Қоғам • 18 Қазан, 2023

Елордада медиа саласының мамандарына арналған семинар өтті

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

5 түрлі бағытты қамтыған «Цифрлы дәуірдегі журналистика: әдістер мен инновациялар» атты семинар екі күн бойы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордада медиа саласының мамандарына арналған семинар өтті

Фото: Қанат Мыңбаев

Іс-шараның бірінші күні телебағдарламалар авторы және жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан «Телебағдарлама жасау технологиясы: идеядан өнімге дейін» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Ол нарықты талдау, аудиторияға өтімді форматтарды анықтау, жобаның тұжырымдамасын әзірлеу және оны телеарналарға ұсыну мәселесіне жіті тоқталды.

Ал шешендік өнер саласының сарапшысы Меруерт Жүнісбек «Шешендік өнер. Сөйлеу техникасы» уоркшобында қатысушылармен бірге практикалық тапсырмалар орындады. Спикер көпшілік алдында сенімді сөйлеп, аудиторияның назарын қалай аудару керегін айтты.

Семинардың алғашқы күнін медиаменеджер, журналист Әлия Текенова «Фактчекинг технологиялары: құралдар мен әдістер» атты уоркшобымен қорытындылады. Сарапшы шетелдік БАҚ-тардың жалған ақпаратпен күрес тәжірибесіне тоқталып, фактчектің негізгі 4 міндетін атады.

Ал семинардың екінші күні PR менеджер Айбар Олжаев «Дағдарыс жағдайларында ақпарат алудың заманауи әдістері» уоркшобында дағдарысқа дейін және кейін шешу керек мәселелер туралы айтып, мамандардың әрекеттерін мысалмен жіктеп көрсетті. Оның айтуынша, нарықта дағдарыс жағдайын басынан өткерген немесе дағдарыстың ішінде жүрген мамандар жоғары бағаланады.

ш

Семинардың соңғы уоркшобын подкастер Елдар Құдайберген өткізді. Ол жасанды интеллект технологияларын медиада қолдану жолдары туралы айтып, журналист жұмысын жеңілдетуге ЖИ-дің қандай көмегі бар екеніне тоқталды. Спикердің айтуынша, жасанды интеллектінің көмегімен спорт және қаржы саласына қатысты сандық деректер мен статистикаларды талдауға болады. 

«Қазақ тілі бұрынғыдай технологиядан алшақ тіл емес. Сондықтан жасанды интеллектіні қолданбасақ та, міндетті түрде меңгеруіміз керек. Бұрын журналистерден уақыт пен күш талап еткен жұмыстарды қазір заманауи құралдар оңай орындап бере салады», деді спикер.

Іс-шара соңында қатысушылар өзара сұрақ-жауап форматында тәжірибе алмасты. Оларға арнайы сертификаттар табысталды.

Айта кетсек, семинардың мақсаты - ақпаратпен жұмыс істеуде заманауи технологиялар мен инновацияларды тиімді пайдалану ерекшеліктерін үйрету арқылы журналистердің білігін арттыру.

Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы MAQSUT NARIKBAYEV UNIVERSITY-тімен бірлесе өткізді.

г