Президент • 18 Қазан, 2023

Президент: қазақ-қытай қатынастары стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің төрағасы Ван Хунинмен келіссөз жүргізді, оған ілтипат білдіре отырып, оны аталған лауазымға сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент: қазақ-қытай қатынастары стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-қытай қатынастары мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейіне жетті. Бұл ретте ел басшыларының тұрақты кездесулері елеулі рөл атқарды. Өйткені келіссөздер барысында тату көршілік қарым-қатынас пен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін негіз қаланады.

Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының әлеуметтік-экономикалық прогресіне және Қытай басшысы жүргізіп отырған тиімді саясаттың нәтижелеріне жоғары баға берді.

«Төраға Си Цзиньпиннің көреген, сарабдал саясатының және оның «Бір белдеу, бір жол» тұжырымдамасының табысты жүзеге асып жатқанына куә болып отырмыз. Біз, әлбетте, Қытайдың жетістіктеріне қуанамыз. Бүгін Төраға Си Цзиньпин форум қатысушыларына «Егер Қытайда бәрі жақсы болса, барлық мемлекет пен халықтар үшін де жайлы болады» деген сөз айтты. Мен бұл пікірмен келісемін. Сіздің еліңіз әлемдегі озық әрі жетекші державаға айналуды көздеген асқақ мұратына батыл қадам басып келеді. Төраға Сидің дана басшылығымен ҚХР Қытай елінің жаңа дәуірлеу кезеңінде және «Адамзаттың ортақ тағдыры» концепциясын ілгерілету ісінде бұдан да керемет жетістіктерге жететініне сенімдімін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.