Отбасы • 17 Қазан, 2023

Отбасын ойрандағандар өкініші

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әкімшілік құқық бұзушылық үшін ұсталғандарды арнайы қабылдау орындары бар. Жақында Атыраудағы осындай орында психолог кабинеті ашылды. Мақсат – ішімдікке салынған, отбасылық тұрмысы төмен адамдарға жеке және топтық сеанс түрінде кеңес беру.

Отбасын ойрандағандар өкініші

Жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Райса Зинелғабиденқызының айтуынша, елімізде отбасы институ­тының беделін арттыру, нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Отбасындағы жанжалдан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын әрекеттер­ден зәбір көретіндердің басым бөлігі – әйелдер мен балалар. Сол себептен, оларға да, зәбір көрсе­тушілерге де психологиялық кеңес қажет.

«Аптасына үш рет әкімшілік қамауда отырған азаматтар психолог-маманмен жеке кездесіп, сұрақ қоя алады. Топтық сеанс­қа қарағанда, жеке кеңестің тиім­дірек екені байқалып отыр. Себебі психологке жүгінушілерге арнайы сұрақтарға өзге адамдар алдында ашылу қиынға соғады. Психолог кабинетіне көп жағдайда ер адамдар келеді. Үстінен арыз жазылып, бірнеше күн камерада отырғандармен, уақытша қамаудағылармен әңгімелесу өте қиын. Олар ашылып сөйлеспейді. Тіпті барлық мәселеге бәрібір деген көзқарасы басым. Мәселен, қабылдауға келген бір адам әйелімен араздасып қалғанын, енді үйіне бармау үшін уақытын осындай орында өткізгенін қалаған. Отбасылық құндылықтар тақы­рыбында өткізілген топтық ­сеанстан кейін ол бірнеше жыл ішімдікке салынғанына, отбасын бағаламағанына өкінді», дейді психолог Ақмарал Шәріпова.

Әйелдерді зорлық-зомбылық­тан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Райса Зинелғабиденқызының дерегіне сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабымен жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Егер олардың әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болса, Қылмыстық кодексінің 106-бабымен (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру), 107-бабымен (Денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру), 110-бабымен (Қинау), 115-бабымен (Қорқыту) қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

«Қазір Атырау облыстық полиция департаментінде әйелдер мен балаларды тұрмыстық зор­лық-зомбылықтан қорғау мақ­са­тында 10 аға учаскелік инспек­тор жұмыс істейді. Олар «Тұрмыстық зорлық-зомбылық­тың құқықтық негіздері және оның алдын алу мәселелері» тақы­рыбында семинар-тренинг өткізеді. Мақсатымыз – зорлық-зомбылықтың, отбасылық жан­жал­дың алдын алу», дейді Райса Зинелғабиденқызы.

Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзинаның айтуынша, мұнайлы шаһарда 2012 жылы дағдарыс орталығы ашылған. Мұндай орталықтар Жылыой және Құрманғазы ауданында бар. Енді Исатай ауданында отбасын қолдау және дағдарыс орталығын ашу көзделген.

«Қиындыққа ұшыраған әйелдер мен олардың балаларына психологиялық, құқықтық, медициналық көмек көрсетіледі. Жыл басынан орталыққа 24 әйел мен 63 бала түсті. Қазір олар­дың саны азайып, 5 ана мен 16 балаға көмек көрсетіліп отыр», деп мәлім етті тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа ұшыраған әйел­дерге көмек көрсету бөлім­шесі ди­ректорының орынбасары Айбар­шын Иманғалиева.

Жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты Әйгерім Орақбаеваның мәліметінше, зәбір көргендерден күніне 20-25 хабар түседі. Мәселен, биыл алты айда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 102 арнасына 4 097 хабар түскен. Осындай дерекке байла­ныс­ты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 73-бабымен (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 1 198 адам жауап­­кер­­шілікке тартылған. Ал 1 365 құқық бұзушыға қорғау нұсқа­ма­сы шығарылыпты. Оның ішінде 334 адамға ерекше талап қойыл­ған. Қорғау нұсқамасын бұз­ған 96 адамға Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодексінің 461-ба­бымен әкімшілік жаза берілген.

 

Атырау облысы