы арыстан, жаттан да, жақыннан да түңіліп, қаһарына мінеді. Мұның арты неге апарып соққаны баршаға аян. Бұл жайында әскери старшина Лебедев генерал-губернаторға «24 сәуірде қарақшы Кенесары Қасымов қыпшақ руының биі Балқожа Жаңбыршиннің ауылын шапты. Осылайша, 349 мың 466 рубль көлемінде зиян келтірді» деген сыңайда баян хат жолдайды. Одан әрі Новолинейный шекарасының бойындағы әскери бекіністерді шабуды көздеген Кенесары оңтүстік-батысқа қарай қозғалып, Жітіқараны бетке алады. Қалың қол Желқуар өзенінен өтіп, Үшбурылға келіп тоқтаған. Осы жерден қазіргі Мариновка жаққа жылжиды. Желқуардың бойында Кенесары ханның әскеріне Есілбай батыр бастаған жағалбайлының қолы қарсы тұрған. Алайда кейін екі жақ бәтуаға келіп, кіші жүздің жігіттері Кенесары жағына өтеді. Осыдан кейін едәуір күшейген көтерілісшілер қазіргі Забеловканың маңында казак әскеріне қарсы шайқасқа шыққан. Осы шайқаста жер жағдайын жақсы білетін Есілбай батырдың қолы жаудың алдыңғы шебін талқандап, нәтижесінде, патша әскері Берсуат өзенінің арғы бетіне шегініп, сол тұстан осы Қарауылтөбеге келіп бекінген қазақ қолын ауыр зеңбірекпен атқылайды. Патша әскерінің Кенесарыға қарсы тұңғыш рет зеңбірек атуы – осы кез екен. Қарауылтөбенің айналасын дұрыстап металіздегішпен сүзіп шықса, сол зеңбіректердің оғы қазірдің өзінде табылып қалуы ғажап емес...
Алдыңғы орындықта ұйып тыңдап отырған аудан әкімінің телефоны шыр ете түсті де, Қуаныш ағаның әңгімесін үзіп жіберді. «Бізді Чайковский ауылының әкімі Бауыржан есімді азамат күтіп алады. Жолды жақсы біледі. Қарауылтөбе шекара түбінде жатқандықтан, беталбаты ешкімді өткізе бермейді. Бірақ алдын ала шекарашыларға қоңырау шалып, келісіп қойғанбыз. Олар да күтіп тұр», деді Нұржан Қайыржанұлы.
Сәлден соң жол бойында тұрған екі ақ «Ниваның» қасынан өтіп барып тоқтадық. Бізді күтіп тұрған Чайковский ауылының әкімі Бауыржан Ержанов пен Желқуар шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, аға лейтенант Нұрсұлтан Молдияров екен. Амандық-саулықтан соң, Бауыржан Ержанов Қуаныш ағадан «Осы біздің Чайковскийдің тарихи атауы қандай? Отыз жылдан асты ғой, қашанғы Чайковский бола береді. Атауын заманға сай етіп өзгерткіміз-ақ келеді, бірақ бұрын қалай аталғанын білмейміз!» деп сұрады. Қуаныш аға бұл елді мекеннің тың игеру жылдары пайда болғанын, бірақ жергілікті халық қаласа, Қарауылтөбе немесе Кенесары деп өзгертуге болатынын айтып жатыр.
Ауыл әкімінің төтеден қойған сауалы қызығушылығымды оятты ма, әйтеуір «Джипке» мінбей, «Ниваға» аусып отырып алдым.
– Бұрын қариялар кезінде Кенесары хан маңызды әскери бақылау бекеті ретінде пайдаланған Қарауылтөбеде жанған от Жітіқарадан да, Бреды жағынан да анық көрінеді екен деп отыратын. Екі жақтағы қазақ қолы бір-біріне осылай белгі беріп, хабар-ошар алысып отырған. Қарауылтөбенің жанынан біздің жігіттер қылыш тауып алған. Ол қылыш жоғалып кетті. Найзаның ұшы, жебенің сынығын тауып алғандар көп. Суыр іннен шығарып тастаған күміс білезік те табылған. Мына тұста Берсуат пен Шынтасты өзендері қосылып, Желқуарға барып құяды. Осы жерлерде тәуелсіздік жолында талай-талай шайқастар болған деседі, – дейді Бауыржан.
Әрі-бері автокөлік өтіп жатқан «Желқуар» шекара бекетіне жетпей, солға бұрылдық та, бірінен-бірі аумайтын аласа төбелерге қарай жүрдік. Қарауылтөбені шекарашылар әлі күнге дейін әскери бақылау нысаны ретінде пайдаланады екен. Төбенің басына шықсаңыз, шекараның арғы-бергі беті көз ұшына дейін анық көрінеді.
