Халықтың жер үйіне газ тартуы үшін пайызсыз несие беріледі. Бұдан бөлек, əлеуметтің əлжуаз тобындағы қауымға бір реттік əлеуметтік көмек және бар. Мұны Қарағанды қаласының бюджетінен көрсетеді. Құзырлы орындардың айтуынша, Қарағанды төрт кезең арқылы толық газбен қамтылады деген о баста бекітілген жоспар бар. Бұл төрт кезеңде 16 қосу кешені бар. 2021 жылдан бері бірінші жəне екінші қосу бекеті толық аяқталыпты. Бірінші бекет арқылы Қарағандының 66 көшесіне газ жетті. Онда 1 695 үй бар. Екінші бекетте 55 көше. Мұндағы үй саны – 2471.
«Қазіргі таңда Қарағанды бойынша – 2 мың, ал Теміртауда 2 200 үй газ желісіне қосылған. Газдың текше метрі – 40 теңге. Алдағы уақытта бұл баға қымбаттамауға тиіс. Жоба ауыспалы болғандықтан, 2035 жылға дейін жоспарланып отыр», дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Саттыбаев.
«Газға қосылу, не қосылмау – тұрғындардың еркінде. Біз – сыртқы газ құбырларына жауаптымыз. Көшенің бойымен газды үйге дейін жеткізуге кететін шығынды үй иесі төлейді. Газ жеткізуді рәсімдеу үшін «Тұрғын үйді жаңғырту орталығы» арқылы 5 жылға пайызсыз несие беріледі. Өтініш бергеннен кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-дан техникалық шарттар алады. Келісім мердігерді таңдап, үшжақты шарт жасасу арқылы жүреді», дейді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өңірлік филиалы директорының бірінші орынбасары Асфат Олжабаев.
Саран тасжолының бойындағы көше тұрғыны Қайрат Мамаев газды шілдеде қосып алған. Пайызсыз несиенің көмегімен.
«Газға қосылғанымыз бар жағынан ыңғайлы. Автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілген. Монитордағы көрсеткіштерді онлайн бақылауға болады. Белгілі бір жылытатын мөлшерін таңдап, кете бересің. Қазір үйіміздегі жылу мөлшері 25-28 градусты көрсетіп тұр. Кейде ысып кетеді. Көмір жаққанда оны тасып және күлін төгіп қиналатынбыз. Оның үстіне көмірдің шығыны көп, бағасы қымбат», дейді Қ.Мамаев.
Қарағандыны газдандырудың бірінші кезеңі 2019-2023 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде Саран тасжолының бойындағы көшелерден бастап, Кривогуз, Қазақстан, С.Сейфуллин, Бадин көшелеріне газ құбырлары тартылды. Сондай-ақ газ теміржол желісі бойындағы көшелермен Бұқар жырау даңғылының бойына, одан кейін жаңа қаланың ішкі кварталдарына, Федоровка мен Үлкен Михайловка атанған шағын аудандарындағы тұрғын үйлерге жетті.
Ал биыл қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі жеке сектордағы үйлерге, сондай-ақ Күнгей шағын ауданына газ жетеді. Екінші кезеңде төрт іске қосу кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл кезеңде қаланың Жаңаөзен ауылы, Қарағандының Фин, Пришахтинск, Ескі Тихоновка бөліктері газбен қамтылмақ. Үшінші кезеңдегі екі іске қосу кешені 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Ол кезеңде Курьяновский ауылынан бастап, Майқұдықтың 19 шағын ауданы қамтылмақ. Екінші іске қосу кешені Майқұдықтың Берлин, Сахалин, Шахтерлер шағын аудандарына газ жеткізеді. Кейінгі кезеңде Цемент зауыты, Сұрыптау стансаларына көгілдір отын барады.
Атап айта кету керек, жергілікті билік, яғни Қарағанды қаласы əкімдігі тарапынан тұрғындардың жекелеген санаттарына үйлерін газдандыруға біржолғы əлеуметтік көмек көрсетіледі. Мұндай əлеуметтік көмек жасы бойынша зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдар жəне мүгедек балалары бар, оларды тəрбиелеп отырған отбасыларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға, басқа мемлекеттер аумағында жауынгерлік əрекеттерге қатысқан ардагерлерге, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, газдандыруға жататын жеке үйлерде тұратын балалардың қамқоршыларына жасалады. Əлеуметтік көмектің көлемі газ жабдығын жеткізуге жəне орнатуға байланысты нақты шығындарға сүйеніп, анықталады.
Былтыр 8 млн теңгеден аса сомаға 28 отбасына көмектессе, бұл жартыжылдықта 35 отбасы алған. Оған 12 млн теңгеден аса қаражат жұмсалыпты. Əлеуметтік көмек алу үшін Қарағанды қаласының жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш тастауға тиіс.
Қарағанды облысы