– Бұл төбенің үстінен мемлекеттік шекараның бойы 12 шақырымға дейін анық көрінеді. Арғы-бергі беттегі қыбырлаған, жорғалағанның бәрі көз алдымызда. Жергілікті тұрғындар да мал жоғалтып алдық, байқаған жоқсыңдар ма деп жиі қоңырау шалып жатады. Тыл жақ та алақандағыдай көрініп жатыр. Жоқ іздегендердің малын байқасақ, анда жүр, мұнда жүр деп көрген жерімізді айтамыз. Жітіқара қаласы жақын жатқандықтан, бұл жерде өзіміз жақтан да, Ресей тарапынан да мемлекеттік шекараның бұзылу қаупі жоғары. Сондықтан үнемі осы төбенің басына шығып, қарауыл қызметін атқарамыз. Мұнда сарбаздар жылынатын арнайы пункт бар. Жүрек жалғап алуға да жағдай жасалған. Қыста аяз бен бораннан, жазда жауын-шашынан пана, – дейді аға лейтенант Нұрсұлтан Молдияров.
Осыдан он шақты жыл бұрын шекарашылар Қарауылтөбенің басында әскери жаттығу өткізетін атыс алаңының құрылысын бастаған екен. Сол кезден қалған көздеу нысаналарының орны, граната лақтыруға, әскери көлікті бүркемелеуге арналған үлкен шұңқырлар әлі күнге дейін сақталған. Құрылыс жұмыстары басталған соң, әскерилерге тарихшы ғалымдар келіп, бұл жерде қорған бар екенін, Кенесары ханның сұлтандары мен сарбаздары жерленген тарихи орын екенін айтыпты. Содан кейін атыс алаңының құрылысы тоқтап қалған.
Осыдан екі ғасырға жуық уақыт бұрын азаттық үшін аһ ұрған Кенесары ханға қорған болған Қарауылтөбенің күні бүгінге дейін Отан шекарасын күзетуге қызмет етіп келе жатқанына қайран қалдық.
Қуаныш Орманов ағаның айтуынша, негізінен жалаң қылыш-найзамен қаруланған Кенесары сарбаздары Қарауылтөбенің маңында зеңбірекке қарсы шапқан. Осы жойқын шайқаста алдыңғы шепте келе жатқан екі сұлтан, жағалбайлы қолын бастаған Есілбай батыр зеңбірек оғынан қаза табады. Олар ел азаттығы жолында шейіт болған өзге сарбаздардың денесімен бірге Қарауылтөбенің басына жерленген.
– Келесі түні Кенесары қарсы шепті солтүстіктен айналып өтіп, ертеңінде жаудың дәл желке тұсынан келіп түседі. Күтпеген жақтан басталған тосын шабуылдан үрейі ұшқан патша әскері зілдей ауыр зеңбіректерін кері бұрып та үлгермейді. Жауды қанға бөктірген қанды қылыш қалың қол сол күйі Бреды қалашығын шауып, өртеп жіберген. Осы өңірдің көнекөз қариялары Бреды елді мекенін бертінге дейін Күйік деп атап келді. Сұлтан әскері Күйіктен асып, Екатерининск бекінісіне дейін барған. Сол маңдағы Жосаға келіп құятын шағын өзеннің бойында тұтқындарды қылыштың жүзімен сүндетке отырғызған. Қариялардан естуімше, сүндеттелген тұтқындардың көптігі соншалық, әлгі өзен қып-қызыл болып аққан екен. 1844 жылдың жазында болған осы оқиғадан кейін жергілікті қазақтар бұл өзенді Орыскескен деп атап кетті деседі. Кенесары шығысқа қарай қозғалады деп болжаған Дунниковский қалың әскерін бастап сол бағытқа қарай жылжиды. Алайда орыс зерттеушісі А.Добросмысловтың еңбегінде Екатерининск отряды мен Елизаветинск форпостын қиратқан хан қолының 40, кейбір деректерде 120 адамды тұтқынға алып, Торғай даласына қайтып оралғаны айтылады. Бәлкім, бұл біреулер үшін ертегі сияқты болып көрінер, Жоса өзенінің оңтүстігіне қарай орналасқан алтын кеніші бертінге дейін Орыскескен деп аталып келді, – дейді өлкетанушы.
Қарауылтөбеден қайтып келе жатқанда Қуаныш аға Қарасу өзенінің бойындағы Сарысай және Қараой елді мекендерінің арасында қызыл кірпіштен салынған ескі үйдің қирандысы болғанын, жергілікті жұрт оны хан үйі деп атағанын айтты. Шамасы Кенесары бір-екі күн түнеген үй болса керек. Қуаныш аға жолай Наурызбай батырға қатысты бұрын естімеген қызық бір әңгіменің шетін шығарып еді, оның баянын алдағы күндерге қалдыра тұруды жөн көрдік.
Қостанай облысы